Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Әр жәдігері бір тарих


20 апреля 2018, 10:52 | 1 064 просмотра



Талдықорған қаласының Глинка көшесіндегі нөмірі 32 үйдің былай қарағанда өзге үйлерден еш айырмашылығы жоқ. Еңселі, елдің бәрі «модаға» айналдырған темір қоршауы, қақпасы бар. Бірақ, өзге әлем сол қақпаның ашылуынан басталады. Көзге бірден жазғы ас үйдің қабырғасына қағылған таутеке, бұғы мүйізі, бөдене тұлыбы т. б. жәдігерлер түседі. Әр келген қонағын құшақ жая қарсы алатын жайдарлы жүзді үй иесі Қасенов Марат Жанахметұлы біздің алдымыздан да күлімдей шығып, жол бастады. Қиыннан емес қиқымнан қиыстыра құраған әдемі құрақ төсеніштерді былғаныш аяқ киіммен басуға қимасақ та, табалдырықпен жәйлап көтерілдік.

Үйге енгенімізде ең алдымен көзімізге патефондар түсті. Қызығып қарадық. Ағамыз оның құлағын бұрап қалғанда үстіндегі күйтабақ ойнап қоя берді.

— Мынау 1935 жылғы, мынау 1960 жылы Латвиядан шыққан патефон. Жертөледе 1927,1930 жылғылары сақталған. Бәрі де жұмыс істейді. Бәз қалпында,-деп, жол нұсқады. Ағаның артынан жертөлеге түстік.Түстік дейміз-ау, тарих қойнауына қойып кеттік. Паһ,шіркін! Үш бөлмелі мұражайдың бірден түпкі бөлмесіне еніп келеміз. Сөрелер толы кітап. Марат аға таныстыруды жалғастырды:

— Осында мыңнан артық кітап бар. Ал, мынау өзіміздің  қазақтың тұтынған бұйымдары, келесісі 50-ші, 60-шы  жылдары қолданыста болған тұрмыстық заттар. Ісмерлердің қолынан шыққан қысқа терезе перделер, кестеленген шілтерлі қолөнер бұйымдары ,арасында, жолдасымның құраған көрпелері де тұр. Құнды жәдігерлерді өзімнің туған жерім Шығыс Қазақстаннан,Зайсаннан, Қатон, Тарбағатай өңірінен,тіптен Алтай өлкесінен де жинастырдым. Мына бұрыш Ілияс Жансүгіровке арналған. Менің жарым- Ұлтуған Тілеубайқызы да ақынның жерлесі. Ақсу ауданының Ойтоған ауылынан. Жыр дүлдүлінің үлкен портреті,мүсіні қойылған.Әрі қарай тұрған заттарға келсек,фильмоскоп, диаскоптар. Кеңестер Одағы кезінде  алаңға шеруге шыққанда «1 мамыр», «Еңбек күні жасасын!» деген жазуы  бар осындай кішкене қызыл түсті жалаушаларды ұстап жүретін едік. Сөредегі ыдыстарда Пушкиннің балалық шағы өткен өлкенің суреттері бейнеленген.

Мен, Сібірде староверлардың арасында біраз тұрдым.Солтүстік Кавказда болып, әзірбайжан, адыгей халқымен араластым. Ол жақтан да біраз мұраны елге жеткіздім,-деді.

Марат  ағаның тарихи жәдігерлерді жинап-теріп халқыма ұсынсам деген құштарлығы 60-шы жылдары мектептің 4-ші сыныбында оқып жүргенде басталыпты. Өзі қатарлы балалар сияқты, алдымен түрлі жапсырма қағаздарды (этикеткаларды), маркаларды жинапты. Сыныптастары да осылай әуестенсе керек. Қыздар жағы әнші, әртістердің бейнесін, конфет қағаздарын (фантиктарды) жинаса, ұлдар жағы жапсырма қағаздарды, маркаларды, одан соң төсбелгілерді жинапты. Бірақ, өміріне арқау етіп жалғастырғандары аз,- дейді аға.

Марат Жанахметұлының мұражайындағы әр заттың өзіндік тарихы бар. Алпыс жылғы жуық тірнектеп жинаған мол мұралар сақталған бөлмелерді аралай жүріп,  еріксіз ойға берілесің. Көздің жауын алар қыш құмыралар, қол диірмені, күбі, сабалаларды, торсық, (самаурын,шәйнектердің небір түрлері, Кеңес кезінде тұтынып, бүгінде тарихи жәдігерлерге айналған бұйымдардың өзі бір төбе) үтіктердің көптеген түрі ,арасында 1954 жылы шыққан 9 кг үтік бар. Фотоаппараттардың бірқатар түрлері сақталған. Қолына «ФЭД» фотоаппаратын алған аға, шығу тарихы жайлы әңгімелей жөнелді.

— Мынау жәй ғана «ФЭД» фотоаппараты. Орыс педагогы  Антон Семенович Макаренко Харьковтағы Ф.Э.Дзержинский атындағы колонияда қызмет етіп жүрген кезеңде  ондағы балалар халық тұтынатын ұсақ-түйек шығарумен айналысатын. Солар туралы жазу үшін келген неміс тілшісінің «Лайк» фотоаппаратына көздері түскен жастар оны ұрлап, дереу сол жердегі инженерлер бұзып жіберіп, сызбасын қағаз бетіне түсіріп алады. Біраз уақыттан кейін қайта қалпына келтіріп, тілшіге «Сіз, мына фотоаппаратыңызды жоғалтып алыпсыз ғой» деп қайтарып береді. Содан бері «ФЭД» (Феликс Эдмундович Дзержинский) фотоаппараттары шығарыла бастайды. Мына фотоаппараттағы қолтаңбада А.С Макаренконың аты-жөні мен жылы да көрсетілген. Колония нөмірі де жазылған. Мұны маған осы қаламыздан бір әжей сыйлады. Әкесі соғыстан қайтқанда ала келген екен. Анау тұрған «Арифмометр» 1700 жылғы. Есепшілер қолданған. Қазіргі калькулятордың атасы. 4 амалды (алу, қосу, көбейту, бөлу) қолдану арқылы есеп шығаруға болады. Мынау-безмен (өлшеуіш құрал). 1811 жылы шыққан. Ілгегін алдыңғы тетікке қойсаң 1-50 кг, екінші тетікке жылжытсаң -2-250 кг дейінгі салмақты өлшеуге болады. «Зингер» тігін машиналарын қараңыздаршы.

Алғашқысы 1845 жылы шығыпты. Қасындағысы-1853 жылы шыққан жіп орайтын қайықтары екі бөлек жүреді.Басқалары кейінгі жылдары жарық көрген. Аяқ киім тігетін қол машинкаға назар аударыңыз.Тамақ пісіруде қолданған «Керосинка», «Примус», ТүркСіб теміржолы алғаш салынғанда жұмысшылар пайдаланған шам, ішіндегі лампасы әлі де қызмет етеді. Жанында тұрғаны славян халықтары қолданған жіп иіруге арналған  аяқ ұршықтары. Граф, князьдар тұтынған кофеұнтағыштар, ыдыстар. Ал, енді мынау Туладан шыққан ағайынды Багашовтардың самаурыны. 1827 жылғы,13 медалі бар. Оның бәрі самаурын бүйірінен көрініп тұр. Англия, Брюссель,Франция т.б мемлекеттерде өткен көрмелерге қойылып, сол жерден көпшілік ықыласына ие болғандықтан осындай медальдар берген екен. Қасындағы тізіліп тұрғандары содан бері шығарылған самаурындар. Арасында 1930 жылғысы да бар.

Әрі қарай сөзін сабақтаған Марат аға бізді шәугімдердің жанына шақырды. ХVIII ғасырдағы Кутузов әскерлері жорыққа шыққанда қапталына байлап алып жүретін жез шәйнек. Жанында ХIV ғасырдағы алюмин шәйнек, «Сухов» шәйнегі т. б. Үш аяқты мосы. Оны бұрынғы ата-бабаларымыз түйеге артып, кез-келген жерге аялдағанда жерге қадай салып, шәйін қайнатып (Ағаның  айтуынша. Авт.) ішкен екен. Ұлттық валюталар ,Қазақстанның облыс орталықтары бейнеленген теңгелер. Көптеген атақты адамдардың портреттері, электрофондар т.б бұйымдар көздің жауын алады. Соғыс жылдарында КСРО (СССР) одақтасы болып, Англиядан «Британский союзник» деп аталатын орыс тілді газет шыққаны белгілі. Осы мұражайда сол газеттің 1944-1945-1946 жылғы тігіндісі сақталыпты.

Жоғарыда ағай  көрсетуге уәде берген патефонның қасына келдік 1927 жылғы, күйтабақты салып, ойнатқанда әдемі дауысы бар әншінің сызылта салған әні жүректі баурай жөнелді. 300  күйтабақ сақталыпты. Тағы бір таңқалдырғаны-қазақ байларының сусын құйып, сақтауға арналған күміс құтысы болды. Сыртында екі ақсақалдың әңгімелесіп отырған мыстан ойып жасалған бейнесі бейнеленген. Қақпағы бұралып жабылып-ашылады. Былғары саптама етіктің қонышына тыға салғанға ыңғайлы, бір қабырғасы сәл ойыңқы болып келген төрт бұрышты құты. Қыста жылы, жазда салқын. Шетелдіктердің виски (ол да мұражайда сақтаулы. Авт) құюға арнап  шығаратын құтылары осы біздің аталарымыздың бұйымдарына ұқсатып жасаған дүниесі екеніне еш шүбә жоқ. Қасында ертоқымдардың, ат әбзелдерінің бірсыпырасы тұр. Саптыаяқ, тоқпақты көрдік. Тоқпақты ағаға 80-ге таяған әжей сыйлапты. Бұл шешесінің көзі екен. Көшпенді қазақ осындай тоқпақты долана ағашынан жасап алады екен де  балға, балта орнына пайдаланыпты. Тезек, қи тұрмақ, сексеуілдің өзін ұсақтап тастайды.

АҚШ пен Қазақстан туы бейнеленген шағын табыт макеті жайлы айтқан аға, бұл бұйым 1989 жылы екі ел бірлесіп Сарыөзек кентінде орналасқан әскери ракеталарды жою туралы келісімшартқа қол қойып, оны іске асырғанда шығарылған санаулы ғана сыйлықтың бірі. Табыт макетінің ішінде ракетаның ақырғы жарықшағы бар,-деп көрсетті.

«Талдықорған бұрышында» бұрынғы облыстың 1819 жылдан бастап 1980 жылға дейінгі жылнамасы сақталыпты. Онда осы жылдар ішінде қандай ғимараттар, қай жылдары салынғаны туралы жазылса, 1974 жылы шыққан Талдықорған қаласының кілті де сыйлық реінде үстел үстінен орын алыпты. 52 мемлекеттің тиындары мен патша заманындағы ақшалар тізіліп қойылған.

— Мұндағы кез-келген зат оңай келген жоқ. Бірін іздеп жүріп ақшаға сатып алсам, бірін темір-терсек өткізетін қоймаларды күні-түні күзетіп жүріп қолға түсірдім. Орнына темір апарып беретінмін. Қаншасы Қытайға кетті. Оны ойласам ішім ашиды. Алғаш тауып алған заттарымды үйге әкелгенде қолға ұстауға жиіркенесің. Себебі, бірі шоланда,бірі қоқыстың арасында қалған. Сырттары кір-кір, батпақ. Істен шыққан. Оның бәрін кемпірім екеуміз тазалап, жөндеп, осы жағдайға жеткіздік. Семей, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматыға барып, жинадым. Біздің ұялы телефондарымыздың өзі қазіргі күнде тарихқа айналып барады. Міне «Айфон-1»т.б. Ертең бұл да тарихқа айналады.

Кеңестер Одағы кезінде тұтынған ойыншықтар, сыйлықтар, ыдыстар мен тұрмыстық заттардың көптеген түрі сөрелерге қойылған. Хохламадан шыққан ағаш ыдыстарды ыстық тамақ құйып, қолдануға  болады. Өрнектері шөп тұнбасынан әзірленген бояулармен салынған. Тарихты жоққа шығаруға болмайды. Бұл бұйымдарды өзіміз де тұтынғанбыз.

Марат аға «Из историй государства Россииского» деп жазылған  Краснодар қаласынан  шыққан 1989 жылғы төрт бұрышты шоколад қорапшасындай қорапты ашты. Іші сіріңкелерге толы. Айырмашылығы бетіндегі жапсырмаларда Ресей мемлекетін басқарған патшалардың суреттері бейнеленіп, жылдары көрсетілген. Бұл да тарихты жалпыға жеткізудің тиімді жолы екені сөзсіз.

Музыка аспаптары бір бөлмеге орналастырылған. Бас домбырадан бастап, шіңкілдек домбыра, үш ішекті домбыралар, сырнайлар, қобыздар, орыс халқының балалайка, мандалиндері, сағаттардың небір түрлері бар. Музей қызметкерлері көне заттарын ұсынған адамдардың бірқатарын ағаның мекенжайын көрсетіп, жол сілтеп жібереді екен. Сол кісіге апарсаңыз сатып алады деп. «Кейін музей қызметкерлері сол заттарды уақытша көрмеге қоюға сұрап алады .Мен осыларды өз ақшама сатып аламын, музейлерге мемлекет ақша бөлмей ме сонда?»,-деп жымияды аға.

Көне дәуір ескерткіштеріндей таңбалардың бедері сол заманнан сыр шертері анық. Ағаның қолында сақталған алтын, күміс, мыс, мыс пен қыш араласып жасалған тиындардың теңдесі жоқ екені даусыз. 330-370 жылдары Константинополь қаласы Осман империясы басып алғанға дейін  Рим империясының қарамағында болып, оны Константин-1, Константин-2 басқарғаны белгілі. Сол кездегі тиындарға билеушілер өз бейнелерін бастырып шығарған екен. Сол тиындар тарихтың тәбәрігіндей сақталыпты.

Одан өзге  Сарайшық, Сайран қалаларында ІХ-Х ғасырларда басылған қазақтың ақшалары,дирхамдары, Қытайдың Х-ХІІ ғасырдағы ортасы төрт бұрышты тиындары, Екатерина, Елизавета,Петр- 1 патшалар мен князь Меншиковтың ақшалары мен тиындары, 1600-1700 жылғы күміс теңгелер бар. Мұсылман дінін қабылдауға дейінгі ежелгі араб тиындары, мифологиялық Грифон мүсінді  күміс сырғалар, тас дәуіріндегі тайпалардың қолданған заттары т.б жәдігерлердің саны мыңдап саналады.

— Мен осы шағын мұражай арқылы халықтар достығын бекемдеп, ұрпағымыздың рухани бай болуына ат салысқым келді. Мұратыма жеттім. Мұражайыма өз елімізден, әр мемлекеттен де келетіндер көп. Мына тізілген самаурындардың бір-екеуіне шәйді қайнатып қойып, әңгімелесуді ұнатамын,-дейді. Қазақ,орыс тілінде майын тамыза сөйлейтін ағаның жан дүниесі бай, кез-келген  бұйымының тарихын кешегісі мен бүгінін байланыстыра әңгімелеуге жалықпайды. Әр затын тізімдеп, қағаз бетіне түсіріп қойған. Тіптен, қандай затты кімнен, қандай жағдайда алғаны да жазылған.

«Ел іші-өнер кеніші» демекші,көптеген халықтардың өнерінің үлгілерін іздеп тауып, белгілі,белгісіз шеберлердің көз майын тауыса жасаған дүниелерін көздің қарашығындай сақтап,өмірінің арқауына айналдырған ағаның еңбегіне таңдандық,тамсандық.Талдықорған сынды әсем қаламызда тұратынына қуандық. Жәдігерлердің бірі-ұлтымыздың ұлылығын паш етсе, енді бірі патша замандарынан сыр шертеді. Әйтеуір, бір зат-бір әлем,бір тарих. Осынау мол мұраны әсіресе жас ұрпаққа таныту-оның көп арманының бірі.

— Әкем Жанахмет пен ағасы Баяхмет Қасеновтар  Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар. Баяхмет ағаны 1940 жылы соғыс басталмай тұрып әскерге алыныпты. 1945 жылға дейін соғысты. «Қызыл жұлдыз» орденінің екі мәрте иегері, «Отан соғысы үшін, «Ерлігі үшін», Будапешті, Праганы, Берлинді азат еткені үшін алған медальдары бар. Омырауы толған орден,медаль еді. Иранда да болды. Ал, өз әкем Жанахмет соғысқа 1942 жылы алынып, 1944 жылы қатты жараланып, елге бір аяқсыз оралды. Ауылға келген соң колхозда есепші қызметін атқарды. Ертелеп, әкеммен бірге МТС-ке барамын. Сондағы тракторларын от алдырып жүрген, үсті-бастары май-май кісілер тракторларын «дарр» еткізіп от алдырғанда, кірерге тесік таба алмай қатты қорқатын едім. Іштей мыналар ештеңеден қорықпайтын батырлар ғой деп,ұқсауға тырыстым. 8 сыныпты бітіре салысымен тракторшы боламын деп шешіп, трактор рөліне отырдым. Колхоз, совхоздарда жер жырттық, егін ектік. Бертін келе мамандығымды ауыстырып, «күрделі тұрмыстық техникалардың механигі» мамандығына оқып алдым. Мұздатқыш,кір жуатын машина,электр ұстаралар,сағаттарды жөндейтін болдым. Көбінесе адамдардың жаратпай тастаған бұйымдарын үйге әкеліп, жөндеп екінші рет пайдаға асырамын.

Зейнеткерлікке шыққан соң жолдасым екеуміз гүл, құс өсірумен,мұражайды толықтырумен айналысуды жандандырдық. Былтыр,желтоқсан айының 26 күні жаңбыр жауып тұрғанда үйге үсті малмандай су болған бір ақсақал келді. Қолында  пакеті бар. Оның ішінде 1 видеомагнитафон,үнтаспа бар екен. Алдында ел көрсін, балалар қызықтасын деп,мұражай туралы газетке хабарландыру берген болатынмын. Мына кісі соны оқып, түнделетіп келген екен. Өзін- Есжан Әмірбек деп таныстырды. Мұражайды тамашалап,пікірін қалдырды. Осындай пікірлер арнайы кітапта көп жазылған. Германиядан, Ресейден,Кореядан, еліміздің өзге облыстарынан келгендер адамдар қалдырған лебіздер. Алдағы уақытта мұражай қорын әлі де толықтырсам деген арман бар. Алайда, үйдің орны мен бақшалық жерді санағанда 5 сотық қана жерім бар. Таршылық қылады. Десем де, құстардың көптеген түрін асыраймын, гүлдерді де жақсы көреміз. Мамыр айында мұнда гүлдің талай түрін көре аласыз. Картоптан 2  рет, қиярдан 3 рет, шалқаннан (редиска) 4 рет өнім жинаймыз. Өз өніміміз өзімізді қамтиды. балаарға көмектесеміз. Кейбіреулер айтады ғой,баланы мектеп тәрбиелеу керек деп. мен оған келіспеймін.Неге?Мектеп сабақ қана үйретеді. Тәрбие үйден басталуы керек. Мәселен, немерелерімді осы бау-бақша арқылы еңбекке баулысақ, екіншіден, оларға құстардың да түрлерін апарып беріп қызығушылығын әрнәрсемен оятып отырамыз. Бірде кептер, бірде тауық т.б. Қолөнерге де осы мұражай арқылы қызықты. Ұлдар- ағаштан үй макетін соқса, қыздар- моншақтап кесте тігеді, құрақ құрайды. Қазір олардың да қолдарынан шыққан бұйымдары да осында тұр. Компьютерге көп отырғызбаймыз. Ертегі оқиды. Мұнда 15 мемлекеттің ертегілері сақталған. Ең бастысы- балаларымызды, немерелерімізді тарихқа құрметпен қарауға тәрбиеледік. 2014 жылдан бастап, осы дүниелерімізді халыққа көрсетейін деп көп жүгірдім. Мына заманда  екі көрші бірінің үйіне бірі бармайтын болды. Мен сол қазақтың қонақжай дәстүрін қайта жаңғыртып, елді бауырмалдыққа шақырғым келді. Газеттерге хабарландыру бердім. Жазда зейнеткерлер келіп тұрады. Бір-екі самаурынды қайнатып қойып, дойбы, нарды, шахмат, шашки ойнаймыз. Мұнда екінші рет келген адам қасына ерткен қонағына экспонаттар жайлы әңгімелеп таныстыра береді. Бірде мектеп басшылығы мына мұражайға арнайы бұрыш ашайық деп қиылып сұраған соң, сол мектепке біраз заттарды бердім. 3 айдан соң барсам, есігі ашық жатқан бір бөлмеде заттарым шашылып қалыпты. Жүрегім ауырды,-дейді Марат аға.

Папирус қағазына салынған перғауындар бейнесі

Әр заманда қолданылған үтіктер
Тұңғыш компьютер
Көне сағаттар

Уақыт жүрдек. Халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тамаша құндылықтарын неге тамашаламасқа? Күні бойы ұялы телефонның ұясында қалған бүлдіршіндеріміздің қызығушылығын неге оятпасқа? Тарихты оқытып қана қоймай, неге көрсетпеске? Қыл аяғы жертөледегі мұражайды арнайы ғимарат салып, неге жарыққа шығармасқа? Мұралар дайын, маман да дайын. Мемлекеттің қаражаты шықпайды,бәрін ағамыз өз қаражатына жинап, сақтап отыр. Мұражайлардың ел мен жер тарихынан мағлұмат беруімен қатар жас ұрпақты тәрбиелер алтын орда екенін білуге тиіспіз.

Францияда ұрпақтарын осындай шағын мұражайлар арқылы рухани сусындатуды баяғыдан жалғастырып келеді екен. Испанияға сапарлап барған танымал ақын Сағыныш Намазшамова бірде «Испанияда әр футбол клубына арналған музей бар екен. Баланың футболға қызығушылығы осы музейлерді тамашалаған соң арта түсері сөзсіз ғой» деген еді. Бізге де әлі кеш емес.

Мұражайды көрем деушілер аптаның әр күні сағат 08:00 ден 22:00-ге дейінгі аралықта келіп, тамашалауына болады. Кіру тегін.

Анықтама орнына:

Қасенов Марат Жанахметұлы, 1950 жылы  Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсанда туған. Жанжары-Ұлтуған Тілеубайқызы,1956 жылы облысымыздағы Ақсу ауданының Ойтоған ауылында дүниеге келген. 3 бала, 5 немересі бар.