Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматыда медициналық сақтандыру мәселелері бойынша қабылдау бөлімі ашылды


8 августа 2018, 12:23 | 1 124 просмотра



Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы сақтандыру мәселелері жөнінде кеңес беретін қабылдау бөлімін ашты. Бұл туралы қордың Алматы филиалынан хабарлады.

Филиалдың Ақпараттандыру бөлімі басшысы Әйгерім Сүйінбаеваның айтуынша, қабылдау бөлімі азаматтарды аптасына бір рет қабылдайды.

«Біз бұл жұмысты қала әкімдігінің қабылдау бөлімімен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Біздің қызметкеріміз тұрғындарды әр бейсенбі сайын сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін қабылдайды. Азаматтар Open Almaty алаңына келіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады», - деді Ә.Сүйінбаева.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, қабылдау бөлімін ашу туралы шешім жұртшылық тарапынан түсіп жатқан ұсыныстардың көптігіне байланысты қабылданған көрінеді.

«Мәселен, адамдар Медициналық сақтандыру қорына белгілі бір себептермен артық төленген немесе қателесіп жіберген қаржыны қалай қайтару керектігін білмейді. Білместікпен сақтандыру төлемдерін қазірден бастап төлеп жатқан адамдар бар. Олар да аударған жарнасының тағдыры жайлы білгісі келеді», - деді ол.

Сондай-ақ, бұл жерден кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтер жайлы, жеке меншік клиникаларға тіркелу, тегін қаралу мәселелері туралы толық мәлімет алуға болады.

 

Автор:
Шынар Әлжанова, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ баспасөз қызметі