Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Үміттің шырағын ұстаған – Хирург


19 марта 2018, 11:33 | 1 329 просмотров



«Төрт нәрседе үміт бар:  жас –  өсемін деп үмітті, жалғыз – көбейемін деп үмітті, жарлы–  байыймын деп үмітті,  ауру – жазамын деп үмітті» - деген екен. ХІҮ-ХҮ ғасырдың дала данышпаны Жиренше шешен. Өмірде адам баласы нендей күйге түспек: рахат көрмек, бейнет шекпек, адаспақ, алданбақ, жайланбақ, жаза тартпақ, түнермек те түзелмек, ең киелісі үміт етпек емес пе?!

Жаныңды жаншыған, жараңды шымшыған ауру мұрын ұшына жеткенде жүгіретін қазақпыз ғой. Ауруыңыз асқынып түн ұйқы көрмей, қасық тамақ жемей «бір – екі  күнде жазылармын» деген үмітпенен жұбанғанда, саусаққа  батқан тікенді лезде суырғандай жазатын – дәрігер. «Ауру айтып келмейді» кей кезде жаныңа жабысқан аурудан құтылу да оңайға соқпайды. Сол аурумен ай еңсеріп, жылдар арқалап жүргендер де аз емес. Сізбен бірге сол сырқатпен  бірге күресіп, жаныңызды жеңілдетсем деп жүретін, әр күн сайын жаңа үміт отын сыйлайтын дәрігердің қолы алтын емес, шіркін- ай, ғажайып қасиет шығар.

Осындай үміттің отын жағып, өзінің алдына мұңайып келген емделушілері,  үйінде күтіп отырған ата-анасына, ыстық құшағын аңсаған баласына, жарасып қосылған жартысына жадырап күліп қайтуын, арманы мен мақсатына  айналдырған дәрігердің бірі Ақсу аудандық орталық ауруханасынаң білікті хирург дәрігері  Нұрахметов Айбек Алтайбекұлы. Ол жас болса да, өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген. Ақ халатты абзал жанды жергілікті жұртшылық жақсы таниды. Тіпті, тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігерді антына адал, абыройлы жан десек артық айтқандық емес. Жеті жылдың ішінде халықтың ыстық ілтипатына ие болған жас дәрігермен тілдесуге Ақсу ауданына арнайы барып қайттық.

-Үлкендер сөз бастаса «Қай жақтансың?» деп жөн сұрасып жатады. Мен де әдеттен озбай өзіңізден туып - өскен жеріңізді сұрап өткенді жөн көріп отырмын.

-«Сауыр, Сайхан сауырында,

Кіндігімнің байлауы бар.

Тарбағатай бауырында ,
елдігімнің қаймағы бар» -деген Ерлан Ахметтің өлеңі есіме түсіп отыр. Мен 1986 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келгенмін.1992 жылы еліміз тәуелсіздік алып жатқан уақытта мен Ақсуат ауылындағы №2 орта мектепке аяқ бастым.  Біз оқыған жылдары ел ішінде өте үлкен өзгерістер болып жатты. Киерге киім, ішерге ас таппай қиналған заман. 1996 жылы бір жарым жылдай электр жарығы болмады, майшаммен ас ішіп, сонымен сабақ оқыған уақыт. Шүкір, бертін келе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегімен,  салиқалы саясатының арқасында, Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан ойып өз орнын алды. 2003 жылы мектеп бітіріп, Семей Мемлекеттік Медицина университетіне  оқуға түстім. Сол университеттің өте мықты профессорлық – оқытушылық  ұжымынан дәріс алып, жеті жыл ішінде дәрігерліктің теориялық қыр-сырын үйреніп, 2010 жылы дипломды қолыма ұстап,  Алматы облысына жол жүріп Ақсу аудандық ауруханасына хирург- дәрігер болып жұмысқа орналастым.

-Дәрігер болып, ақ халат киіп,  халық емдеу балалық шақтың арманы ма?

-Менің балалық шағымда дәрігер мен мұғалім ол бір төбе киелі мамадық болды. Әрине, қазірде солай,  бірақ сол заманда құрмет ерекше болатын. Менің қиялымда ол үстіне киген мұнтаздай таза аппақ халаты, әдемі жып-жылы жұмсақ алақаны, қамқорлығы, мейірімді жылы күлкісі маған армандауға, дәрігер болуға қанат бітірді. Меніңше дәрігерлік тек мамандық емес,  ол тәңірдің берген сыйы деп білемін.

-Кәсіби өсу жылдарыңыз қалай өтті?

-Жоғарыда айтып өткендей университет тәмамдағаннан кейін, 2010 жылы Ақсу ауданына келіп жұмысқа кірдім. Ең алғашқы жұмыс күндерім қиындау болды, себебі жер ауыстырдым, таныс деген жоқтың қасы. Бірақ бірге істеген әріптестерім, қамқоршы ағаларымның арқасында ортама жақсы сіңдім. Арада екі жыл өткен соң, 2012 жылы «Бөлім меңгеруші» болып тағайындалдым. Одан кейін «бірінші санатты- хирург» атандым. Көптеген алғыс хаттар, мақтаулар, дипломдар алдым, бірақ ең жақсы мақтау ол аурудан айығып үйіне қайтар жолда емделушінің «сіздің арқаңыз, рахмет сізге!» деген сөздері мен үшін үлкен мәртебе. Кеше ғана диломын ұстаған студент болып келіп едім, енді бүгінде жеті жылдан аса уақыт өтіпті. Осы өткен жылдары небір жағдайлар, небір сырқаттан қажыған адамдар алдымнан өтті. Қолымнан келгенінше маған сеніп келген жанның аурудан айығуға деген үмітін сөндіріп алмауға тырыстым. «Сенім — құдіретті күш: тауды да қозғайды » дейді, ең алдымен емделушінің сенімі, жазылуға деген үміті болса жеткілікті дәрігерге.

-Дәрігерлік шеберлігіңіздің одан әрі дамуына әсер тұлғалар? Еңбек жолыңызда есіңізде қалған жағдаяттар болды ма?

- «Білген адам білімді өмір бойы  іздейді»-дейді, университетті жеті жыл оқып келсемде, білмегенім де бар еді. Еңбек жолымның алғашқы жылдары өзімнің әріптес   аға – көкелерімнен   үйренерім көп болды. Сәл қиналып жатсам «ештеңе етпейді, үйреніп кетесің» деп, арқамнан қаққан азаматтардың бірі сол кездері бөлім меңгерушісі болған Құрақбаев Бекболат Құрақбаевич және  қазіргі кезде бас дәрігердің орынбасары Құрымбай Байқадам Болатұлы болды. Өзінен бұрын елдің қамын ойлайтын осы екі азаматтардың арқасында мен көп нәрсені үйрендім. Ол кісілерге деген алғысым шексіз. Ал, есте қалатын жағдайларға келетін болсақ, 2013 жылы Жансүгіров  -Сағабүйен  жол трассасында орын алған,  жол көлік оқиғасынан біздің ауруханаға  келіп түскен науқасқа жедел түрде ота жасау керек болды. Күрделі ота бірнеше сағатқа созылғанымен, сәтті аяқталды. Науқас тәуір болғаннан кейін, өзінің алғысын әлеуметтік желілерге салып, газет беттеріне шығарып білдіріп жатты. Халықтың алғысына ие болып, науқастарды ауруынан айықтырғаннан артық дәрігерге қандай бақыт керек дейсіз.

- Сіздің ойыңызша нағыз дәрігер қандай болуы керек, және  бүгінгі күнде дәрігерлік қателік неліктен жиілеп кетті?

- Гиппократтың сертін оқып, үстіне ақ халат киген дәрігер өзінің әр басқан қадамы анық,  шешімін  жеті рет қана өлшемей сан мәрте тексеріп барып қабылдауы тиіс. «Ең үлкен бақыт – науқастарыңды  сау  қалпында  көру» деген ұстанымдағы маман нағыз – дәрігер. Дәрігерлік қателік –  өте қиын мәселе болып отыр. «Жаңылмайтын жақ,  сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөз бар, дегенмен адам өмірі қыл үстінде тұрғанда жаңылу мен сүрінуге әсте жол жоқ. Өмірде сағат сайын біз  біліп, танып, көріп болмайтын небір жағдайлар болып жатады. Соның ішінде жемқорлық та бар әрине. Ақшамен техника жаулаған заман болды ғой. Көпке топырақ шашудан аулақпын әрине, дегенмен жөңкіле лықсыған жемқорлық, дәрігерлік қателіктің ең алғашқы себепшісі деп ойлаймын. 2016 жылы екі дәрігер парақорлық фактісімен істі болғанын естіген боларсыз. Қылмыстық кодекстің  366 бабы пара алу бойынша екеуі қазір темір тордың ар жағында. Біреуі 7 жыл, біреуі 7,5 жылға бас бостандығынан айрылды, мүліктері тәркіленді және өмір бойы мемлекеттік қызметтен қудаланды. Бас  дәрігерлер  мемлекеттік қызметпен теңестірілген деп есептеледі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге қойылатын барлық талаптар дәрігерлерге тікелей қатысты. Дәрігер болу қаншалықты жауапкершілікті болса, оның жазасы да дәл сондай.

- Ал, дұрыс диагноз қою меселесі ше?

- Жалпы, диагноз – ауруды  анықтау, тексерілетін адамның денсаулық жағдайын ауруын, немесе өлімінің себептерін,  аурулардың атау- ларынтүрлері мен барысын,нұсқаларын медициналық терминдермен  жазып  көрсететін  медициналық  тұжырым. Дұрыс диагноз қою ол дәрігердің басты міндеттерінің бірі. Сол міндеттің дұрыс орындалмауының басты қиындықтары мынада: Біріншіден – ауыл аймақтарында науқасты толықтай тексеруге қажетті жабдықтардың жетіспеушілігі, екіншіден – емделушінің өз ауруына қатысты кей фактілерді жасырып қалуы, үшіншіден –  экологияның әр мерзім сайын немесе химиялық  ластанудың әсерінен болатын өзгерістерге байланысты  әлі де  зерттелмеген ауру түрлерінің пайда болуы  деп білемін.

- Көп науқастар шет ел асып, құны бірнеше мың доллар болатын оталарды жасатып жатады. Неліктен біздің елде осындай оталардың жасалмауына не себеп?

- Ең алдымен, Америка,  Жапония,  Еуропа елдерінің қарыштап дамып кеткеніне жыл емес біршама ғасыр болды. Ал Қазақстанның тәуелсіздік алғанына ендігі отыз жылдың шамасы. Шет елде мүмкіндігі өте жоғары операциялық аппараттары бар, оның тек мүмкіндігі ғана емес құныда жағары. Бірақ, Алматы,  Астана  қалаларының белді ауруханаларда өте күрделі оталар жоғарғы деңгейде жасалып жатыр. Ең аталмыш күрделі оталардың бірі  2016 жылы қыркүйек айының жиырма үшінен жиырма төртіне ауған түні Астана «Sputnik»  Ұлттық Ғылыми кардиохирургиялық орталығы дәрігерлерінің тобы өкпенің буллезды эмфиземасымен (ХОБЛ) ауырған 67 жасар науқасқа жасалды. Соңғы сегіз жыл бойы науқас үй жағдайында оттегімен жасанды қолдау көрсету жағдайында болған. Ең минималды физикалық қозғалыстардың өзі науқастың демікпеге шалдығуына әкелетін. Өкпені ауыстырып салу отасы науқастың өмір сүруге деген соңғы үміті болған. Ота 10 сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталған.Дәл осындай елімізде жасалып жатқан оталар  мақтанарлық нәтиже көрсетуде. Алдағы бес он жылда шет елдерде ғана жасалатын оталар біздің елде де жасалатыны және олардың барлығы сәтті шығатыны анық.

- 2018 жылдың төртінші айынан бастап әріптесіңіз Магзум Онгаров  жартылай жетім, толық жетім, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға тегін ота жасауға кірісетінін айтты. Осыған орай, сіздің пікіріңіз қандай?

- Хирургтың басты мақсаты – халыққа қызмет ету.  Ақылы түрде жасалатын күрделі оталарға тек қалталы азаматтар ғана зәру  емес,  әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да мұқтаж. Магзум Онгаровтың қолға алып отырған жоспары қуантарлық  дүние. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын » дейді, елім дейтін азамат табылып тұрғанда қолдан келген көмекті аямауымыз керек. Республиканы, облысты айтпағанда біздің Ақсу ауданының өзінде, ауруынан айығуға қаражаты жетпей, тегін отаны арман еткендер қаншама. Бұл бастама көп жанұяға сыйланған үміт оты деуге болады.

- «Салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі» - дейді. Өзіңіз салаутты өмір салтын ұстанасыз ба?

- Әрине,  денсаулықтың мықты болуы спортпен тығыз байланысты. Біз әріптестерімізбен бірігіп спорттық алаңдарға барып жүгіріп, жаттығу жасап, доп ойнап қайтамыз. Спорт ең алдымен қан айналымын жақсартады. Бойыңызға тараған қан айналымы жақсы болса, көңіл күйіңізде жақсы болады. Қозғалыстың көп болуы семіздіктен, тұз жиналудан, қан қысымының жоғарылауынан т.б көптеген аурулардан сақтайды.

- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек...» деп айтқан еді. Латын әлібиіне көшуге деген көзқарасыңыз қандай?

- «Жеті жұрттың тілін біл» деген екен дана халқымыз. Шекарамыздаң арғы жағында өркендеп жатқан, соның ішінде дамыған отыз елдің қатарына қосылуға елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  нақты қадамдар жасады. Жүріп жатқан көштен қалмауға жұмыла еңбектенуіміз керек.  Латын әлибиіне ауысу, ол медицинаның да жақсы дамуына жағдай туғызып отыр. «Үш тұғырлы тіл» бұл ең алдымен құнды ақпараттар көзі мен  шексіз мүмкіндіктердің  алаңы деп ойлаймын, сол себепті мен латын әліпбиіне көшуді толықтай қалдаймын.

- Еліміздегі медицинаның даму үрдісін алдағы он жылда қалай елестетесіз?  Медицинаға қадамын жаңа басқан студенттерге, әріптестеріңізге айтар тілегіңіз, кеңесіңіз бар ма?

- Алдағы он жылда елбасының алға қойған жоспарларының барлығы ойдағыдай орылдалатынына, мен толықтай сенемін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» жарқын болашаққа айқын қадам басайық. Ал, жарқын болашақ кілті жастарда. Медицинаға жаңадан басқан  студенттерге, әріптестеріме айтарым  «саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» деген, қандай жағдай болса да еңбегіңіз адал болсын дегім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Автор:
Меруерт Махмұтжан