Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қателесіп немесе артық төленген медициналық сақтандыру төлемдерін қалай қайтып алуға болады?


23 февраля 2018, 05:36 | 1 957 просмотров



 

Сақтандыру жүйесіне қателесіп немесе артық төленген жарналарды қайтарып алуға болады. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалы хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, артық ақшаны қайтарып алу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына қайтару туралы өтініш жазу қажет. Төлем жасалғанын растайтын құжаттар (стандартты анықтама немесе төлем құжатының көшірмесі) өтінішке қоса тігіледі. Мемлекеттік корпорация арызды келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тексеріп, жарна мөлшерін, өсімақы бар-жоғын анықтайды.

"Содан соң өтініш төлем реквизиттерімен бірге Медициналық сақтандыру қорына жіберіледі. Қор артық немесе қателесіп төленген ақшаны жеті операциялық күн ішінде Мемлекеттік корпорацияның есеп-шотына аударады. Қаржы қайтарылмайтын болса оның себебін түсіндіретін мәліметтерді жолдайды" делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, қаржы мынадай жағдайларда қайтарылады:

- қате аударылғанда,

- артық төленгенде,

- төлемнің мақсатты коды қате көрсетілсе,

- МТ 102 форматындағы төлем құжатында қате кеткен жағдайда,
- төлеушінің реквизиттері дұрыс көрсетілмесе,
- төлеуші немесе банк қаржыны бірнеше рет аударып жіберсе.

Қазіргі таңда сақтандыру төлемдері жайлы мәліметті "электронды үкіметтің" egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген азамат "жеке кабинетке" кіріп, МӘМС төлемдерінің қашан жасалғанын біле алады.

Хабарламаға сүйенсек, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңына енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, жүйе екі жылға кейінге шегерілді. Соған байланысты барлық жеке тұлғалар, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Ал, жұмыс беруші қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды.

Автор:
ЖД акпарат