Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АҚПАРАТТАР АҒЫНЫ


21 июня 2010, 20:05 | 1 295 просмотров


«СК-Фармация» компаниясы іскерлік танытты

Елордада «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін «СК-Фармация» компаниясы отандық 5 фармацевтика компаниямен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.

Бірегей дистрибьютормен еліміздің жетекші компаниялары, атап айтқанда «Глобал Фарм» БК, «Ромат» ФК, Павлодар фармацевтикалық зауыты, «Нобел» Алматы фармацевтикалық фабрикасы және Қарағанды фармацевтикалық кешені келісімге келді.

Шара барысында кез-келген жаңа кәсіпорын үшін өз өнімін кепілді өткізуі өте күрделі проблемалардың бірі екендігін атап өткен «Ромат» компаниясының президенті Тұрарбек Рақыш «СК-Фармация» компаниясы біздің өнімдеріміздің 30 пайызын сатып алайын деп отыр. Бұл өте үлкен көмек. Осыған орай біз қосымша 120 түрлі дәрі-дәрмек шығармақ ниетіміз бар. Бұған дейін дәрілердің 150-ден астам түрін шығаратынбыз. Жалпы халықаралық танымал фармацевтикалық компаниялардың қоржыны 200-300 дәрі-дәрмекті құрайды», дейді ол.

Еліміз компаниялары 7 жылдың ішінде тиісті өндірістік тәжірибе стандарттарына (GMP) сәйкес өздерінің өндіріс орындарын жаңғыртып, жаңа фармацевтикалық өндіріс орындарын салуы қажет.

Финляндиялық технология енгізілуде

ҚР Президентінің Іс басқармасы департаментінің жаңа заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы Финляндияның «BIOHIT» компаниясымен бірлесіп, Қазақстанда жаңа инновациялық «GastroPanel» технологиясын енгізіп жатыр.

Астанада «BIOHIT» компаниясының жаңа инновациялық «GastroPanel» технологиясын Қазақстанда енгізуге арналған тәжірибелік семинар өткізілді.

Хельсинки университетінің профессоры Пентий Сипонненнің атап өткеніндей, «GastroPanel» асқазан-ішек жолдары ауруларын бастапқы кезеңдерде анықтауға және оны дер уақытында емдеу үшін қолданылады. Сонымен қатар адамның асқазанында, ішек жолдарында қатерлі ісік ауруының пайда болу қатерін білуге мүмкіндік береді.

«Фин жабдығы ағза диагностикасын қанның сараптамасы арқылы жасайды. «GastroPanel» озық технологиясы жоқ кезде әлем елдерінде гастритті диагностикалау гастроскопия түтікшелерін асқазанға тікелей енгізу арқылы жүргізіліп келді. Ол әдіс адамның асқазанына зақым келтіріп қана қоймай, жараның қай жерде орналасқандығын дәл анықтауға мүмкіндік бермейтін еді», дейді ол.

Ас тұзын шектеуді ұсынады

«Ас тұзын тұтынуды азайту гипертониялық ауруларға, инсульт, инфаркт дерттеріне ұшырау мүмкіндігін 15 пайызға төмендетеді», деп атап көрсетті Жамбыл облыстық аурухананың бас дәрігері Болат Қайназаров. Оның айтуынша, бүкіл әлемде тұзды тұтыну тоғыз миллиграмм шамасында, ал қазақстанда бұл көрсеткіш - 12-15 миллиграмм болып отыр. Бұдан басқа, экинококкоз және құтыру сияқты ауыр сырқаттардың алдын алу жөнінде ұсыныстар жасалды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жандос Нәдіровтің айтуынша, 2009 жылы екі мыңнан астам ит қабу оқиғасы тіркелген, соның үштен бірінде одан балалар зардап шекті. «Биылғы жылы 900 оқиға тіркелді, алайда 166 бала тиісті вакцина алған жоқ», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы 588 млн. теңге бөлінуі тиіс.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына сауал жолдаған сенатор Болат Жылқышиев Үкіметтен Оңтүстік Қазақстан облысына конго-қырым қанды безгегінен сақтану үшін қосымша қаражат бөлуді сұрады.

«Оңтүстік Қазақстан өңірі эпидемиологиялық, әсіресе конго-қырым қанды безгегі инфекциясының таралуы бойынша жағымсыз аймақ болып отыр. Эпидемиологияға қарсы жүйелі шаралардың қамтылмауы салдарынан соңғы жылдары бұндай кеселді жайттар орын алып келеді. 2009 жылғы шілде айында аталған жұқпалы дерттің 23 оқиғасы тіркелді. Онда 8 адам қайтыс болды. Ал ағымдағы жылдың өзінде қанды безгекті жұқтырудың 10 оқиғасы орын алып, 3 адам көз жұмды», деді Б. Жылқышиев.

Сенатордың айтуына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі аталған жұқпалы нәубетпен күреске 380 млн. теңге бөлген. Ал жүргізілген шаралардың тиімділігі тек 40-45 күннен соң ғана белгілі болатын көрінеді. Сондықтан да, жүргізілген жүйелі шараларды ағымдағы жылғы маусым-шілде айларында тағы қайталау қажет.

«Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысына аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 588 млн. теңге бөлуді сұраймын», деді сенатор.

Автор:
«ЖД» ақпарат