Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІГЕРДЕ АЛАЛАУ БОЛМАУҒА ТИІС


17 сентября 2009, 20:21 | 5 446 просмотров


– Осы күні ақ желеңді абзал жандардың бәрі сіз секілді ойламайды. Ел барда мен аштан өліп, көштен қалмаймын деудің орнына, кейбір пенделер құлқынының құлы болып кеткенін жасыра алмасақ керек. Ол сіз айтқан намыстың бетіне шіркеу болып қонып жүр. Ақ халатты абзал жандар деп әспеттейтін мұндай ергежейлілер кез келген емдеу мекемелерінде бар. Олардың кейбіреулері өз бетпердесіне көлеңке түсіріп, жұрт алдында абыройсыздыққа тап бола бастады.

– Бұл мәселеге біз орталықта қатал қараймыз. Барлық жағдай қарастырылған. Айлық ағайыншылдыққа емес, еңбекке төленеді. Қия басқандар көзге түскен сүйелдің күйін кешеді, жұмыстан шығады. Асқынған “дертке” ұрынғандар жазасын тартады. Қазір еліміздегі барлық медициналық мекемелерге ақша бөлініп жатыр. Әрине, көп болмауы мүмкін. Бірақ қажетке жететін болуы керек.

Мен осы ақша дәмету деген пәлекетті естігенде бұл қалай, қу жанына шипа іздегеннен тиын сұрау неткен арсыздық, азды-көпті айлық алып отыр ғой, ондай жат істі болдырмаймыз деп мекемеге бастық болғандар, басқалар қайда қарап отыр деген ойға келіп, ішім күйетіні бар. Осындай пәлекет қайдан келді, себебі қайсы, салдары не болады – тереңнен ойластыруы керек секілді. Бұған итермелеп отырған саясат па, экономикалық жағдай ма, оны да анықтау керек. Мысалы, ана бір жылдары ақ халатты абзал жандардың бір шоғыры базар жағалап кетті. Олардың көбі байыды да. Сол кезде дәрігерлік жұмыста қалғандар күнкөріс деп жүріп, құлқын қууды әдетке айналдырып, енді соны тыя алмай жүр ме, қайдам. Менің жасымда өтірік айтуға болмайды. Мен пәлекет деп атап кеткен пәле расында жоқ емес, бар. Қарсымын. Оны болдырмау менің қолымнан келмейді. Мүмкін мықты бір мемлекеттік саясат керек шығар. Біз діннен ерте кеттік. Енді оны қалпына келтіреміз деп жатырмыз. Өткеннің идеологиясын санамыздан қуып шығып, капитализмнің талаптарына, яғни ақша табу жолына бейімделе бастадық. Біз өстіп жүріп пірсіз қалып қоймаймыз ба? Пірсіздің мағынасы көп. Қазір “ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда” дейтін бір сұмдық етек алып барады. Бұл менің топшылауымша, аурудан да жаман дерт. Біздің ақ халаттылар арасында ондай дерт жоқ емес, кездеседі. Алмаса тұра алмайды, бермесең өліп бара жатсаң да жөндеп қарамайды, деген сұрықсыз әңгімелер беделімізді түсіріп келеді. Мен адам тағдырымен “ойнағандарға” бір қатаң шара керек деп білемін.

– Атап айтқанда?

– Мемлекеттік дәрежеде бір тәртіп енгізу керек. Бұған қоса халықтың, әсіресе, мемлекеттің иесі саналатын ұлттың сана-сезімін, Отан атына кір келтірмейтін адамгершілігін ояту керек. Адамның адамгершілігі ақшамен өлшенбейтінін, оны ақша беріп сатып алуға болмайтынын, адамға жақсылық жасау әр адамның, әсіресе, менің әріптестерімнің бірінші кезектегі азаматтық парызы, мойнындағы бесбатпан қарызы екенін ұғындыру қажет. Болмаған жағдайда, арамыздан аластауға тиістіміз.

Ұлт, ел қадірін мен секілді сыртта көп жүргендер жақсы біледі. Қолда барда алтынның қадірі қашан болған. Шығандап сыртқа шығып кеткенде, қақты-соқты көріп, екі көзің төрт, кеудең дерт болып жүргенде бәрін түсінесің. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын дейсің. Қазір бір ыңғайсыз пікір орнығып қалыпты. Ол – медицинада бәрін ақша шешеді деген теріс байлам. Сонда біз мемлекет бөліп жатқан квотаны қайда қоямыз? Иә, ақылы қызмет бар. Бірақ, ақылы екен деп ақшасы жоқтарды емдемеуіміз керек пе? Жоқ. Біз кімге де болса алғашқы көмекті адал көрсетуіміз қажет. “Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын” деп Абай айтқандай, тарыққан, өзегі талып жатқан жандарға қолұшымызды созбасақ, надан болмағанда кім боламыз.

Егер өмір болып жатса, орталық толыққанды жұмыс істесе, көп балалы отбасыларына, жетім-жесірлерге арнайы палата бөліп, тегін қызмет көрсетуді жоспарлап отырмын. Өйткені, дәрігерлік қызметте алалау болмауы тиіс.

– Журналистердің әңгіме соңында қоятын бір дәстүрлі сұрағы бар. Ол – осы уақытқа дейін қанша ауруға операция жасадыңыз, қанша шәкірт дайындадыңыз дегенге саяды. Сейітхан Жошыбайұлы, сізге де осындай сұрақ қойсақ не деп жауап қайтарған болар едіңіз?

– Дәрігерлік жұмыстың қызығы да, қиындығы да көп. Күні-түні жүретін кездер болады. Бүкіл өмірін сенің қолыңа тапсырған адамның ауруына шипа жасап, ол дарып қатарға қосылса, біз үшін одан артық бақ та, бақыт та жоқ. Ондай сәтте еркін тыныс алып, еңбектің жанғаны осы шығар дейміз. Адамға өмір сыйлау бақытынан артық не бар. Мен 3 мыңнан аса адамның жүрек-қан тамырына операция жасадым. Құдайға шүкір, қазақ, қырғыз елдерінде жұрттың алғысын алып жүрген шәкірттерім баршылық. Мен оларға жас деп қарамаймын. Әріптес, ақылдас деп жоғары көтеріп жүремін. Олардың әрбір сәтті жұмысына қуанып, өздерімен бірге шаттанамын. Себебі, мақсатымыз, міндетіміз ортақ. Жоғарыда айттым, Астанаға барып жастардың алдынан шықпаймын деп. Сол сөзім сөз. Елордадағы шәкірттерім, өзге де мамандар алдымды қиып өтпейді. Бара қалсам, ақыл-кеңестерін сұрап, ұстаз бен шәкірт арасындағы алтын арқауды сабақтап әңгіме-дүкен құрамыз. Ғылымдағы жетістіктерді талдап-талқылаймыз. Білім білігімен есіктен кірсе төрге оза алатын, айтқаныңды іліп әкететін, жетер жеріне дұрыс жеткізетін жастар болашақта бізден де мықты болып шығатынына, жүрек-қан тамыр ауруларын емдеуге молынан үлес қосатынына иманым кәміл. Алаштың айбынын асырған ұлы ақын Мағжан Жұмабаев: “Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін”, деген екен. Мен де осы тілектемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ ("Егемен Қазқстан" газеті)