Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖЕТІЛМЕГЕН ЖҮКТІЛІК - демографиямызға сор болып жабыспасын...


26 июня 2010, 21:20 | 13 389 просмотров



Жетілмеген жүктілік - бұл болашақ нәреcтенің жатырдағы ұрық күйінде өліп қалуы. Дәрігерлер мұндай жағдайдың көбіне жүктілік мерзімі 12 аптаға дейінгі кезеңде болатынын айтады. Жетілмей қалған жүктілік анықталған соң жатыр өлі ұрықтан тазартылады. Түсік өзі түсіп қалады деп тазартуды кейінге қалдыруға әсте болмайды. Себебі өлі ұрық әйел ағзасына у ретінде жайылып кетуі мүмкін. Бұрындары жетілмей қалған жүктілік 40 жастан кейінгі әйелдерде байқалса, соңғы жылдары мұндай диагноз 25 жастағы әйелдерге де қойыла бастады. Соңғы кездері жетілмеген жүктілік 12 апта ғана емес, 22 апта толған шараналарда да кездесіп жатыр. Қарапайым арифметикадан туындаған үлкен проблема.

Жуырда бір танысым аяғы ауыр екенін айтқан, қуанышында шек жоқ еді. Көп ұзамай ауруханаға түскен оның құрсақтағы өліп қалған болашақ нәрестесін дәрігерлердің алып тастағанын естідік. Бауыр еті баласы - бір түйір қан күйінде бақилық болып кетті. Аты-жөнін баспасөзде атамауды өтінген сол танысымның айтуынша, соңғы кезде «замерший плод» көбейіп кетіпті-мыс. «Мұндай диагнозбен Астанадағы №1 қалалық аурухананың гинекология бөлімшесіне күніне құрсақтағы баласы өлген бірнеше әйел түседі. 70 орындық гинекология бөлімінде сексеннен астам әйел жатады. Орын жетпегендер дәлізге түнейді. Сол сексен адамның 70 пайызының баласы іште өліп қалғанын сондағы дәрігерлердің өзі айтты, - деді танысым. «Сол әйелдердің барлығы да баласының өмірге келгенін шындап қалап едік деп көз жастарын сығып алады». Бұл әңгіме бізді де бей-жай қалдырмады. Бірден есепке жүгіндік. Күніне орта есеппен 3 әйелге жетілмеген жүктілік диагнозы қойылса, сонда жылына мыңнан астам әйелдің құрсағы өлген баладан тазартылады екен. Бұл бір қаладағы бір аурухана бойынша жасалған есеп екенін ескерсек, елімізде қаншама аурухана бар.

Сонда жылына жүкті әйелдердің қаншасына жетілмеген жүктілік диагнозы қойылады дегенді ойлаудың өзі қорқынышты. Қарапайым арифметикадан үлкен проблема туып отырған жоқ па? Астанадағы №1 қалалық ауруханасының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Жұлдызай Ермағанбетпен сұхбаттан кейін біздің болжам расқа айналды: - Менің еңбек етіп келе жатқаныма отыз жылға таяды. Тоқсаныншы жылдары іште бала өліп қалса, төтенше жағдай орын алатын. Қазір мұндай оқиға көбейіп келеді. Мәселен, 2007 жылы жетілмей қалған жүктіліктің салдарынан 1193 әйелдің жатырын тазаласақ, 2008 жылы бұл көрсеткіш 1482-ге жетті. Ал өткен жылы осындай 1699 оқиға тіркелді, - дейді Жұлдызай Байдрахманқызы. Оның айтуынша, Астана бойынша шұғыл гинекологиялық тазарту №1 қалалық ауруханада жасалады екен. Тек сейсенбі мен жұма күндері жетілмей қалған жүктілік диагнозы қойылған әйелдер республикалық жедел жәрдем орталығына жіберіледі. Ал бұл күндері №1 қалалық аурухана қызметкерлері демалады. Себебі олар басқа күндері дәл осы диагнозбен күніне бірнеше әйелді қабылдайды. Гинеколог дәрігерлер құрсақтағы ұрықтың жетілмей қалуына бірінші кезекте, жыныс жолдарымен жұғатын инфекция себеп дейді. Оған әйелдің әлеуметтік жағдайын қосыңыз. Иммундық жүйенің әлсіздігі тағы бар. Сонда жегені алдында, жемегені артында тұрған әйелдердің құрсағындағы ұрық неге жетілмей қалады? Жетілмеген жүктілік диагнозы қойылғандар арасында ауқатты да әйелдер бар. Оның үстіне, мұнан да қиын заманда талай аналарымыз баланы аттың жалында, түйенің қомында жүріп туды емес пе?

Жұлдызай ЕРМАҒАНБЕТ, Астанадағы №1 қалалық аурухана гинекология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қазір неше түрлі инфекция бар, жыныс жолдарымен жұғады дегенге ер азаматтарымыз ренжитінін жақсы түсінемін, бірақ мұны дұрыс түсіну керек. Инфекция жыныстық қатынас кезінде ғана емес, көпшілік моншаларда, бассейндерде де жыныс жолдары арқылы жұғады. Егер жүкті әйел 12 аптаға дейінгі кезеңде тұмауратып қалса да, құрсақтағы ұрықтың дамымай қалуына әсер етеді. Мүмкін, бұрын мұндай инфекциялар көп болмаған шығар. Болған күнде де оны анықтайтын зертханалар дамымаған кез ғой. Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) қондырғысы да жоқ болатын. УДЗ жоқта, бала өспей қалса, ағзаның өзі түсікті тысқа шығарып тастайды. Сөйтіп, ондай оқиғалар өздігінен түскен түсік ретінде тіркеліп кеткен болар. Қалай десек те, ұрықтың құрсақта өлуі, сол өлі ұрықтың екі-үш апта жатырда жатып қалуы, әйел денсаулығына үлкен қатер төндіреді. Егер ұрық әйелдің ішінде 2-3 апта бойы өлі күйінде жатса, токсинге айналып, әйелдің қанына еніп кетеді. Біз әйелдің қанын тазарту үшін тазартудан кейін ем-дом жасаймыз.

Жетілмеген жүктілікті жасанды түсікпен шатастырмау керек

Бұл бір ғана ауруханадағы жағдай. Ал елімізде осындай қаншама аурухана барын ескерсек, дабыл қағатын уақыт әлдеқашан жеткен болып шығады. Біз нәрестенің ұрық кезінде өліп қалуына қатысты республикалық көрсеткішті білмек болып Статистика агенттігіне хабарластық. Мұндағылар «замерщий плод» деген статформаның жоқ екенін, сондықтан 22 аптаға дейін құрсақта өлген баланы жасанды түсіктің, яғни кәдімгі аборттың есебіне тіркейтіндерін айтып қалды. Яғни 22 аптаға дейін құрсақта өлген бала болсын, жасанды түсікпен алынған бала болсын, өзі түсіп қалған бала болсын - бәрі бір аборттың есебінде кетеді екен. Біздіңше, бұл барып тұрған әділетсіздік. Жасанды түсікті жасататындар - бала туғысы келмейтін тасжүрек әйелдер. Ана атанғысы келетін, өмірге бала әкелгісі келетін әйелді олардың қатарына қосу дұрыс па? Осы сауалға Денсаулық сақтау министрлігі жауап берер деген үмітпен осы министрліктің Ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының бастығы Балкенже Иманқұловаға телефон шалдық. ¦рықтың құрсақта өліп қалу оқиғаларының соңғы кезде көбейіп бара жатқанын баяндай бастағанымыз сол еді, басқарма бастығы: «Мұндай статистиканы сізге кім берді?» деп өзімізге дүрсе қоя берді. Сосын: «Әйелдер айта береді. Ол замерший ме, басқа ма, ең әуелі гистологиясына зерттеу жасау керек. Әр оқиғаның өз себебі бар. Бұл өзі үлкен тақырып, бұл мәселеге диссертация қорғауға болады. Мүмкін жүкті әйел қорқып қалған шығар, тамақтану тәртібін сақтамаған шығар, стресс алған болар, соның бәрін анықтау үшін зерттеу жүргізу керек» деп өзімізге қарсы «ашық шабуылға» шықты. Қысқасы, зерттемей жатып, дүрбелең салудың реті жоқ.

Сонда арман еткен, осынша күткен ұрпағынан жарыққа келмей жатып айрылған, жатырын тазалатып жаны мен тәнін қатар жаралаған әйелдердің мұңын құлаққа қыстырмауымыз керек пе? Ал №1 қалалық аурухананың гинекология бөлімшесі жасап отырған есепті қайда қоямыз? Мұндайда мынадай екі ой ғана келеді: Не денсаулық сақтау министрлігі жағдайдан хабарсыз, не жағдайға көз жұма қарап отыр. Ал ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасы бастығының өзінің құзіретіне жататын ана мен бала емес, әріптес-

тері үшін шыр-пыр бола қалуына жол болсын. Осының өзі көп жайтты аңғартып отырған жоқ па? Министрлік өкілінің сөзінен соң, біз де өзімізше зерттеу жүргізуге кірістік. Жүктіліктің жетілмеуіне не себеп болуы мүмкін? Басқаны білмедік, ал елордамыздағы әйелдердің басым бөлігі жұмысбастылар. Күні бойы кеңседе отырып, таза ауаға шыға да алмайды. Жұмыстан кейін үй шаруасымен әуре болып, таза ауада серуендеу жайына қалады. Оның үстіне, Астанада таза ауа бар ма? Елорда көшелеріндегі атвокөліктің көптігі ауамызды армансыз ластап жатқанда, қандай ауамен тыныс алып жатқанымызды түсіну қиын болмаса керек. Екінші себеп, дәрігер айтқан инфекция. Мамандығымыз дәрігер болмаған біз бұл салдарға түсініктеме бере алмаспыз. Бірақ бір нәрсе анық - ауылдағы трактор мен комбаин жүргізген ағаларымыздың үйіндегі жеңгелеріміздің көпшілігі «Алтын алқа» иегерлері емес пе? Инфекция сонда тек қаладағыларды ғана иектей ме? үшінші себеп, УДЗ аппаратына қатысты. Кейбір келіншектер УДЗ аппаратын кінәлайтыны жасырын емес. Басында бұған мән бермегенімізбен, бірқатар ғалым-мамандардың еңбектеріне үңіліп көргеннен кейін әйелдердің болжамы бізді де қызықтырды. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, әйелдердің болжамында бір сыр бар сияқты.

УДЗ-ға ерте түсу қаншалықты қауіпті?

Ресейде жүкті әйелдерді бірінші рет УДЗ-ден жүктілік мерзімі - 12-14 аптада, екінші рет - 20-24 аптада, ал үшінші рет 32-34 аптада өткізуге рұқсат етеді. Англия мен АҚШ-та жүкті әйелдер УДЗ-ге алғаш рет - 11-14 аптада, сосын 18-22 аптада барады. Егер екінші рет УДЗ-ге түскенде барлық көрсеткіштер дұрыс болса, одан кейін УДЗ аппаратына жіберілмейді. Біздің елде де УДЗ аппаратына жіберудің жөні бар. Бірінші рет аяғы ауыр әйел жүктілік мерзімі - 10-12 аптада, екінші рет - 20-22 аптада, үшінші рет 32-34 аптада баруы тиіс. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы да бар. Көріп отырғанымыздай, жүктілік мерзімі 10 аптаға дейінгі мерзімде УЗД аппаратына түсуге рұқсат етілмейді. Себебі жүктіліктің алғашқы кезеңінде ұрықтың орталық жүйке жүйесін құрайтын жасушалардың миграциясы қарқынды жүріп жатады. Егер осы кезеңде УДЗ аппаратына түсер болса, онда ультрадыбыстық толқындар жасушалар миграциясының процесін бұзып жібереді. Америкалық ғалымдар жүргізген зерт-

теулер УДЗ зерттеуінен кейін тышқан құрсағындағы ұрықтың миындағы жасушылардың қозғалыс траекториясына қатты әсер еткенін көрсеткен. Ресейлік мамандар да үш апталық эмбрион тканьдерінің ультрадыбыстық әсерге өте сезімтал болып келетінін айтады. Сөйтіп, жүктіліктің алғашқы апталарында ультрадыбыстық зерттеулер жасаудың қауіпті екенін мойындайды. Алайда Астанада жүктілік мерзіміңіз 5-6 апта болса да, УДЗ-ге түсуге міндеттейтін дәрігерлер бар. Сонда ол дәрігерлер министрдің бұйрығына мойынсұнбағаны ма? Ең қызығы, оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ! «Жүктілік мерзімі 5-6 апта кезінде УДЗ-ге жіберуге ешкімнің құқы жоқ. Кейбір әйелдер өздері барып қояды.

Егер 10 аптаға дейінгі кезеңде УДЗ аппаратына жіберген болса, сол дәрігердің үстінен жазбаша шағым түсіруге болады» дейді Балкенже Жаркенқызы. Ал жүктілік мерзімі 5-6 апта кезінде УДЗ-ге өз қалауымен барған әйелді дәрігерлер неге кері қайтармайды? Ақысын төлесе болды деп, құрсақтағы баланың қауіпсіздігін екінші орынға ысырып қою құқын оларға кім беріпті? Қызық болғанда, Балкенже Жаркенқызы УДЗ жасағаннан эмбрионның ыдырап кететінін бізден бірінші рет естіп отырғанын айтты. Сонда өз саласындағы ғалымдардың еңбегінен хабарсыз бұл қандай ана мен бала денсаулығының арашашысы? Бұған біздің таңданудан басқа амалымыз қалмады. Себебі интернеттегі сайттарға сұрау салсаңыз, УДЗ құрылғысының пайдасы мен зияны туралы материалдар молынан шыға келеді. Талай белгілі ғалымдардың зерттеулерін, тәжірибелерін оп-оңай табасыз. Ал Жұлдызай Ермағанбет ханым УДЗ-ге ерте мерзімде жіберудің өз себебі барын айтады. «Қазіргі таңда жатырдан тыс жүктілік көбейіп кетті. Соны анықтау үшін УДЗ-ге түсіру қажет, - дейді ол. - 10 аптаға дейінгі ұрықтың тірі я өлі екенін қолмен ұстап айта алмаймыз, жүрегінің соғып жатқанын анықтау үшін УДЗ-ге жүгінуге тура келеді. Ал 5-6 апталық бала өліп қалған болса, УДЗ-ге түсіретін мерзімге - 10 аптаға дейін өлі баланың қаны анасының ағзасына тарап кетеді. Әйелдің ағзасы уланады» дейді Жұлдызай Байдрахманқызы.

Ал шетелдік басылымдардың жазуы бойынша, жүктілік мерзімі 8 аптаға жеткенше дәрігерлер ұрықтың даму процесіне араласпауы керек екен. Жаңадан отырғызылған көшет өсуі үшін тамырлануы керек, ұрық та солай, жатырға жабысып өсуі керек, міне, осы тамырлану кезінде ешқандай әрекет жасалмауы керек. Сондықтан жүктіліктің он аптасына дейін дәрігерге барудың қажеті шамалы. Себебі жатырды дәрігер қолмен ұстап көргенде жаңадан орналасып жатқан ұрықты қозғап жіберуі мүмкін. Жұлдызай Бай-

драхманқызы бұл болжаммен толық келіседі.

Жуырда үкіметте еліміздегі денсаулық сақтау ісін дамытудың «Салауатты Қазақстан» атты 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды. Және бір рет пысықталуға жіберілген бағдарламаның уәдесі көп. Солай болсын-ақ. Бірақ сол бағдарламада ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі тарау болса, онда жетілмеген жүктіліктің алдын алу мәселесі кеңінен қарастырыл-

ғаны құп болар еді. Әйтпегенде, әлгінде айтқан жетілмеген жүктілік диагнозы демографиямызға сор болып жабыспасына кім кепіл?!.

Автор:
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана