Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Өкініштісі, тізімнің көшбасындамыз...


27 марта 2018, 07:00 | 2 019 просмотров



Тіршіліктегі басты құндылық- адамның өмірі     екені      белгілі.   Бір  күннің ішінде сан мыңдаған адам өмірге келіп жатса, сол секілді сан мыңдаған адам бақилық болады. Соның ішінде көрер  жарығы таусылып, Жаратушы қалауымен өмірден озатындарды айтпағанда, өз өміріне  өздері балта шауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасатындар қаншама. Қазір қанды  қырғынсыз, өздерін- өздері өлімге қию дерті дендеп тұр. Суицид. Әлем елдерін алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Суицид (лат. тілінен алынған «қасақана өзін-өзі өлтіру») - өз-өзіне қол жұмсауға икемді адамның әрекеті. Былайша айтқанда, бұл адамның өзінің «ішкі болмысына» жасалған қатыгездігі, яғни жауыздығы. Суицид дертіне әдетте рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Сондай ақ, өз-өзіне қол жұмсауға күнделікті күйзеліс түрткі болуы да мүмкін. Әсіресе кәмелет жасына толмағандар арасында тіркелген өлім көп. Өкініштісі тізімнің көшін Қазақстан бастап тұр. Статистика бойынша  2010 жылы тіркелген суидцидтардың  саны 1286 болса,соның 35 пайызы балалар мен жасөспірімдер. 2016 жылы  Қазақстанда суицид деңгейі 3942-ге қарсы 3735-ті құрап, 5,5 пайызға дейін өсті, ал өз-өзіне қол жұмсамауға әрекеттену 6047 –ден  5922-ге дейін 2,1 пайызға төмендеген. Көбіне өздеріне қол жұмсайтындар нағыз өмір сүретін шақтағылар. Қаза болған 899 кісі- 35-44 жастағылар, олардың 755-і ер адам, 144-і  әйел. Әдетте, өзіне қол салудың негізгі себептері белгісіз болып қала береді. 2016 жылғы 700 –ден астам деректің ғана нақты себептері анықталған. ̎Ортадан шеттетілген кездегі,жалғыздықтан – 175 адам, материалдық жағдайдың қиындығынан-124, туыстарымен сөзге келіп қалудан - 117, ерлі-зайыптының арасындағы жанжалдан – 114, ауыр дертке шалдығудан – 110, ажырасудан – 89, тұрғын үй жағдайларының қолайсыздығынан – 49 адам өзіне қол салған̎ ,-деп атап өтті құқықтық статистика комитетінің басшысы. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда суицидтердің басым бөлігі – 75,5 пайызы (2975) сау күйінде саналы түрде, 20,8 пайызы немесе 821 – мас күйінде  және  3,3 пайызы  (128) психикалық ауруға шалдыққан кезде жасалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жылына шамамен 10-20 млн адам суицид жасауға бекінеді екен.   Олардың    1 млн-ға жуығы өз өмірімен қоштасады. Еуропалық елдерде өзін-өзі өлтіру,адам өлтіруге қарағанда шамамен  үш есеге көп. Суицид індетінің біз ойлағаннан да терең салдарлары бар. Бұл, тек қана бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес, қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық жоғалту болып табылады. Суицидке байланысты қорқынышты дерек біздің елде де тіркелген.

Бас прокуратура мамандары жыл сайын Қазақстанда шамамен екі жарым мың адам жол апатынан мерт болса, үш жарым мың адам өз-өзіне қол жұмсап бақилық болады дейді. Ерлер тарапы көп жағдайда асылу арқылы өмірімен қош айтысса, әйел адамдар дәрі ішу арқылы жиі суицид жасайды екен. Сонымен қатар бұл дерт балалар арасында да  өршіп тұр. Оған баянсыз махаббат, ата-анасымен болған ұрыс-керіс,болашақ үшін қорқыныш, қатарластары тарапынан мазақ қылу, өмірдің мәні болмауы немесе жоғалуы сияқты жағдайлар себеп болады-, дейді зерттеушілер. Құзырлы органдардың дерегінше елімізде ең көп суицид жасайтындар 15-24 жас аралығындағылар. Психологтардың айтуынша, қазіргі кезде жастар өз өмірлерін бағалауды білмейді. Яғни, олар туындаған мәселені ешкіммен бөліскісі келмейді немесе бөлісуге дәті бармайды. Сондықтан, ата-ана  баланы кішкентайынан ойын ашық айтуға,төзімді болуға тәрбиелеуі керек. Бүгінде елімізде жасырын хабарласуға болатын арнайы қызметке,өзіне қол жұмсағысы келетін жасөпірімдер көп хабарласып, көмек сұрайды екен.150 нөмірі қай уақытта болса да хабарласуға болатын құпия байыланыс телефоны. Осы тығырықтан шығаудың жолы ретінде, мамандар жасөспірімдердің эмоциялық жағдайына назар аударып,мінез құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, дерттің алдын алуға болады деп санайды. Сондай-ақ  ата-аналар балаларының қандай әлеуметтік желіде отыратынын, араласатын ортасы қандай екенін   білгені абзал.

Өз-өзіне қол жұмсайтын адамдар жайында, қай дінде болмасын,жақсы нәрсе  айтылмайды. Яғни,  қол жұмсау шариғатта харам болып саналады. Себебі, сені жаратқан өзің емес,сені жаратқан Алла Тағала. Қол жұмсау Жаратушыға қарсы шыққанмен бірдей. Содан да болар, тура жолдан таймаған ата-бабаларымыз, өз өмірін өзі қиғандардың жаназасын шығармаған. Жерлейтін кезде де ауыл маңынан тысқары жаққа апарып,жеке жерлеген. Алайда қазір олай емес. Суицидке баратын «жанкештілердің» саны артып кеткеннен кейін бе, мұндайлардың жаназасын да шығарады,жұртпен бірге жерлейді де. Тым артып кеткен бе деуіміз бекер емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде ең алғашқы орындардың бірінде. Ал, Орта Азия елдері арасында, біздің алдымызға түсетін мемлекет жоқ. Бұл өте алаңдататын мәселе. Суицидтен қалай құтыламыз? Оның жолдары қандай? Әлде арнайы заң қабылдау керек пе? Мәселен, Англияда осы індетке қарсы арнайы заң қабылданған. Жапонияда психикасы әлсіз балалармен жұмыс жасайтын арнайы суициодолог деген маман бар. Тіпті Еуропада өз-өзін өлімге қимақ болғандарды қылмыскер ретінде тіркеп, қамауға алып, жазаға тартады екен. Суицидтің адам үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін зияны мол. Ол елдегі өлім-жітімнің артуына, халық санының азаюына ғана әкеп қоймай, мемлекетті әлеуметтік-экономикалық шығынға да батырады. Сондықтан да жақын жандарымыздың осындай күйзеліске ұшырағанын сезсек, дереу мейірім шапағатымызды аямай төгіп, сөйлесіп, көңілін жұбатып,оқыс оқиғадан сақтайық!

Автор:
Аспазия АЙДАРҚЫЗЫ