Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Енді балаларды емханаға онлайн режимде тіркеуге болады


30 октября 2018, 15:16 | 1 184 просмотра



Электронды үкімет порталы мен egov.kzTelegram-ботында балаларды емханаға тіркеу қызметі іске қосылды.Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарламаны әзірлеген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, бұдан былай балаларды медицина ұйымына тіркеу үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Енді балаларды емханаға бармай-ақ тіркеуге болады. Ол үшін egov.kz порталына тіркелсеңіз және электронды цифрлық қолтаңба болса жеткілікті.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл қызмет 2007 жылға дейін туған балаларға көрсетілмейді. Қызметті пайдалану үшін алдымен порталдағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіреміз. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін таңдап, балаға қызмет көрсету опциясын басамыз.

Содан соң жүйе баланың ЖСН енгізуді сұрайды. ЖСН бойынша баланың туыстық байланыстарын нақтылау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолдайды. Бұл көп уақыт алмайды. Процесс аяқталғаннан кейін сіз онлайн-өтінімге тұратын аймағы, медицина ұйымы, тіркеу себебі, учаскелік дәрігер деген сынды т.б. мәліметтерді толтыруға мүмкіндік аласыз. 

Көрсетілген қызмет нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. Қызметті көрсету мерзімі – бір жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Аталған қызметті Telegram Bot арқылы алу үшін https://t.me/EgovKzBot сілтемесін пайдалануға болады. Содан соң «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркеу» қызметін басып, чаттағы тиісті батырмаларды басу қажет. Қызметті бот арқылы алу үшін оған жазылу қажет. Ол үшін чаттағы «Start» батырмасын басып, ұялы телефон нөмірін пайдалануға рұқсат етесіз.

Естеріңізге сала кетсек, тіркеу науқанының алғашқы айында Алматының 16 мыңға жуық тұрғыны емхана таңдау құқығын пайдаланған. Жыл сайынғы дәстүрлі кампания 15 қарашада аяқталады.

Автор:
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі