Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар тегін көмек алуға құқылы


23 февраля 2018, 11:37 | 1 176 просмотров



Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар еліміздегі емханаларға ешбір кедергісіз тіркеле алады. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, аталған азаматтар кепілденірілген тегін көмек пакетіне кіретін медициналық қызметтің барлық түрлерін алуға құқылы. Мұндай норма ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" кодексінде бекітілген. Оның үстіне, әдетте Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қазынаға ел тұрғындарымен бірдей салық төлейді.

Ал, елімізде уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары болса тегін медициналық көмек пакетін толық пайдалана алмайды. Олар қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір аурулардан ғана тегін емделеді.

Бұған дейін хабарланғандай, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кепілдік берілген тегін көмек пакетіне енетін қызметтер тізімі қайта қаралмақ. Оңтайландырудың негізгі мақсаты - болашақта мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына созылмалы сырқаттарды қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы емдеу жүйесіне көшу.

Мәселен, биыл Алматы қаласында мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге 171 медицина ұйымы ниет білдірген болатын. Оның 73-і - жеке меншік клиникалар. Осылайша, халыққа тегін қызмет көрсететін жеке меншік ұйымдар саны 2017 жылмен салыстырғанда 55 пайызға артып отыр. Олармен бекітілетін келісімшарттардың жалпы сомасы 84 млрд теңгеден асып жығылады. 

Автор:
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ