Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АҚПАРАТТАР АҒЫНЫ


26 июня 2010, 21:24 | 1 730 просмотров


ЭПИДЕМИЯНЫҢ АЛДЫ АЛЫНДЫ

Павлодар облысында сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен төрт адам ауруханаға жатқызылды.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Маусымның 20-сы күні Мемлекеттік эпидемиологиялық қадағалау департаментінен, маусымның 19-ы күні түнгі сағат 2.30-да Ақсу ауданы Қаракөл және Ребровка ауылдарынан сібір жарасына шалдықты деген күдікпен төрт адам ауруханаға жатқызылғандығы туралы хабар келіп түсті», - деп анықтады баспасөз қызметінен.

Маусымның 20-сы күні науқастардың бірі ауруханада көз жұмды. ТЖМ-ның мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде

АУСЫЛ АУРУЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА АНЫҚТАЛДЫ

Үй малдарынан аусыл ауруы анықталған Ақмола облысының аумағынан Астанаға мал шаруашылық өнімдерін жеткізуге тыйым салынды.

Бұл туралы жұма, маусымның 18-і күні өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының бастығы Ақын Ыспұлаев мәлім етті.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы Ақмола облысы Ерейментау ауданы Новодолинка ауылында жоспарлы тексерістер жүргізіп, 241 бас ірі қара малдан «О» антиген типті аусыл ауруын тапқан болатын.

Аталмыш ауылдық округтің тұрғындарымен кездесу өткізіліп, төрт түлік иелерінен ауру жануарларды жоюға рұқсат алынды. Барлығы 639 бас ірі қара, 767 - ұсақ мал және 487 - шошқа жойылуға жатады.

«ФАРМАЦИЯ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Ол Байқоңыр қаласында жұмыс жасай бастады. Бұл осындағы медициналық орталықтардың Ресейдің федералдық бюджетінен қаржыландырылуға көшуіне байланысты мүмкін болып отыр.

Бұрын сырқатына дәрі іздеген жандар негізінен жеке иеліктегі дәріханалардың қызметін пайдаланатын. Ендігі кезекте қала тұрғындары жергілікті атқарушы билік құзырындағы мемлекеттік кәсіпорынға баратын болды. «Фармация» аталатын бұл жаңа құрылым үш қабатты ғимараттың төменгі бөлігіне орналасқан.

ОБАҒА ҚАРСЫ ЖАТТЫҒУ

Қызылордада обаның алдын алу, оны уақытылы анықтау және сырт жерлерден әкелінуіне жол бермеу мақсатында жаттығу өткізілді.

Оны теміржол бөлімшесіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы ұйымдастырды.

Мамандардың айтуынша, облыста аса қауіпті жұқпалы аурудың бірнеше табиғи ошағы бар. Соңғы он жылда мұнда оба індетінің бірнеше дерегі тіркелді. Бұл кесел негізінен тамыз және қазан, қараша айларында көтеріледі деген болжам бар. Сондықтан оның алдын алу, әсіресе тасымалдануына жол бермеу Қызылорда бөлімшелік теміржол көлігіндегі мемлекеттік санэпид қадағалау басқармасына айрықша міндет болып табылады. Осыған орай бұл мекеме тиісті сала мамандарымен бірлесіп жаттығу өткізуді дәстүрге айналдырған.

Бұл жолғы жаттығу шарасы да облыстық обаға қарсы күрес стансысы, жұқпалы аурулар ауруханасы, төтенше жағдайлар департаменті, желілік ішкі істер бөлімі өкілдері, теміржол мекемелері басшылары мен әскерленген күзет қызметкерлері қатысты.

Жаттығу алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес №618 «Сексеуіл- Қызылорда» бағытындағы поезында жүргізілді.

Жаттығуда барлығы 4 медициналық автокөлік, 15 медицина қызметкері және өзге де түрлі сала өкілдері қамтылды.

Автор:
Ғаламтордан әзірлеген Ырыс КЕНЖЕ