Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Вопрос-ответ...


5 декабря 2018, 14:05 | 1 044 просмотра



Сұрақ: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін әскер қатарына шақырылған азаматтарды куәландыру тәртібі өзгере ме?

 

Жауап:ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының 16-бабы 3-тармағына сәйкес, медициналық куәландырумен жергілікті атқару органдары айналысады. Бұл жұмыс Қорғаныс министрлігі бекіткен Әскери міндеттілер мен әскерге шақыртылғандарды тіркеу тәртібі, Қарулы күштер қатарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу тәртібі сынды құжаттар негізінде жүргізіледі.

Оған қоса, Қорғаныс министрінің 2015 жылы 2 шілдедегі бұйрығы бойынша, бұл процедураға жергілікті жердердегі (облыстық маңызы бар қала, аудан, облыс орталығы, республикалық маңызы бар қала) медициналық шақырту комиссияларының дәрігерлері қатысады.

Емханада тексеру мәселесіне келер болсақ, белгілі бір азаматтың денсаулық жағдайы туралы нақты шешім қабылдай алмаса,медициналық комиссия дәрігерлері оны емханаға амбулаторлық немесе стационарлық тексеруге жібереді. Тексеру нәтижесі бойынша арнайы акт толтырылып, емхананың бас дәрігері, бөлім меңгерушісі мен тексеруден өткізген дәрігер қол қояды. Акт шақырту комиссиясының қарауына беріледі. Шақыртылған азаматтың әскерге жарамдылығы туралы ақырғы шешімді осы комиссия қабылдайды.

Осылайша, әскерге шақыртылған азаматтарды медициналық тексеру процедурасы Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқару органдарының құзырында. Әскер қатарына шақыртылғандарды медициналық куәландыру тегін жүргізіледі. Бұл тәртіп міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін де өзгермейді.

Автор:
Шынар Альжанова