Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БУЫН АУРУЛАРЫ – ХХІ ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІ


21 июня 2010, 19:56 | 2 360 просмотров



(Соңы. Басы өткен санда)

АҚ СӨЙЛЕ

- Спортшыларымыз бұған қалай қарайды?

- Бізге спортшылар ең бірінші, жүгінуі керек, қай елдің медицинасы жақсы дамыған болса, сол елдің спорттық көрсеткіштері жоғары болады. Мысалы, жаңағы айтқан «остенил» деген май, ол - допинг емес, тек жай гиалурондық қышқыл. Бұл қышқыл адам ағзасында қалыпты түрде кездеседі. Ол қышқыл мысалы, адам бетінің астында болады, сол қышқыл қалай азаяды, солай адам бетіне әжім түсе бастайды. Остенилді қазір Ресей спортшылары соңғы үш жылда жиі қолданып жүр. Оны жарыс алдында спортшының тізесіне егеді, нәтижесінде ол қаттырақ секіреді, жүгіреді және тағы басқа қимылдарға барады. Бірақ допинг болып есептелмейді. Остенил арнайы бактериалды ферментативтік әдіспен әлемде тек Швейцарияда және Германияда ғана шығарылады. Оның құрамында жануар ақуызы болмайды. Сонымен қатар мен жаңа айтып кеткен ортез құралы спортшылардың түрлі жарақаттардан сақтануына септігін тигізетіндігін ерекше атап өткім келеді.

- Буын ауруларын емдеу саласына өзіңіз қалай келдіңіз?

- Мен институтта оқып жүргенде бірінші курстан бастап анатомия сабағында сүйек, буын тақырыптарына қатты қызығатынмын. Ақыры, осыдан бірнеше жыл бұрын бірінші кардиологиядан бастадым. Сол салада кандидаттық диссертация қорғап, «Кардиология және ішкі ауруларды зерттеу институтында» ревматология бөліміне жетекшілік еттім. Міне, содан бері осы салаға қатты кірісіп кеттік. Ол үлкен ғылыми-зерттеу институты болғанымен, біз онда ештеңе істей алмадық. Тек жаңағы айт-

қандай ауру сезімін кетірумен айналыстық, өйткені сапалы дәрі-дәрмек болмады.

- Сіз басқарып отырған буын ауруларын емдейтін мекеменің өзгеден ерекшелігі неде?

- Ең қызығы, екі жыл бұрын «Айқын» газеті тілшісімен болған сұхбат мені көп ойларға жетеледі. Неліктен отандық ревматология саласын дамыту үшін тек мемлекетке қарап отыра бермей, өзіміз бастама көтермеске деген ой келді. Нәтижесінде, осыдан екі жыл бұрын Алматыда елімізде тұңғыш рет буын аурулары орталығы дүниеге келді. Біз Орталық Азияда буын ауруларын емдейтін жалғыз клиника емеспіз, басқалары да бар. Мысалы, Қырғызстанда. Бірақ әлемдік стандарттарға сай жұмыс жасап, өз жұмысына ең соңғы озық технологияны ендірген тек біз ғана, басты ерекшелігіміз сол болар. Орталықта ғылым докторлары мен жоғары дәрежелі дәрігерлер жұмыс істейді. Олардың көпшілігі шет мемлекеттерде тәжірибеден өткен. Қазір еліміздің беделді медициналық бағыттағы жоғары оқу орындарымен арнайы келісімдер жүргізіп жатырмыз. Сол бойынша ревматолог мамандарды дайындауға үлес қосамыз. Ревматолог мамандардың біздің орталықта білімін жетілдіруіне мүмкіндік жасайтын боламыз. Өткен жылы екі маманды еуропада оқытып әкелдік. Остенилді елге әкелу де қызық оқиға болған. Алматыда ревматолог дәрігерлердің Қазақстан және Орта Азиялық конгресі өтті. Шетелден қонақтар келетін болды да, ағылшын тілін білетіндіктен, оларды әуежайдан күтіп алу маған жүктелген болатын. Күтіп алып, жолда әңгімелесіп келе жатып, оның менің арманым болған остенил дәрісін Қазақстанға тарату мәселесі бойынша келгенін естігенде, жер астынан жеті қоян тапқандай қуандым. Осыдан келіп Швейцария - Қазақстан халықаралық фармацевтикалық байланысын орнаттық. Былайша айтқанда, ревматидті ауруларды емдеуге арналған әлем бойынша №1 дәрі-дәрмекті Қазақстанға және Орталық Азияға тарататын жалғыз дистрибьютор атандық. Бұл жердегі басты жеңіс не? - деп сұрарсыз, жауап берейін. Қазақстан медицинасы көптеген дәрі-дәрмекке, тіпті емдеу тәсілдеріне де Ресей арқылы қол жеткізіп жатыр. Ел ғалымдары республикаға келген дәрі-дәрмекті қолдануды ғана үйренген. Ал, тиімділігі одан бірнеше есе жоғары, бірақ шетелде ғана бар дәрілерді елге әкелуде енжарлық танытады. Біздің жеңіс те сол - ревматидті аурулардан сауықтыратын ең озық дәрілерді ешбір делдалсыз, тікелей Қазақстанға және Орталық Азияға жеткізіп, таратып отырмыз.

- Дәрі-дәрмекті әкеліп, таратумен жұмыс шектелмейтін шығар. Жаңа технологияны ендіру - жаңа емханалар ашу, халықаралық стандартқа лайықты дәрігерлер мамандандырумен жалғасын табуы қажет емес пе?

- Дұрыс айтасыз. Дәріні Қазақстанға тасымалдап жеткізумен жұмыс бітпейді. Біз бұл жеңісіміздің жалғасы ретінде Алматыда буын ауруларын емдейтін арнайы орталық аштық. Мұнда науқастарға тек әлемдік стандартқа сай ем қолданылады. Бұл жерде біз ел медицинасында осы уақытқа дейін сақталып келген қасаң да қате қағида-түсініктердің бәрін бұзып жатырмыз. Мәселен, жалғыз біз емес, әлемнің көптеген елдерінің дәрігерлері буын қабынуының себебін анықтай алмай келген. Көбі суықтан не тұқым қуалау арқылы пайда болады деген пікір айтқан. Біз оның ағзаға түскен инфекциялардан да туындайтын сырқат түрі екенін дәлелдеп шығардық. Сондай-ақ буын ауруына ұшырағандар ақыр аяғы мүгедек болып қана қалады деушілердің қате пайымын жоққа шығарып, екі жыл бұрын-ақ Париж төрінде жасаған баяндамамызда осы сырқаттан аяғына тік тұрған әйелдің мысалында ревматидті ауруларды жазуға болатынын нықтап дәлелдеп бердік. Алда тағы да ұзақ мерзімді жоспарлар бар. Жоғарыда бір сөзімде айтып кеттім, Қазақстан халқының 90 пайызы ревматидтік аурулардан қашып құтылмайды. Демек, бір Алматыда ашқан емханамыз Қазақстанның 16 миллион халқының қажетін өтей алмайды. Сондықтан бұл жүйені Астана қаласында және облыс орталықтарында ашу жоспарымызда бар. Әрине, бәрі бірден болмайды, қаражат, қолдау керек бұл іске.

- Буын ауруларын емдеу қаншалықты қымбат?

- Буын ауруларын емдеу онкологиялық ауруларды емдеумен тұспа-тұс. Яғни өте қымбат. Медицинаның ақылы болғаны дұрыс. Мысалы, менің осындай маман болып қалыптасуыма жиырма жыл уақыт кетті. Мен білікті маман болу үшін қаншама тер төктім. Емдеу тегін болсын деген дұрыс емес. Бізде денсаулықты сақтандыру жүйесі ендірілуі қажет. Ол болмаса, мемлекеттік дотацияның мықты болуы шарт. Мен мемлекеттік кәсіпорында қызмет істедім. Мен емдеген адамдар менен қанша төлеу керектігін жиі сұрайтын. Сол кезде ыңғайсыз жағдайға жиі қалатынмын. Дәрігер пациентпен емдеу бөлмесінде ақша мәселесін талқыламауы керек, ол дұрыс емес. Дәрігердің басты мақсаты - сапалы емдеу, өз жұмысында әлемнің озық технологияларын тиімді пайдалану.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Автор:
Әңгімелескен Нұрболат АМАНЖОЛ, «Айқын» газеті