Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жақсының жақсылығын айт...


19 марта 2018, 11:38 | 1 466 просмотров



Адам баласы өмірде қателесуге болмайтын бір шешім – мамандық таңдау. Жұмыстың оңайы жоқ. Дегенмен өз ісіне жауапты, мамандығын мақтан тұтатын, ең ауыр саланың иесі – дәрігерлер. Дәрігерлер -  миллиондаған адамдардың тағдырына жауап береді.Адам өміріне араша түсетін мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жұмыс істеу процестері ұзақ әрі қиын болғанымен, нәтижелері оң көрсеткіш беретін сала мамандарының еңбектері зор.Балалар денінің саулығын қадағалаушы, ақ халатты абзал жан, медицина саласының майталманы Алматы облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Досқалиев Марат Қанатұлымен еңбек жолдары жайлы әңгімелесу сәті бұйырды.

Арада 7 жылдан аса уақыт өте өзіме ота жасаған жанмен қайта жүздесу қуаныш тудырды. Өмірінің жиырма бес жылын медицинаға, кішкентай жас сәбилер мен ойын баласына арнаған Марат Қанатұлын жалпы облыс бойынша халықтың басым көпшілігі біледі. «Кісінің көзіне көзің түссе, мейірімі түседі» демекші, көзінен мейірімділік, сөзінен сыпайылық танылды. 

- Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз? 

- 1967 жылы 28 маусымда бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қаракөз елді мекенінде дүниеге келдім. 1974 жылы Ақсу ауылында 1 сыныпқа аяқ бастым. Бес сынып оқыдымда, алтыншы сыныптан бастап Қызылтаң, қазіргі Ойтоған ауылында 1984 жылы орта мектепті бітірдім. 

- Бала күнгі арманыңыз? Қазіргі мамандығыңызды қалай таңдадыңыз? 

- Енді ес жиған сәтте, ауылда туып өскен соң ауылдың адамдары зоотехник бол қарның тоқ, қора қора мал жиасың дейтін.Біздің үйде әкем зоотехник, анам дәрігер. Мен өзім үйде жалғыз баламын.Мен мектеп бітірерде екеуі екі түрлі мамандыққа барғанымды қалады. Әкем зоотехник, анам дәрігер боласың деді.Тура оныншы сыныпқа барарда, тамыз айында бір жағдай болды.Балалар бәріміз есік алдында ойнап жүріп, мен бір баладан қашып келе жатып арыққа құладым. Тура бетіммен құлап түсіп, цементке бетімді соқтым. Бет сүйекті сындырып алдым. Анам көре салып Жансүгіровке жедел жәрдеммен алып келді. Демалыс күндеріне тұспа тұс келгендіктен, хирургтардың бәрі үйінде.Сәл уақыттан соң бір хирург келіп көрді де «ой ештеңе болған жоқ» деп, орнында тұрған сүйекті қолымен басып майыстырып жіберіпті.Анамның арқасында, келесі күні Талдықорғанға келіп хирургтарды шақырып, олар ота жасап,  бет сүйекті орнына салды.Содан бері мен өзіме бір мақсат қойдым, хирург боламын деген. Себебі, енді жас болған соң ба, әлгі хирургты тауып алып бетіне басам деген секілді ойда болдым.Содан өз күшіммен иститутқа түстім. Оқу бітірген соң жаңағы хирургты іздедім, бірақ алғыс айту мақсатында еді.Қарап отырсам сол кісі менің мамандық таңдауыма себепші болды. Бірақ таба алмадым, өкінішке орай басқа жаққа көшіп кетіпті.Осы жағдайдың арқасында хирург болдым. 

- Қай жылдары және қай қалада Жоғарғы оқу орнын тәмамдадыңыз? 

- Мектепті бітіре салып Семей Медициналық Институтына түстім. 1984 жылы бірінші курсты аяқтаған соң әскер қатарына алып кетті. 1985-87 жылы Литва мемлекетінің Каунас деген қаласында әскерде болдым. Отан алдындағы борышымды өтеп келіп оқуымды жалғасытрдым. 1992 жылы оқуды бітірдім. 

-Жоғарғы оқу орнында мамандығыңызға қатысты есте қалған қызықты немесе қорқынышты оқиғаңызбен бөлісе отырсаңыз? 

-Студенттік шақта талай қызық болды ғой. Бірінші,екінші курста мәйітханаға  барамыз, мәйіттерді зерттейміз.Артынан іздейтін туысы жоқ, түрмеде қайтыс болған мәйіттерді зерттеу дәрігерлердің жұмысы.Көлемі үлкен бассейн сияқты су болады. Соның ішінде арнайы дәрімен бұзылмас үшін мәйіттерді сақтайды. Сол кезде бір мәйітті жігіттер аламыз деп, бір жігіт судағы мәйіттер арасына құлап кеткен (сәл күліп). Алғашқы кезде тышқандарға, бақаларға ота жасап үйренеміз.Ол кезде оларды мақтаға ұйықтататын арнайы дәрі сеуіп ұйықтатамыз да, ота жасай береміз.Сол кезде қыздардың жасағанын қызық көріп,отаның ортасында бақалардың мұрнындағы мақтасын алып тастасақ, операцияның ортасында ішегі салбырап бақалар тіріліп кететін.Сондай неше түрлі жағдай болды ғой (күлді). 

- Еңбек еткен жылдарыңыз? 

- Менің алып шыққан мамандығым педиатр – балалар хирургі.Ол кезде облыстық емес, Балалар Хирургиялық орталығы болатын. 1992 осы орталыққа жұмысқа орналастым. Содан кейін ол 1995-96 жылдары ақылы болып кетті. 2004 жылдан бастап Балалар хирургиялық орталығында Бөлім меңгерушісі болдым. 2006 жылға дейін қызмет еттім.Сол жылы қалада Балалар хурургиясынан жалғыз әрі ақылы түрде  болған соң жабылып, осы Облыстық балалар ауруханасына Хирургия бөлімі ашылып осында барлық қызметкерлер ауысып келдік. 2009 жылы балалар ауруханасының бас дәрігері болдым.Содан бері бас дәрігер қызметіндемін. 

- Бір ғана мамандықтың иесісізбе? 

- Мен үш мамандықтың иесімін. Балалар хирургімін, анестезиолог және лор. Сол ақылы ауруханада істегенде дәрігерлер жетіспегендіктен қосымша оқыған болатынбыз. Бірақ ешқандай жаманшылығын көрген емеспін.Өз басым дәрігер көп санатты болу керек деп ойлаймын. 

- Шет елде біліміңізді жетілдірдіңізбе немесе арнайы курстардан өттіңізбе? 

- Аллаға шүкір жетілдіріп жатырмын, өткен жылы күзде Польшаға бардым. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр ғой. Ал Польшада ол жүйеге ендігі он жыл болыпты.Солардың жұмысын тамашалап, ауруханаларын көріп , үйреніп арнайы сертификат алып келдім. 

- Қазіргі таңда бала денсаулығына байланысты нақты диагноз қою жағынан қиындықтар көп туындайдыма? 

- Қазір аурулар өзгеріп кетті.Бұрын ауру дәріге көнетін, ал бүгінде аурулар да дәрілер де көп. Бірақ неше түрлі аурулар дәріге көнбейді.Сол үшін балалар ауырған өте қиын. Балалар өлімі деп көбейіп кетті. Туа бітетін ахуалдар да өте көп.Бәрі қоршаған ортаға, экологияға қатысты деп ойлаймыз.Соған байланысты Елбасымыздың өзі айтып жатыр ғой «ана мен бала өлімі басымырақ» деп, біз соған байланысты жұмыс істеп жатырмыз. 

-  «Жаңылмайтын жан, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді, сіздің пікіріңізше  «Дәрігерлік қателік» болмау міндетпе? 

- Енді орыстар айтады «Кто не работает, тот не ошибается» дейді. Жұмыс жасағаннан кейін қателікте болады.Кез келген дәрігер біліп тұрып адамзатқа жамандық жасамайды.Ол бәлкім кішкене білімі жетіспеушіліктен шығар немесе аурудың қиын болып , не кітаптағыдай оқып, үйретілгендегідей еместігінен шығар.Министрлікте де қаралып жатыр ғой,соттауға болмайды деп есептеймін.Ол кенеттен болған дүние. Әйтсе де дәрігер әдейілеп ешқашан адамды өлтірмейді. 

- Адам баласының ажары да, бақыты да отбасы. Отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз? 

- Әрине отбасым бар байлығым.Жарым Садуақасова Алмагүл Хафизқызы  екеуміз 1988 жылы отау құрдық. Ол кісіде Ақсудың тумасы.Медициналық Институтта бірге оқығанбыз.Дәрігерміз.Үлкен қызымыз Қарлығаш Алматы қаласында медицина саласында оқыған. Тұрыс құрған. Ұлымыз Қуаныш  Асфендияр Медицина Институтында7 курс оқиды. Отау құрып, келінімде ұлыммен бірге оқиды.Екі жиенім,бір немерем бар.Немерем қолымызда. Бір сөзбен айтқанда медициналық отбасымыз. 

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Енді, белсенді демалысты, аңға шыққанды ұнатамын.Аңға шығудағы мақсатым оларды өлтіру емес, табиғатты тамашалау. Табиғатты жақсы көремін. Қыста немерелеріммен тауға шаңғы тебуге барамыз.Сыртта отбасыммен демалған ұнайды. 

- Бүгінгі таңдағы еліміздің медициналық даму үрдісі сіздің ойыңызша қалай?Қаншалықты өзгеріс бар? 

- Медицина өз қарқынымен жылдам дамып келеді.Мысалға,кім ойлаған біздің Талдықорған қаласында жүрекке ота жасайды деп.Қазір міне Кардиология орталығы жүрекке ота жасап жатыр.Бұрын қарап отырсаңыз, Астана және Алматы қалаларында ғана жасайтын.Өзіміздің ауруханаға келсек бұрынғыға қарағанда 30-40 есе бюджет көбейді. 1992 жылы 10-20 миллион болса, қазір 400-600 миллион біздің ауруханаға бөлінетін бюджет. Оларға дәрі дәрмек және жаңа технологиялар аламыз. Және әлемдегі дәрігерлер жұмыс істеп жатқан құжаттармен бізде жұмыс істеудеміз. Медицина жыл сайын орнында тұрады деп ойламаймын, өте жақсы даму үстінде. 

- Еліміздің медицина саласына қосқан үлесіңіз? 

- Қосқан үлесіміз енді жас нәрестелерді емдеп жатырмыз.Мен қарап отырсам жиырма бес жылдың ішінде 5000 дай ота жасаппын, соның ішінде 500 -ге жуығы  күрделі, жедел түрде болды. Сол бес жүздей нәресте мен жеткіншектерді ажалдан арашалап қалған шығармын.Мақтанғандай болармын.Дегенмен,олда бір қосқан үлесім шығар.Әлі де болса қолымнан келген көмектің барлығын істеуге даярмын. 

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен Артур Шопенгауэр. Демек, ақ халаттылар бақытты болуымыздың бірден бір себепшілері.Жүз пайыз науқасқа диагноз қойып, оның емдеу жолын білу мүмкін емес.Адамның тағдыры мен денсаулығын дәрігер байлығынан, мансабы мен беделінен де биік қояды. Елімізде адам денсаулығы басты назарда. Дамыған елдер қатарында көштен қалмай медицинамызды қарқынды дамыту үстіндеміз. Ардақты Марат Қанатұлы! Еңбегіңіз еленіп, қоржыныңыз құрметпен тола берсін! Газетімізге берген сұхбатыңызға алғыс білдіре отырып,өміріңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, молшылық, шаңырағыңызға шаттық , көңіліңізге қуаныш, жаныңызға жайсандылық тілейміз!

 

Автор:
Марал НҰРҚАСЫМОВА