Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Аллергиядан аман болыңыз!


4 июля 2010, 15:10 | 5 758 просмотров



Жаз - аллергияның күшейетін кезеңі екені белгілі. Әдетте ол мұрын, тамақ ауруларының асқынуына әкеледі. Бұл орайда халық арасында кең тараған мұрын, құлақ, тамақ аурулары жайында халыққа енбегі сіңген дәрігер, жоғары дәрежелі оториноларинголог Өткелбаев Берген мырза былай әңгімелейді. Өз денсаулығына бей-жай қарамайтын халық үшін дәрігердің өзіндік айтар кеңесі бар.

- Медицинаның Лор саласы елімізде қаншалықты дамыған? Құлақ, тамақ, мұрын сырқаттарына шағымданатындар қатары көп пе?

- Тамақ, құлақ, мұрын ауруларына шағымданушылардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаятын емес. Көп ауруханаларда, әсіресе, аудандық, ауылдық жерлерде осы сала мамандары жетіспейді. Жалпы, ЛОР саласы бойынша елімізде халыққа медициналық қызмет көрсету денгейі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Оған мысал - мен қызмет ететін Әуезов ауданына қарасты №6 қалалық емхана. Бас дәрігер Г.Б.Мұхамеджанова басқаратын бұл емханада науқастарға қызмет көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған, ауруларға қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Бізде қазіргі кезде ЛОР ауруларына барлық ем түрлерін көрсетуге толық мүмкіндік бар десек қателеспейміз.

- Жаз айларында жиі кездесетін ЛОР аурулары туралы айтсаңыз...

- Жаз айларында (шілде, тамыз және қыркүйек айының ортасына дейін) тамақ, құлақ, мұрын ауруларының ішінде жиі кездесетін, адамдарды әбден шаршататын сырқат түрі - аллергиялық ренит боп табылады. Оған себеп - осы кезде әртүрлі гүлдер мен шөптердің гүлдеп, өсімдіктердің шаң тозаңы ауаға желмен бірге ұшады. Мұны маусымдық аллергия (поллиноз) деп атайды. Бұл аурудың белгілері - мұрынмен демалу қиындайды, мұрыннан су ағады, науқас жиі түшкіреді, көзі қызарады, мұрыны мен тамағы қышиды. Аллергиялық ренитті дер кезінде дәрігерге көрінген жағдайда, емдеуге әбден болады. Бірақ аурулардың көпшілігі уақытында дәрігерге көрінбей, өз бетінше емделуді жөн санайды да, дәріханадан мұрынды тек бір-екі сағатқа ашатын дәрілерді пайдаланып, кейде айлап, тіпті жылдап осы дәрілерді тамызумен әуре болады да, соған үйреніп қалады. Сөйтіп, дәріні тамызбаса, тұра алмайтын күйге жетеді. Бұл дәрілерді көп жыл тамыза берсе, мұрын полипінің пайда болуына алып келеді. Ал оны тек операциялық жолмен ғана емдеуге болады. Аллергияның екінші бір түрі - жыл бойы жалғасатын аллергия. Ол мұрын жарақатынан, мұрын қалқанының қисаюынан туындайтын түрі. Мұндай кезде де мұрынмен дем алу қиындап, аузы құрғап, ми қабаты дұрыс дем алмайды, ауру барлық уақытта шаршаңқы күйде жүреді. Оның жалғыз емі - қисайған қалқанды операциялық жолмен емдеу ғана. Тамақ, құлақ ауруларының ішінде тағы да жиі кездесетін екі ауру бар. Олар - баспа - тамақ безінің қабынуы және балаларда 3-5, 10 жас аралығында кездесетін тамақ және мұрын аденоиды. Халықтың арасында, тіпті дәрігерлердің арасында да осы аталған ауруларды емдеу туралы қарама-қайшылыққа толы пікірлер бар. Біздің көпжылдық тәжірибеміз көрсеткендей, тамақ безі - адам ағзасының иммунитетін көтеруде маңызды рөл атқарады. Сондықтан тамақ жиі ауырмаса, оны операциялық жолмен емдетудің қажеті шамалы. Егер тамақ бездері жылына бес-алты рет ауырса және әр ауырған сайын ол ауыр түрде өтсе, яғни созылмалы тонзиллит түріне өтіп, өз қызметін атқармаса, жүрекке, бүйрекке шабу қаупі болса, кардиолог дәрігермен ақылдасып, асықпай шешім қабылдап, оны операциялық жолмен алып тастаған жөн. Ал мұрын аденоидына келсек, ол ІІ-ІІІ дәрежеде болса, бала түнде аузын ашып қорылдап ұйықтаса, мұрынмен дем алу қиындаса, баланың бет сүйегі өзгеріп, құлақтың есту қабілеті төмендей бастаса, оны да операциялық жолмен алып тастау керек.

- Халықтың арасында кеңінен таралған гайморит ауруына тоқталсаңыз...

- Гайморит - мұрынның екі жағында орналасқан гаймор қуысының қабынуы. Бұл ауру, әсіресе, күз-қыс айларында тұмаудың асқынуынан дамиды. Оның белгілері - бас ауырады, мұрынмен дем алу қиындап, одан қою сұйықтық ағады, қысқаша айтқанда, ауру асқынып кетіп, дене қызуы жоғарыласа, онда гаймор қуысын рентгенге түсіріп, «пункция» жасату керек. Егер сырқаттың жағдайы жақсы болып, жоғарыдағы ауру белгілері болмаса, онда гаймор қуысын инемен теспей, қарапайым жолмен (аппаратпен) жуып, дәрі жіберіп емдесе, ол жазылып кетеді. Бұл әдіс «кукушка» деп аталады. Сонымен қатар физиотерапевтикалық ем қабылдаса, ауру тез айығып кетеді.

Автор:
Әңгімелескен Ақлима МҰСТАФИНА.