Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Таксист - Тағдыр


19 марта 2018, 05:50 | 2 031 просмотр



«Ер қанаты – ат» деген дана қазақ. Бұл нақылды заманға сай айтатын болсақ «Ер қанаты – темір тұлпарға» айналған кез болды . Кезінде аталарымыз ат үстінде жүріп жау басын алса, қазіргі таңда ағаларымыз «темір атпен» нәпақасын тауып, бала шағасын асырайтын хәлге душар болды.Бүгінде мамандық бойынша жұмыс таба алмауымен, жұмыссыздық мәселесінің өршіп тұруына байланысты нар жүгін көтеретін көкелеріміз темір тұлпарларына мініп күндерін көруге мәжбүр.Халықтың жалпақ тілінде оларды біз «таксистер» деп атаймыз.

Таксистердің жайын жол жүрген адам жақсы біледі. «Қазаны басқаның – қайғысы басқа» демекші әр адамның басына іс түспейінше біреудің жағдайын түсінуі өте қиын.  Өз көзіңмен көргеніңде, мүлде басқаша әсер етіп , жаныңа инедей қадала түседі екен.

Демалыс, мереке күндері таксистердің  құдайы жарылқайтын күн. Алдымызда мереке күні еді, ауылыма баруды жөн көріп автобекетке бардым.Автобустан түсе сала алдымнан көптеген ағалар шықты.. Әркім өзінің баратын өңірін атап көліктеріне шақырып әлек.. Баратын жерімді айтып едім ,бір аяғын сылтып басатын аға, тағыда екі кісі барын айтып,  көлігін меңзеп, барып отыра беруімді өтінді. «Көңілдегі сырды – көз білдіреді»деген рас екен. Ағамның жүзі жабырқау,көздерінің айналасына әжім түскен, бет әлпеті қарайған, жанарынан өмір қиыншылығын көріп, ғұмырлық жол жүруден шаршаған  мұң байқалады.Жалғыз әрі тыныштықта отырғаннан ба,терең ойға батып кетіппін. Мәшине әйнегінің ар жағында, көз алдымда жүгіріп жүрген көкелер,бейне бір майданда соғысып жүргендей көрінді. Қаланы шарлап келген автобустардан түскен адамдардың жүктеріне жармасып естері шығып жүр.Қайтсін енді күнкөріс қамы ғой. Қыстың суығына тоңып, жаздың ыстық қапырығына төзіп, желмен бірге жүгіріп жүру бірдің қолынан келсе,бірдің  қолынан келе бермейтін іс.

Жұбайына асыл жар,балаларына қамқор әке, ата анасының асыраушысы болғаннан кейін жүгірмеске шаралары да жоқ. Бір бірімен адамға таласып сөзге келіп қалып  жатқандарыда бар.Көңілдеріне келсе  де жолаушылардың  әрбір ауыр сөздерін еш шүбәсіз тыңдап көніп жүретіндері тағы бар.

Менің ауылыма дейін шамамен екі орта 300 шақырым болады, төрт сағат жүріп барамыз. Бір күнде кемінде екі рет баратын болса, денсаулықтарының не боларын өздеріңіз ойлай беріңіздер.  Оған қоса жолдың ой-шұқырын қосыңыз. Жай отырып барғанның өзінде сіркеміз су көтермей, діңкеміз құрып әрең барамыз.Ал жүргізушінің психологиялық ,физикалық жағдайы айтпаса да түсінікті жайт.

Баласын оқытып, жанұясын асырап отырған еңбекқор әке, батыл ата, талапшыл ағалардың өмірлері осылай жол үстінде өтуде.Біреудің жеп отырған наны екенін ойламай, барар жолдың бағасын қымбатсынып сөз таластыратынымыз да жасырын емес.

«Ер сыншысы – ел» демекші, қамшының сабындай қысқа ғана өмірінің жартысын жолда өткізетін азаматтарды қияңқы сөздерімізбен төмендетпей, еңбектерін елеп, беделдерін биіктетіп, дендеріне саулық тілеп  жүрсек абзал емеспе достар?

 

Автор:
Марал НҰРҚАСЫМОВА.