Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: ЗДОРОВЬЕ

Мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтер пакетін оңтайландыру қажет


22 февраля 2018, 10:56 | 2 212 просмотров



Мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтер пакетін оңтайландыру қажет. Денсаулық саласындағы білікті сарапшы Серік Тәңірбергенов мұның себебін былайша түсіндіреді. 

Жалпы, бұл туралы Қазақстанда тұратын әрбір адам бұл туралы білгені абзал. Оның үстіне, бұл мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған маңызды тапсырмалардың бірі. Сөзім түсінікті болуы үшін мынадай мысал келтіре кетейін:

Үш адамнан құралған қазақстандық отбасы осыдан 14 жыл бұрын қаланың бір шетінен шағын ғана екі бөлмелі пәтер сатып алды делік. Тіпті сол кездің өзінде де бұл аса бір ұтымды дүние емес-ті. Дегенмен пәтерден пәтерге көшіп, тапқаны пәтерақыдан артылмайтын отбасы мұны уақытша баспана деп қабылдады. Болашақта ақша жинап үлкенірек, жайлы пәтер сатып алуды жоспарлап қойды. Бірақ жыл артынан жыл өтіп, отбасы үлкейді. Жалғыз ұл үйленіп, дүниеге немере келді. Енді екі бөлмелі шағын пәтерде білдей үш буын өкілі тұрады. Алтауының сұранысы да, қажеттіліктері де әртүрлі. Оның үстіне, талай жылдан бері жөндеу көрмеген үйдің тозығы жетіп, жүйкені жұқартып тұрған жайы бар… 

Біз бүгінде медицина саласындағы мемлекеттік кепілдік пакеті атап жүрген - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) төңірегінде қалыптасқан ахуалды осы мысалмен салыстыруға болады. Бұл жерде "уақытша" деп сатып алынған пәтер - осы ТМККК пакеті болса, шағын пәтер тұрғындары - соңғы кезде саны да, сұраныстары да едәуір артқан Қазақстан халқы. Оның мемлекеттен де күтері көп.

Үкімет қаулысымен бекітілетін ТМККК-нің қазіргі форматы 2004 жылы жасалды. Кепілдендірілген көмек тізімінде тегін медициналық көмектің барлық түрлері мен формалары, қызмет көрсету тәртібі және ақысы мемлекет тарапынан төленбейтін қызметтердің де кейбір түрлері атап көрсетілген.

Кәсіби тұрғыдан алып қарағанда, бұл құжат Қазақстанда медициналық көмектің кез-келген түрін тегін көрсетуге кепілдік берілгенін білдіреді. Құжат жыл сайын жаңартылып отырады. Бірақ ол жәй ғана косметикалық сипатқа ие. Тегін медициналық тексеру түрлері егжей-тегжейлі жазылғанымен, онда ауруханалар қызметін немесе жаңа технологияларды сипаттауда үлкен "кемшіліктер" бар. Шынында, асау қарқынмен дамитын медицина саласы үшін бұл қауіпті құбылыс. Салдарынан қағаз жүзінде қолжетімді болып көрсетілген медициналық көмекке шын мәнінде қарапайым халықтың қолы жетпей жүр, ал медицина ұйымына кіріп-шығу қиынның қиынына айналды…

Мұның себебі неде? Бұл тізім бекітілген 2004 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Қазіргі заманғы медицинаның мүмкіндіктері де, елдегі сырқаттану құрылымы да, пациент те өзгеше бүгінде. Өзгермеген тек ТМККК құрылымы ғана.

Былайша айтқанда, ТМККК пакеті технологиялық инфляцияға ұшырады. Он бес жылда дәрі-дәрмек құралдарының да бірнеше буыны ауысып үлгерді. Мысалы, қазақстандықтардың сүйікті антибиотиктері осыдан 10 жыл бұрын сепсисті бірнеше күнде емдеп-жаза алатын болса, бүгінде тіпті, қарапайым деген инфекцияларға да шамасы жете бермейді. Себебі, инфекциялар дәрілік препараттарға төзімді болып алған. Қатерлі ісікті емдеуге арналған таргеттік дәрілер пайда болды. Бұрын-соңды біз мұны армандауға да жүрексінетінбіз. Лабораториялық диагностика толығымен автоматтандырылды. Қанды әйнекке тамызып зерттеу әдісі бүгінде көп жерде қолданылмайды, ал ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде жүкті әйелдің қолына 3D-видео берілетін болған.

Қазақстан халқының саны 3 миллионға артып, 18 миллионға жетті. Қарттар мен балалардың үлесі артты. Халықтың өмір жасы 6 жылға ұзарып, бұрынғыға қарағанда ұзағырақ өмір сүре астадық. Бұрын өлім-жітімнің дені түрлі жарақаттар салдарынан болатын болса, бүгінде ол жалпы өлімге негіз болатын 3 түрлі себептің қатарынан шығарылды. Үштікте тек созылмалы аурулар ғана қалды. Енді "екі бөлмелі пәтер тұрғындарының" басым бөлігін қарттар мен балалар құрайды. Олардың медициналық қызметтерді де көбірек тұтынатыны даусыз. Ал, кепілдендірілген көмекті пайдаланушылардың жұмысқа қабілетті бөлігі болса денсаулығын күтіп, профилактикалық тексерулерден өтуді әдетке айналдырмаған. Дегенмен рынок бір орында тұрмайды. Медицина индустриясы саласындағы жетістіктердің бір бөлігі жеке меншік клиникаларда пайда бола бастады. Әрине, тегін емес, ақылы. Осыдан кейін "тұрғындар" өздерінің "екі бөлмелі пәтері" мен анда-санда көріп жүрген "мәрмәр мен әйнектен салынған еңселі тұрғын үйді" салыстыра бастайды. Бұл - заңды құбылыс.  

Бұл салада өзгермеген тағы бір нәрсе бар. Ол - Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы мәселесі.

Cебебі, 2010 жылдан бастап ұлт денсаулығына жұмсалатын шығын тұрақты түрде қысқарып, ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 3,4 пайызына дейін төмендеді. Ал, даму деңгейі бізбен бірдей елдер денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімінің жоқ дегенде 6,3 пайызын бөліп отырады. Ал, біздің елде салаға жұмсалатын мемлекеттік шығын үлесі жылдан жылға төмендеуде. Есесіне, сіз бен біздің қалтамыздан шығатын жеке шығын көлемі жыл сайын артып отыр. Отандық экономикамыз тұралап тұрмаса да, денсаулық саласына салынатын инвестиция жағынан біз Африка елдерінің деңгейіндеміз. Өкінішті. Соған қарамастан медицинамыздың Еуропадағыдай болғанын қалаймыз.    

14 жыл ішінде Қазақстан дәрі-дәрмек, қосалқы материалдар мен медициналық қондырғылар импортына тәуелділіктен арылған жоқ, ұлттық валютамыз да бірнеше мәрте девальвацияға ұшырады. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтердің көпшілігіне деген сұраныс төмен. Барлығы 2 мыңға жуық қызметтің 300-іне ғана сұраныс жоғары. Бірақ соның өзі тиісінше қаржыландырылмайды. Жетілдірілген, жаңа қызмет түрлеріне көшудің орнына, бар ақша сұраныс төмен әрі ескірген бес қызметке "жұғын" болып жатыр. 

Осыны ойласаң, медициналық қызмет рыногындағылардың (медициналық клиникалардың) кепілдендірілген көмектің (ТМККК) қазіргі тізіміне неліктен көңілі толмайтынын түсінесің. Өйткені, олардан болмайтын, өнбейтін іс талап етіледі. Яғни, қазіргі талаптар бойынша медицина ұйымдары осыдан 14 жыл бұрынғы бағаға, ескірген материалдармен "жаңаша" қызмет көрсетуге міндетті. Өкінішке орай, асүйінде екі кісі айнала алмайтын ескі пәтерде отырып, өзіңді жаңа тұрғын үй кешенінде отырғандай "сезіне" алмайсың. 

Жалпы, бұл мәселенің өзектілігі соншалық, соңғы кезде оған мемлекеттік деңгейде басымдық беріле бастады. Оған елбасының биылғы жолдауындағы "мемлекеттің міндеттемелері нақтылап, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің жаңа нұсқасын әзірлеу" туралы тапсырмасы осы сөзіміздің айғағы болса керек.

Бірақ бұл оңай шаруа емес. Кепілдендірілген көмек пакетін (ТМККК) қайта қарау процесі тегін медициналық қызметтердің жаңа тізімін жасаумен ғана шектелмейді. Сайып келгенде, бұл этикаға, басымдықтарды таңдау, техника мен қоғамдық консенсусқа келіп тірелетін мәселе. Енді осы мәселелерді қысқаша қарастырсақ. 

ЭТИКА ЖӘНЕ БАСЫМДЫҚТАР

ТМККК пакетін оңтайландыру қажеттігі даусыз. Бірақ осы жерде неден (қандай қызметтерден) бас тарту керек деген сұрақтың басы қылтиятыны тағы рас. Меніңше, оған жауап беру үшін: қанша қаражат жұмсауға мүмкіндігіміз бар және қаржыны ең алдымен неге бөлген дұрыс деген екі мәселені шешіп алуымыз керек. Себебі денсаулық сақтау жүйесінің міндеті - экономиканы орасан зор шығынға батыратын ауыр дерттердің белең алуына жол бермеу және ауруларды мейлінше тиімді тәсілмен емдеу болып табылады.

Әлемдік тәжірибеде кепілдендірілген медициналық көмек пакетін қалыптастыру процесі медициналық технологияларды бағамдау негізінде жүргізіледі. Мұны медициналық технологияларды немесе дәрі-дәрмектердің тиімділігін дәлелдейтін, жаңа дүниенің рынокта бар технологиялардан артықшылығын анықтайтын мәліметтерді іздестіруге бағытталған зерттеушілік қызмет десек қателеспейміз. 

ТЕХНИКА

Қазіргі таңда кепілдендірілген көмек пакетінің шынайы көлемін медицинадан хабары бар, денсаулық саласының маманы ғана түсіне алады.  Себебі ТМККК-нің негізгі мәселелері үкіметтің арнайы қаулысында сипатталған. Одан қалғаны Денсаулық сақтау министрлігінің көптеген құжаттарында нақтыланған.

Өкінішке қарай, мұндай құжаттар қарапайым азаматтар үшін түсініксіздеу. Сол себепті, заң шығару жүйесіндегі құжатты бірнеше деңгейде жіктеу тәжірибесі бізге жарамайды. Оның үстіне, бұ құжатты А4 форматындағы 4 бетке де сыйдыра алмаймыз. Әлем елдерінде кепілдік берілген медициналық қызметтің барлық түрлері мен оларды алу тәртібін тәптіштеп түсіндіретін нақты құжаттар дайындау тәжірибесі қолданылады. Меніңше, осы тәжірибеге ден қойғанымыз дұрыс. Өткені әр азамат өз құқықтары мен мемлекет міндеттемелерінің шегін түйсініп, шекарасын ажырата білуі тиіс. 

ҚОҒАМДЫҚ КОНСЕНСУС

ТМККК пакеті - қоғамның ортақ игілігі. Сондықтан кепілдендірілген көмек пакетін оңтайландыру мәселесі жалпақ жұртшылықтың талқысына түсуі тиіс. Және жоғарыда аталған мәселелер бойынша қоғамдық бәтуаға қол жеткізуіміз қажет. 

Ендеше, ТМККК пакетін оңтайландыру дегеніміз қарапайым азаматтар үшін нені білдіреді?

Оңтайландыру нәтижесінде азаматтар кепілдендірілген тегін көмектің жан-жақты түсіндірілген, заман талабы мен қоғам сұранысына қарай жаңартылған тізіміне қол жеткізбек. Бұл жерде жұртшылыққа жеткізетін екі жаңалық бар. Бірі - жағымсыз: ТМККК пакетіне бөлінетін қаржы азайды. Екіншісі - жақсы жаңалық: аз болса да аталған қаржыға тиімділігі дәлелденген дәрі-дәрмек пен кешенді қызметтерді сатып алуға болады. Былайша айтқанда, "көрпеге қарай көсілген" дұрыс. Яғни, бұл жоғарыда айтылған "шағын пәтерден" ескі-құсқыны шығарып тастап, қолда бар қаражатқа сай косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деген сөз. Керемет күрделі жөндеу жасалмаса да, арқадағы жүктің едәуір жеңілдері анық. Нәтижесінде "пәтер тұрғындары" көршілермен бірігіп инженерлік желілерді жөндеу қажет пе, әлде, жаңа әрі кең пәтерге қаржы жинау қажет пе деген логикалық мәселенің дұрыс шешімін табады деп сенемін.

Бұл әлеуметтік медициналық сақтандыруға, ерікті медициналық сақтандыру мен елдегі медициналық қызметтер нарығын дамытуға қатысты мәселе болмақ.   

Автор:
Серік Тәңірбергенов, денсаулық сақтау саласының сарапшысы, дәрігер, ӘМС қорының стратегия жөніндегі баасқарушы директоры.