Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


5 марта 2018, 10:07 | 1 331 просмотр



"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, сақтандыру жүйесі екі жылға кейінге шегерілді. Яғни, сақтандыру пакеті 2020 жылдан бастап іске қосылады. Әзірге қазақстандықтар мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакетін бұрынғыша пайдалана бермек. Қор осы уақыт ішінде жүйенің жұмысын жолға қойып, кем-кетігін реттеуге және реформаны іске қосуға қажетті ресурс жинақтауға мүмкіндік алмақ. Қаржы жаңа жүйе іске қосылғанға дейін Ұлттық банкте сақталады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге негізінен өз күнін өзі көріп жүрген 2,7 млн жуық адамның жайы болатын. Бүгінде бірқатар мемлекеттік органдар осы санатқа енгізілген азаматтар сақтандырудан тыс қалмас үшін жұмыс істеп жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша олар берілген уақыт ішінде өзін-өзі жұмыспен қамығандар мәселесін оңтайлы шешуі тиіс. Десек те, жүйе кейінге қалдырылғанымен жарна төлеу тоқтамайды. Біз бүгін оқырмандарымызға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты бірқатар мәселелерді түсіндіріп өтуді жөн көрдік.    

-Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі жылдан кейін енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?

Негізінен қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарған болатын. Комитет биылдан бастап жұмысын тоқтатты. Сондықтан МСҚ қазір заңда көрсетілген міндетін атқарып жатыр. Осы мақсатта былтыр қыркүйек айында қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 45 пайыздан астамы – жеке меншік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сонымен қатар, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді. 

-Жүйені енгізу мерзімі кейінге шегерілді. Ал, жарна төлеу тәртібі өзгерді ме?

Жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Әлбетте, жарна төлеу тәртібінде айтарлықтай өзгерістер бар. Қолданыстағы заң бойынша, 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аударып бастаған болатын. Заңға ұсынылған өзгерістер бойынша, жұмыс берушілер өз қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды және олар аударатын аударым мөлшері де өзгермейді. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2 пайызы көлемінде жарна аударады.Осы жерде жарнаның жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткеніміз жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал, жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде аударым төлеуді тоқтатпайды. 

-Жарнаны жеке тұлғалар қалай төлейді?

Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылып отыр. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, қорға аударып отырады. Жалпы, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда АҚК негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуға міндеттелген еді. Ал бұл аталған санаттағылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән берді. Нәтижесінде, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%, ал, 2021 жылдан бастап 2% аударады. Ал, 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылды. 

-Қазір қорға қанша ақша жиналды? Қаражаты қайда және қалай жұмсау көзделген?  

Былтыр шілде айынан биылғы ақпан айының соңына дейін түскен сақтандыру жарнасының көлемі 47 млрд теңгеге жетті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы медициналық қызметтерді саталуға жұмсалады. Оған дейін бұл резервтен бір тиын да шашау шықпайды. 

-Қормен келісімшарт бекіткен жеке меншік клиникалардың саны қанша?

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы ретінде қор өткен жылы елдегі медицина ұйымдарымен жұмыс істеуге кіріскен болатын. МСҚ-ның мақсаты - жеке меншік секторды осы пакет шеңберінде қызмет көрсетуге көптеп тарту, сол арқылы бәсекелестікті күшейту. Себебі, бәсеке бар жерде сапа бар. Осы мақсатта қыркүйек айында қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсеткісі келетін денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 43 пайыздан астамы – жеке меншік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Ал, жеке меншік клиникалармен бекітілген келісімшарт сомасы биыл 95 млрд теңгені құрады. Бұл да алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен 2 есе көп. Сонымен қатар, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді. 

-Халықтың осындай ірі клиникаларға тіркелуге мүмкіндігі бар ма?

Әлбетте. Жұртшылық емхана таңдау құқығын жылына бір рет пайдалана алады. Осы жерде емханаға қандай жағдайда қайта тіркелуге болады деген сұрақтың басын ашып алсақ. Мысалы, басқа әкімшілік бірлік аумағына қоныс аударғанда, жұмысын немесе оқу орнын басқа жаққа ауыстырған жағдайда, жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына, әскери борышын өтеп болуына байланысты, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы жабылғанда немесе ондағы қызмет сапасына қанағаттанбаған жағдайда тіркелуге болады. Ал, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланғысы келетін азаматтар жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан кезінде басқа емдеу ұйымына тіркеле алады. Жасы 18-ге толмаған тұлғаларды тіркеу үшін өзінің және заңды өкілінің жеке куәлігі талап етіледі. Ал, емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған азаматтар тәртіп бойынша автоматты түрде тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау нысанына тіркеледі. Тұрғындар өзінің қай емханаға тіркелгенін e-gov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілерден анықтап біле алады. 

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған жарналар жинақтала ма және оны кейін қайтарып алуға бола ма?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде медициналық көмек әр адамның қорға төлеген қаржысы есебінен ғана өтелмейді. Егер әр адамның жинаған ақшасын өзіне ғана жұмсалатын болса бір азаматтың жарнасы ол пайдаланған медициналық қызмет ақысын өтеуге жетпей қалуы мүмкін. Мысалы, жұмыс берушінің өз қарамағындағы жұмыскер үшін төлейтін жарнасын алып қаралық. Қазіргі болжамдар бойынша, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап ол әр қызметкердің жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. 2018 жылы орташа жалақы 152 106 теңгені құрайтынын ескерсек, жұмыс беруші келер жылдың басынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы соманың 1,5 пайызын яғни, айына 2 282 теңге немесе жылына 27 384 теңге аударады. Мысалы, өкпе қабынуы сынды кең тараған сырқатты емдеуге орта есеппен 90 240 теңге, соқыр ішекті алып тастау құны 67 525 теңге. Бұл қаржы неге жетеді? Медициналық көмек ақысы әркімнің өзі жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен жасалатын операцияларды қоспағанда, қарапайым ауруларды емдеуге де жетпес еді. Сондықтан қорға жинақталған қаражат елдің ортақ игілігіне жұмсалады. 

-Балалар неше жасқа дейін жарна төлеуден босатылған?

Балалар мемлекет тарапынан сақтандырылатын 14 санатқа кіреді. Жалпы, мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен бөлігін қолдауды тоқтатпақ емес. Атап айтқанда, елімізде тұратын он миллионға жуық адам мемлекеттің қамқорлығына алынбақ. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы. Яғни, 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% құрамақ. Ендеше, бұл медициналық сақтандыруды енгізу арқылы мемлекет ұлт саулығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр деген пікірлердің негізсіз екенін дәлелдесе керек. 

-Қазақстанның медициналық сақтандыру қорымен шарт жасаған медициналық ұйымдар туралы қайдан білуге болады?

Медициналық сақтандыру қоры халықпен кері байланыс орнатуға ерекше көңіл бөледі. Қордың әлеуметтік желілердегі парақшалары белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Тұрғындар өздерін қызықтырған сауалдарға осы байланыс каналдары арқлы жауап ала алады. Ал, Қормен келісімшарт бекіткен клиникалар мен емханалардың тізімін fms.kz сайтынан алуға болады. Сонымен қатар, Қор былтыр қараша айында "Халықтық бақылау" деп аталатын мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Мобильді қосымша азаматтарға Қормен келісімшарт бекіткен ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысына баға беруге болады. Емхана/стационар қызметі дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер негізінде бағаланады. Сонымен қатар, қосымшаны пайдаланушылар кез-келген медицина ұйымы жайлы пікірін жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал, бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеспек. "Халықтық бақылау" қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға орнатуға болады.

Болашақта мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Алдағы уақытта оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, дәрігер қабылдауына жазылу мүмкіндігі сынды функционалдарды қосу көзделіп отыр.   

-Адамның сақтандырылғандығы туралы қалай білуге болады?

Қазір оны "электронды үкіметтің" egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген азамат "жеке кабинетке" кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. Мұның көпшілік үшін ыңғайлы еместігін азаматтарымыз жиі айтып жүр. Сондықтан Қор МӘМС жүйесіне қатысушы мен оның атына аударылған жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беру мүмкіндіктерін қаарастырып жатыр. Осы мақсатта қазір жаңа мемлекеттік қызмет түрін енгізу туралы ұсыныс дайындап жатырмыз. Бұйырса, бірінші жартыжылдық соңында азаматтар бұл қызметті ХҚКО арқылы алатын болды деп сенеміз. 

-Науқас өзімен бірге сақтандыру құжатын үнемі алып жүру керек пе?

Жоқ, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде полис деген болмайды. Сақтандырылған азамат тіркелген емханасына немесе клиникаға барған кезде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) айтса жетіп жатыр. Сақтандырылғандар туралы мәлімет базада тұрады.  

 

Автор:
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы