Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жұқа мұз – жасырын қауіп


24 декабря 2018, 17:38 | 1 144 просмотра



Желтоқсан – жылдың соңғы айы, аяз салдарынан бүкіл су айдындарында мұз қатқан уақыт. Бұл уақытта балалар мұз бетінде конькимен сырғанауға асығады, ал олардың ата-аналары мұз астынан балық аулауға жиналады.

Балық аулау кезіндегі төтенше жағдайлардың басты себебі – мұзда қауіпсіздік талаптарын сақтамау, жұқа мұздың үстімен көлікпен және жаяу өту.

Мәселен, үстіміздегі жылдың 20 желтоқсанда Алматы облысы Қаратал ауданы Қарақұм ауылы маңында балық аулау кезінде мұздың астына Ваз-2106 автокөлігімен 1964 жылы туған ер адам түсіп кеткен. Келесі күні таңертең Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы құтқарушыларының күшімен балықшыны іздеу басталды. Іздеуге барлығы төрт құтқарушы және үш полиция қызметкері жұмылдырылды. 23 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 12:00-де Балқаш көлінде балықшының денесі табылып, судан шығарылды. Оның қауіпсіздік ережелерін ескермеуі қайғылы жағдайға алып келді. Автокөліктің мұздың үстімен жүріп өту үшін, мұздың қауіпсіз қалындығы 30 см-нен кем болмауы керек, аталған оқиғада мұздың қалыңдығы 25-27 см болған, сонымен қатар көліктегі адамның құтқару жилеті болмаған.

Келеңсіз оқиғалардан сақтану үшін, мұзда абай болу керек, қарапайым, сонымен қатар міндетті кеңестерді қатаң орындау қажет:

- қауіпсіз мұздың қалыңдығы – бір адамға 10 см кем емес.

- өткелдерден өту үшін мұздың қалыңдығы – 15 см және жоғары.

- автокөлікпен өту үшін мұздың қалыңдығы – 30 см кем емес.

Өзендер сағасында және тарамдарында мұз осал болады. Судың ағынды жерлерінде, бұлақтарда және ағын суларда, суда өсетін өсімдіктердің, ағаштардың маңдарында, бұталардың, қамыстың жанында мұз осал болады;

Егер ауаның температурасы үш күннен артық уақыт бойы 0 градустан жоғары болса, онда мұздың төзімділігі 25%-ға төмендейді.

Мұздың беріктігін мынадан байқап білуге болады: көк түсті мұз берік болады, ақ түсті - беріктігі 2 есе төмен болады, күңгірт ақ немесе сарғыштау мұз - қауіпті.

Мұздың қалыңдығы 10 см-ге жеткенде ғана балық аулауға болады, егер де жаңбыр жауып, қысқа мерзімді жылымық кезеңі басталса, ондайда мұз қауіпті болуы мүмкін. Қар астындағы үлкен сызаттардан абай болу керек, бір-біріне жақын жерде бірнеше ойық жасауға кеңес бермейміз – ол мұзды осалдатады.

Суық суға түсіп кеткен жағдайда не істеу қажет:

  • үрейленбеңіз, қатты қозғалмаңыз, деміңізді сақтаңыз;
  • екі жаққа қолыңызды жайып мұз жиегінен ұстауға тырысыңыз, және денені көлденең ұстаңыз;
  • «Баттым»! деп көмекке шақырыңыз;
  • мұздың жиегіне абайлап төсіңізбен жатуға тырысыңыз, алдымен бір аяғыңызды, одан кейін екінші аяғыңызды мұз үстіне лақтырыңыз;
  • егер мұз шыдаса, домалаңыз, келген жағыңызға қарай еңбектеп жылжыңыз, себебі ол жердегі мұздың беріктігі тексерілген.

Зардап шеккенге дереу және абайлап көмектесу керек:

Егер де апат жағадан алыс емес жерде орын алса және зардап шегуші белсенді қозғалысқа кабілетті болса, оған арқан, шарф, ұзын таяқ, тақтай, басқыш және қолда бар құткару құралдарын беру керек.

Зардап шегушіні мұзды судан алып шыққаннан кейін, дереу жылыту қажет, жылы орынға жеткізіп, қажет болса «Жедел жәрдем» шақыру қажет.

Табиғат аясына шығуды мұқият жоспарлап, ойланып, егжей-тегжейлі ұйымдастыру керек. Ауа-райы болжамын, мұздың жағдайын  біліңіз. Жақсы ауа-райы қауіпсіздік кепілі бола алмайды. Апаттық жабдықтарды дайындаңыз (құтқару жилеті, жылы киім-кешек, жеңіл шатыр, қалқа, жадағай, жылытқыш, жанармай, ұйқы қап, полиэтилен). Балық аулау (жорық) кезінде және оған дейін ішімдік қабылдау қауіп дәрежесін арттырады, қимылды ақырындатады, қате шешімге, жағдайды жеңіл бағалауға әкеледі.

Азаматтар! Мұзда абай болыңыздар! Қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар және мұз қатқан су айдындарынан өту кезінде, мұз астынан балық аулау кезінде  кауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар!

 

Автор:
Г. Әбілқасымова, Алматы облысы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы.