Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тіл - татулық тірегі


15 марта 2018, 15:27 | 1 293 просмотра



Қазақстан - көп ұлтты мемлекет. Қазақстан - біздің ортақ шаңырағымыз, сол үшін бәріміз қандай жағдай болмасын, қазақ топырағын қадірлеп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Біз, өзге ұлт өкілдері бола тұра, мемлекеттік тілді меңгере отырып, қазақ тарихын, мәдениетін, әдебиетін жаңғырта отырып сақтауымыз қажет.

Тіл - әлеуметтік тұрғыдан алғанда да, саяси тұрғыдан бағамдағанда да Қазақстанда тұрып жатқан көптеген ұлттың арақатынасына дәнекер болушы көпір іспеттес. Қазақ тілі дамыған тіл, сол шырайлы тілді барлық салада қолдануымыз керек.

Қазақстанда тұратын барша этностардың татулығы сақтай білген Елбасымыздың сарабдал саясатын бағалауымыз керек.

Қазақ тілі - барлық қазақстандықтардың ортақ тілі, қазақ еліне тағдыр талайымен келіп қоныстанып қалған, өсіп - өрбіген барша этнос өкілдерінің тілі. Сол ұлттар Отаным деп танитын елдің мемлекеттік нышаны.

Мемлекеттік тілді білмеген адам халқының өткені мен бүгінін білмейді. Осы орайда, Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген аталы сөзі еске орала кетеді.

Қазіргі таңда еліміздегі басты мәселелердің бірі - елімізде тұратын  ұлттар мен ұлыстардың ауызбірлігі. Тіл осы істе біріктіруші күш болып табылады. Елімізде мекендейтін 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар қазақ топырағын туған еліміз деп әрдайым ардақ тұтады. Қазақстанның шаңырағы - ұлттар мен ұлыстар татулығының алтын арқауы.

Қазақ тілі барлық заманда ел бірлігінің рухани қуаты болып келген. Тіл дамыған жерде кез-келген салада алға басушылық айқын байқалып, істің алға жетелейтіндігі белгілі. Ал тілдің өркендеуі кез-келген салада мемлекеттік тілді құрметтеуге байланысты Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тілді жан-жақты - педагогикалық, ақпараттық, әдістемелік, мәдени шаралар арқылы қызығушылық, туғызуға бағытталған. Бағдарламада көрсетілген барлық іс-шаралар ұлт бірлігін нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға негізделеді.

Тәуелсіздік тұғырының мықты болуы тіл тұтастығына байланысты екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн. Барша қазақстандықтарды біріктіріп отырған қазақ тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді салу біздің азаматтық парызымыз деп санаймын.

Автор:
Алматы облысы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы