Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ауылым – алтын бесігім


19 ноября 2018, 12:24 | 1 094 просмотра



Ақын ұлыңды киелі дала жатсынба,
Жазармын өлең қар басқан мұзарт ақ шыңға.
Самал жел ескен далама менің келгенде,
Жоғалтып алған рухыңды лезде таптың ба?

Оқысам өлең, Айғайтас әрмен жалғайды,
Шумақты үзбей әкетер іліп тау жайлы.
Шыңдағы сұлба зер салып егер қарасаң,
Бұрымы ұзын қазақ қызынан аумайды.

Қылықтым менің, шыңдарға биік еркеле
Келісті кескін жүректің қылын шерте ме?
Шағанның сылқым, сыңғырлап күлген сұлуы,
Өң беріп тұрсың киелі менің өлкеме.

Сарыойым сырды дәл сендей маған ашар кім?
Өлеңім барда сағынышымды басармын.
Зау биіктерде өлеңім қалқып тұрғанда,
Қам жеме дала, белдерден талай асармын!

Қызылбұлағым самалың жайлы, сұңғақсың,
Қырыңа сенің өлеңмен балаң үн қатсын.
Жүректен шыққан жырыма сені қоспасам,
Өтеді сені өмірде мынау жырлап кім?

Молалым менің, ашпаған әлі сырың бар,
Кеудеңде шерің, қабірде толы мұңың бар!
Тарихың талай ашпаған пенде беттерін,
Бүк түсіп жатыр, жасырып жүзін қырыңда әр.

Айтылды сенде балалық шақтың бар әні,
Таныдым сенде айырып ақ пен қараны.
Шыңынан таудың етекке қарай құлдилап,
Балалық шағым бөктерде шауып барады.
                                                          Бейсбаев Дәулет Халықұлы

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы, Көксу ауданы, Ақтекше ауылында «Ауылым – алтын бесігім» атты ән кеші өтті. Мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы көп. Осы ауылдың топырағына ауынап, көшелерінде алаңсыз доп қуған ауыл азаматтары асыға жетті. Шаған таудың етегіндегі аядай ауылда өсіп – өнген өнерлі қыз − жігіттер ауыл жұртына тамаша көңіл – күй сыйлады. «Әркімнің өз жері – жұмақ» демекші, кеш шымылдығын Жамаубаев Нұрлан, Әбдірасилов Саржан, Таубаев Мұхит, Бейсбаев Дәулет сынды ақындар ашты. Жүректен шыққан жыр шумақтарын оқып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Туған ауылға деген сағыныштарын өлеңмен жеткізді. Сондай – ақ, «туған жер» деп сахна төріне шыққан Оразбаев Шалқар, Абилов Ернар, Алинов Әділ, Спанова Жания, Алимбаланова Динара ауыл тұрғындарына әннен шашу шашты. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық өнерпаздарды қызу қолдап отырды. Алинов Әділ мен Оразбаев Шалқар кеш тізгінін өз қолдарына алып, ән мен әнші ретіне де бағдарлама өте тартымды, қызықты өтті. Сахнаға Көксу ауданының құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз Базилов Сайлау Бәзілұлы шақырылып, өтіп кеткен мың күннен келе жатқан бір күн артық демекші, ел алдына шыққан ағамыз халыққа ақ тілеген білдіріп, ауылдан шыққан ел азаматтарына алғысы шексіз екенін айтып, өткен тарихқа тоқтала сөз сөйледі. Мәдениет үйіне жиналған халыққа өнерпаздарды таныстырып, дәл осындай рухани шаралардың биыл ғана емес, келесі жылы да жалғасын табатындығын жеткізді. Сөзден соң осы ауылдың перзенті Ақмулдинов Хабибулла Әлмолдаұлы өзінің қызы Исланамен тамаша ән шырқады. Әкесі мен қызының арасындағы мөлдір махаббатты осы бір ән сол мөлдір қалпында әр жүрекке жеткізді десек, артық айтқанымыз емес. Шара барысында ауыл тұрғындары «қарт адам», «көп балалы отбасы», «ардагер ұстаз», «еңбек ері», «ата есімін асқақтатқан», «ауылдан шыққан спортшы», «өнегелі ұрпақ» секілді номинациялар бойынша марапатталды. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Әбілбаев Рауан Бауыржанұлы, Қ. Байсейтов атындағы саз колледжінің білімгері Дінисламов Дастан, Халықаралық конкурстардың жүлдегері Арман Нұсқабаев сынды өнерпаз ағамыз таудың етегін әнмен тербетті. Бұл әнді де көпшілік ұйып тыңдады. Халықтың көңілінен шыққан рухани кеш одан әрі қарай Құрманғазы атындағы дәстүрлі орындаушылардың Республикалық байқауының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы, күйші, композитор Бақберген Асқарбековтың әндерімен жалғасты.
Кеш соңында осы шараның өтуіне мұрындық болған Жұмабаев Азамат Әлмақынұлы дәл осындар игі істер келесі жылы да жалғасын табатындығын және аталған шара өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отансүйгіштікке баулуға негізделгендігін тағы бір мәрте жеткізді. Өнерді ерекше бағалайтын ауыл тұрғындары естелікке суретке түсті. Тамаша кешке куә болып, жадырап тарқасты.

Автор:
Оразбаев Шалқар