Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ақын Сара ұрпақтарының үні


22 января 2018, 06:48 | 4 820 просмотров



Ақын Сара Тастанбекқызының тағдыры туралы  жазылған шығармаларды оқып,  салыстырсаңыз, түрлі қайшылықтарға кездеспей өту мүмкін емес.  Сара  қыздың өмірі  қоғам дамуының ең бір күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді.  Сондықтан да,  ақын жайлы ой толғаған азаматтардың көбі сол дәуірдің үнімен сөйлеуге тырысқаны байқалады. Әйтпесе, тұрмыстіршіліктің етекбастылығынан бойын биік ұстайтын, адамдық арын, беделін асыл сөзбен қорғауға дәрмені жететін, оның үстіне өзі ұста, өзі әнші әкесінен дарыған пысықтығы бар бойжеткен Сараны жалаң аяқ,  жалаң бас көрсетіп, мал артынан жүргізіп, тезек тергізіп қою кімге керек болды дейсіз? Кеңес әдебиетіне үлес қосуды ғана көздеп,  кеңес  саясатын насихаттап абырой-беделін көтерушілер жас ұрпақты сол дәуірдің жаңа рухында тәрбиелеу үшін осындай қадамдарға барған болар. Өйткені, бәрі де Совет саясатымен үйлесуі міндетті еді. Кедей мен байдың күресі, тап тартысы шығармалардың арқауына айналған кезең.

Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері ғана тарихымызды қайта таразылап, адамы заманына қарай бұрмалаған өрескелдіктерді қайта қалпына келтіріп, ұрпаққа нақты дәлел-деректерді жеткізе бастадық. Тарихи тамырымыз бен ұлттық болмысымыздың қайдан өрбігенін тани түстік. Осындайда,  халықтың, әсіресе, танымал тұлғалардың ізбасарларының тарихқа өзіндік үлес қосуы міндетті. Ақын Сара Тастанбекқызы туралы  деректерді  іздестіру барысында  да тың дүниелерге сол артында қалған жақындары, туғантуыстары арқылы қол жеткізудеміз.

Ақын Сара Тастанбекқызы мен Бекбай Алтынбекұлының балалары жайлы бірнеше рет жаздық. Енді жиен немерелері туралы қалам тербеп көрсек. Бекдайыр мен Қозыайыр әкесі-Сағади мен шешесі Рухияның (ақын Сараның ортаншы қызы.ред) байманаптың тұқымы болуы себепті, қудалауға ұшырауынан Үштөбе қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленгені мәлім.

Сағади Жүнісбек Дайырұлы:

ZH-nisbek-1-300x180.jpgЖүнісбек Бекдайырұлы

— Менің әкем Дайыр Сағадиұлы (Бекдайыр) 1919 жылы туған.  Жастық кезі балалар үйінде өтті. Орта мектепті аяқтаған соң Талғардың ауылшаруашылық техникумына түсіп, қызыл дипломмен бітірді. Қалған өмірі ауыл шаруашылығымен  тығыз байланысты болды. Бес ұл, екі қыз өсіріп, тәрбиеледі. Ұлы Сағади Жүніс Дайырұлы 1945 жылы туылған, 2005 жылы дүние салды. Білім саласында қызмет еткен. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеді, көп жылдары директор қызметін атқарды.

Кіші ұлы Сағади Нүсіп Дайырұлы 1947 жылы туылған. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастаған.Аудандық білім бөліміне ауысып, содан соң Қаратал ауданы комсомол ұйымының екінші, бірінші хатшысының қызметін атқарды. Содан соң Талдықорған облыстық комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді. Көп жылдары облыстық партия комитетінде  қызмет етті. 1992 жылы қызметі Қазақстан сыртқы істер министрлігіне ауысып, бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Одан әрі көп жылдар бойы Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінде  кеңесші болып қызмет атқарды. Сол кездерде ғылыми жұмыстармен  айналысып, алдымен кандидаттық диссертациясын қорғап, кейіннен философия докторының диссертациясын қорғады. Бүгінгі күнде зейнеткерлік демалыста жүрсе де, Алматы технологиялық университетінде философиядан лекция оқып, студенттерге дәріс беруде. Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бір ұл мен бір қыз өсіріп жеткізді.

Үшінші ұлы Сағади Күмісбек Дайырұлы 1953 жылы туған. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Осы күні зейнетке шыққанымен қызметін жалғастыруда. Екі ұл бір қызы бар.

Төртінші ұлы — мен, Сағади Жүніс-бек Дайырұлы, 1955 жылғымын. Еңбек жолымды мектептен бастадым. 1980-1988 жылдары Қапал аудандық  комсомол ұйымының бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінде және совхоз парткомының хатшысы болып қызмет атқардым.

1988-1997 жылдары Алматы зооветеринарлық институтында және Қазақ басқару академиясында студенттерге дәріс бердім. Қазіргі кезде Қаратал ауданындағы Панфилов атындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Бір қыз, екі ұл өсіріп жеткіздік. Үлкен ұлым- Дайыр Асланбек Жүнісбекұлы бүгінгі күнде Омск қаласындағы Қазақстанның консулдығында вице-консул қызметін атқарып жүр.

Бесінші ұлы Сағади  Білісбек Дайырұлы, 1960 жылы туған. Ол да еңбек жолын мектептен бастады. Бүгінгі күнде басқа жұмыстармен айналысуда. Бір ұл, бір қызы бар.

Қызы Сағади Күміс-1950 жылы дүниеге келген. Қаратал ауданында медицина саласында жұмыс істеді. Бүгінгі күнде зейнеткер.

Кенже қызы Сағади Айман,1957 жылы туған. Еңбек жолын облпотребсоюзда товаровед ретінде бастап, горпищеторгта бас маман  болып көп жылдар бойы қыз-мет атқарған. Бүгінгі күнде зейнетте.

Заитова Раиса Айсақызы, 1929 жылғы. Қозыайыр Сағадиевтің бірінші әйелі, ұлты-өзбек:

Raisa-apa-225x300.jpgРаиса Заитова

— Менің жолдасым Қозыайырдың үлкен бауыры — Дайыр. Рухы кешірсін! Атын атамайтын едім. Себебі, бауырымдай болған адам. Сол қайнағамның айтуынша,   Үштөбедегі жетім балалар үйіне 4 класта оқып жүргенде алыныпты. Онда барғанда оқуын жақсы оқыған екен. Өкіметоқуға жіберіп, агрономның маман-дығын алды. Қозыайырдың айтуынша, аталары керемет бай болған.  Бірнеше әйел алыпты. Ал шешелері — Рухия басына қиындық туғанда екі ұлын қалдырып, қызын өзімен бірге ала кетіпті. Дайыр аға ересектеу болғандықтан «Әкем Сағади детдомды айнала жүретін еді» дейді. Бекдайырды ересектеу болған соң, (ол кезде төртінші класта оқиды екен) нан турауға қойыпты. Екі уысына нан тығып алып, әкесіне беріп жүріпті. Ол кезде байлардың тұқымдарына тіптен піспей қалған дән қалдықтарын да беруге рұқсат етпейді екен. Кедейлері қолдарына түскен түрлі дақылдардың дәнін талғажау жасап, бірімен бірі бөліскенімен, бай тұқымдарына татырмапты. Сөйтіп, көп адам аштан қырылған ғой.

Мен де сол жетім балалар үйінде тәрбиелендім. Әке-шешем 1939 жылы мені  қайтарып алыпты. Содан екі жылдан соң әкеміз соғысқа кетті. Ол уақытта пенсия деген жоқ. Күн көру қиын. Колхозда тұратын жақындары «бақша салсаңдар да күн көресіңдер, өлмейсіңдер, колхозға келіңдер» деп, апамды көшіріп алды. Колхозда тұрған кезімізде (шын есімі — Бекдайыр екенін білмедім) ол кісі оқуын бітіріп, агроном болып Кировскі ма, бір  жаққа  барған екен. Бір-екі ай жұмыс істегеннен кейін, біздің колхозға бастық болып келді. Өзі қазақ болғанымен, қазақша бір ауыз сөз білмейді. Орыс сияқты еді. Красный восток ауылында орысша сөйлейтұғын адам жоқ. Сонан «Мен орысша сөйлеймін» деген соң, өзіне аудармашы ретінде алып, Райисполкомнан бір кісі келіп, өзін біздің үйге пәтерге тұрғызды. 12-13 жасымда сол колхозға есепші болдым. Нұрилә шешем Дайыр ағаны Шаруман деген қызға қосты. Сол уақытта Қозыайыр армиядан келген. Аға  Елтай-Сарбұлақ деген жерге бастық болып кеткеннен кейін де бізбен жақын араласуын үзген жоқ. Бір кісідей араластық. Содан, ақыры мені апама айтып жүріп айналдырып, «бармаймын» дегеніме қарамай Қозайырға қосты. Бұл 1948 жыл болатын.Он жылдай бірге тұрып екі баланы дүниеге әкелдім. Үлкенім-Рахима 1952 жылы туған. Ұлым-Қожахан 1955 жылы дүниеге келді. Аяғында 1956 жылдары  баяғы қудалау кезінде Қытайға қашқан байлардың тұқымы қайтып келіп жатқанда Сағади атамыздың жақын туысы болып келетін 50-60 шамасындағы Жанат деген әпкесі де елге келіп, бізді тауып алып «Қазақтың соқыр қызы табылмай қалды ма? Сарт-сабаннан алып бергені несі?- деп, екі баласының барына қарамай Қозыайырды да «теңіміз емес» деп, 4 баласын жылатып ағаны да әйелдерінен ажыратып жіберді. Аға мен абысыным 5-6 ай бөлек тұрып,қайта қосылды. Мен сол кеткеннен оны қайтып көрмедім. Бірақ, қай жылы екені есімде жоқ, балаларға алатын алиментім бар еді, соны кешірсін деп, сот орындаушысы Ақылбай деген  адаммен үйге келді. «Мына кісі 4 балам бар. Күн көруім қиын. Алимент алмаса қайтеді?» деп. Ал, мен «Балаларды қалай асыраймын, алимент аламын» дедім. Содан кейін  Қозыайырды көрген жоқпын. Бірақ, Үштөбеде тұрғанда ақын Сараның Рухиядан туған  қызы Қоғалыда тұрады, бар екен. Ол менің екі бауырым бар еді деп сұрастырыпты, Іздейді екен деген хабар жетті. Оған Дайыр аға (мінезі қатаңдау еді) «Оның шешесі бізді тастап кеткен онан бізге не пайда? Ондай қарындастың керегі жоқ» деп, араласпадық. Аяғы не болғанын білмеймін.

Қожахан Сағадиев, Қозыайыр мен Раисаның ұлы:

IMG_0526-300x225.jpgҚожахан Қозыайырұлы отбасымен

— Мен әкемді бірақ рет, тоғыз жаста шығар шамамен, көргенмін. Үйге келіп, анаммен сөйлесіп, қайтып кетті. Артынан шешем «жаңағы кісі сенің әкең» деді. Болғаны сол ғана. Есімде жоқ. Бүгінде Бекдайырдың балаларымен, әкемнің кейінгі алған әйелінен туған қарындас, бауырларыммен араласып тұрамын. Ақын Сараның ұрпағы екенімді жақсы білемін. Өзім өзге жақта тұрсам да ақын әжеміздің ауылдас қызына үйленіп, бүгінде екі қыз, бір ұлдың әкесімін. Жолдасым-Райхан.  Қыздарым-Гүльвира мен Жұлдыз шетелде қызмет жасайды. Ұлым-Мұрат та қызметкер. Әпкем-Рахима 2000 жылы қайтыс болды. Оның жолдасы- Құдайберген де 2016 да өмірден озды. Лаура, Руслан деген балалары бар.

Мақаланы әзірлеу барысында бірқатар айтылмаған ақиқаттарға кезіктік.

Ақын Сараның  ортаншы қызы-Рухияның келіні Майсара (Мауқыт) Сағадиева  1979 жылы 10 мамырдағы  өз қолымен жазған хатында (ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы жанынан 1998 жылдан бастап шығатын «Отан тарихы» журналында басылған)  нақты деректерді тізіп көрсетіп, болашақта ешкімнің де ақынның өмірін білмей, зерттемей, өтірік дәлелдермен жазбауын  өтінеді…

IMG_0483-300x225.jpgМайсара (Мауқыт) — Қозыайыр

«Менің ерім — Сағадиев Қозыайыр 1921 жылы туған. Құжат бойынша 1924 деп жазылып кеткен. Руы — Ақтілес Найман. Жолдасым 1973 жылы ауырып, қайтыс болды, колхозшы еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қозыайыр Сағадиевтің шешесі — Рухия белгілі ақын Сараның кіші қыздарының бірі. Рухия қайын енеміз, ақын, шешен Сара Тастанбекқызы қайтыс болғанда, он үш жаста екен. Ақын Сара 1854 жылы-барыс жылы туған .  Биыл 1979 жылы 125 (жүз жиырма бес) жаста! Қайын енем —  Рухия 1894 — жылқы жылы туып, 1925 — сиыр жылы қайтыс болған. Әкесінің аты — Бекбай, руы-Тасыбай Найман. Бекбай Алтынбекұлы нағашы атамыз 1852 тышқан жылы Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Зерносовхоздың Ақын Сара бөлімшесіне таяу Қарашоқы деген жерде туып, 1933 жылы Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Ильич колхозының территориясында Ұзынбұлақ деген жерде қайтыс болды. Рухия қайын енеміз де өз әкесі туған жер — Қарашоқыда туып, Солтанай, Балпық жотасы деген жерде жаз айында ауырып, қайтыс болды. Ал, ақын Сара нағашы шешеміз Талдықорған облысының Ақсу ауданындағы Ақсу өзенінің бойында туып, 1907 — қой жылы жаздың басында Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Зерносовхоздың Ақын Сара бөлімшесіне таяу Қарашоқы деген жерде ауырып қайтыс болыпты. Руы-Орта жүз Матай Найман, оның ішінде Кенже руының Тастемір табынан. Нағашы атамыз Бекбай ақын Сара нағашы шешеміз 1907 жылы жаздың басында қайтыс болған соң Төртқара Найман руынан 1867 — қоян жылы туған Нұрғайша есімді келіншекті алады. Одан 1908 — мешін жылы туған Рәпия деген нағашы апамыз болды. Рәпия нағашы апамыз 1941 жылы маусым айында Талдықорған облысының Талдықорған ауданында  Арал колхозында ауырып, қайтты.  Күйеуі-Ысмағұл Байтұрғанұлы деген Көлдей Найман руынан. Рәпия нағашы апамыздан 1929 — жылан жылы туған Сарқытбек деген бөлеміз бар. 1914 — барыс жылы жазда Нұрғайша есімді нағашы шешеміз қайтыс болып, Бекбай нағашы атамыз Ұлы жүз Жалайырдың Мырза руының Анақ табының Сарбал деген адамының Ұлтай есімді, 1896 -мешін жылы туған қызын алыпты. Сол Ұлтай нағашы шешеміз 1944 жылы қайтыс болды. Ұлтай нағашы шешемізден 1917 -жылан жылы туған Мүштария деген нағашы апамыз осы күні бар. Талдықорған облысының Талдықорған ауданындағы Киров колхозының Қызыл Октябрь бөлімшесінде тұрады. Ақын Сара нағашы шешеміздің  алғашқы ұл-қыздарының атын білмеймін, ал кейінгі қыздарының үлкені — Жұмахан 1883-қоян жылы туыпты. Жұмахан өзінің күйеуі — Науқанбаймен құрдас екен. Науқанбайдың руы Ұлы жүз Жалайырдың Сыпатай руының Сәукі табынан. Науқанбайдың туған жиені-Мейірманов Халық 1902 — барыс жылы туған, қарт мұғалім, бүгінде бар. Талдықорған облысының  Қаратал ауданындағы 1 Май совхозының Қожбан бөлімшесінде тұрады. Ақын Сара нағашы шешеміздің  1896 – мешін жылы туған ең кіші қызы Кіпия 1930  жылы күзде ауырып қайтыс болады. Кіпия нағашы апайымыздың күйеуі — Рамазан Аманжолұлы Орта жүз Тарақты руынан.  Кіпия нағашы апамнан туған Қасым деген бөлеміз 1932 жылы  қайтыс болды.  Қасым бөлеміз 1917-жылан жылы туыпты. Рухия қайын енеміздің алғашқы ұлының атын білмеймін, екінші ұлы-1919 -қой жылы туған Бекдайыр Сағадиев қайынаға осы күні бар, есепші болып қызмет істейді. Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе күріш совхозының Достижение бөлімшесінде тұрады. Үшінші ұлы-менің ерім — Қозыайыр Сағадиев еді.  Қайын атамыз-Сағади Ыбырайұлына (1885-1933жж.) қайын енеміз Рухия нағашы шешеміз Нұрғайшаның қолынан ұзатылыпты. Нағашы апайымыз-Кіпия  да (1896-1930 жж.) Рамазан Аманжолұлына нағашы шешеміз Нұрғайшаның көзі тірісінде ұзатылған екен.

Ақын Сарадан 1890 — барыс жылы туған Ермұхаммед (1890-1932 жж.) деген, 1892 жылы туған Баймұхаммед деген нағашыларымыз болыпты. Баймұхаммед 1927 — қоян жылы жазда көкпар шабыста «Естібай сайы» деген жерде аттан жығылып, өзінің үйінде бір апта бойы тілсіз жатып, қайтыс болыпты.

Ермұхаммед әйелі Ақжолтаймен, ұл-қыздарымен, соңғы шешесі-Ұлтайдан туған бес інісімен бірге 1932 жылы күзде қайтыс болыпты. Ермұхаммед нағашымның әйелі  Ақжолтай Шүлкенбайқызы 1892 -ұлу жылы туған екен. Ұлы жүз Жалайырдың Андас руының Жомарт табынан. Ақжолтайдың інілері-Артық ақын Жексенбеков, Ғазиза деген кісілер осы күні бар. Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы Бірлік совхозының Бесағаш бө-лімшесінде тұрады. Ақжолтай Бекзат нағашы апам үйіне Нұрғайша нағашы шешеміздің бар кезінде келін болып түсті. Ермұхаммед, Ақжолтай, Бекбай, Ұлтай төртеуі 1929-1933 жылдар арасында Ұзынбұлақ колхозына мүше болыпты.

Ақын Сара нағашы шешеміз он сегіз жасында 1871 (бұл жағдайда туған жылы 1853 болады. Ред.) жылы-қой жылы күзде  сақа ақын Орта жүз Ашамайлы Керей Біржан сал Тұрлыбайұлы Қожағұловпен айтысыпты. Айтыс Біржан салдың айтуымен қағаз бетіне түсірілген екен. Сол айтыстың Бекбай нағашы атамның үйінде қалған көшірмесінен 1890 — барыс жылы жазда Тегерес жайлауында түркістандық бала сүндеттейтін, сөзуар, сөз теретін, әнші, домбырашы қожа жігіт-Жүсіпбекқожа Шайхұлисламұлы деген кісі келіп, көшіріп жазып алып кетіп, «Біржан-Сара» айтысын кейін 8-9 (сегіз-тоғыз) жыл өткен соң Қазанда бастырып шығарыпты. Бір нұсқасын  «Біржан-Сара» айтысын Орта жүз Ашамайлы Керей Әміржан ақын бастырған. Ақын Сара нағашы шешемізді атастырған күйеуі Жиенқұлдан құтқарушы да, Бекбайға қосушы да, Бекбай мен Сараға батасын беруші де Біржан сал екен. Ақын Сара шешеміз 1900 — тышқан жылы 47 (қырық жеті) жасында күзде Матай Найман Тәнекенің Қожабегінің әйелі Дәния ұл тауып, соның шілделік тойында Кіші жүз Алшын Жетіру Жағалбайлы 57 (елу жеті) жастағы Төребай ақын Есқожаұлымен айтысыпты. «Төребай мен Сара» айтысын сол Тәнекенің Қожабегінің үйінде Төребай ақынның атқосшысы-Сейдахмет Кебенекұлы (1878-1975 жж.)деген 23 (жиырма үш) жасар хадимше сауатты жігіт қолма-қол қағаз бетіне түсіріп алыпты. Дәния-Алшын Төребай ақынның кіші қарындасы. «Төребай мен Сара» айтысы сол кездің өзінде-ақ елге тарап кетіпті. Бұл материалдарды мен өз күйеуім — Қозыайыр Сағадиұлынан естіп білдім. Менің ерім-Қозыайыр Сағадиев өз нағашы шешесі-ақын Сара Тастанбекқызы туралы нағашы атасы Бекбайдан, соңғы нағашы шешесі — Ұлтайдан, нағашы апалары — Кіпия мен Рәпиядан, нағашы ағасы — Ермұхаммедтен, нағашы жеңгесі- Ақжолтайдан, өз әкесі Сағади Ыбырайұлынан, аталас туысы —  Мырзахмет Бекбалановтан бала кезінде естіп, әбден қанық болып, есіне жақсы сақтаған. Бізден ешкім ақын Сара туралы материал алып көрген жоқ. Біз Сараның өлеңдерін білмейміз. Тек 1906 -жылқы жылы жазда Сараның көршілес Ұлы жүз Жалайыр елдеріндегі құдаларын, дос-жарандарын аралап, соларда күйеуі Бекбай екеуі қонақ болып, ақын Сара Ұлы жүз Жалайырдың Андас руындағы Керімқұл Назарұлы шешеннің ауылында жатып, балгерге қаралады. Еліне аттанып бара жатып, өзінің Жалайыр елінің құрметіне разы болғанын білдіріп, 60 (алпыс) ауыз өлең шығарады. Соны естідік. Үлкен қоян жылы — 1879 жылы жазда ақын Сара нағашы шешеміз Ұлы жүз Жалайырдың Сиыршы руынан шыққан Бақтыбай ақынмен кездессе де екеуі айтыспапты. Бақтыбай ақын Сара мен оның күйеуі-Бекбаймен танысып, дос болып кетіпті. Ақын Сара нағашы шешесі туралы әңгімені менің ерім-Қозыайыр Сағадиев (1921-1973жж.) Дәренбек (Дәуренбек-ред.) (руы-Тарысары Найман) Сейдахмет Кебенекұлы (руы-Кіші жүз Алшын жетіру Жағалбайлы) ақсақалдардан естіп, қанық болған. Осы күні ақын Сараны көрген екі ақ адам бар.  Бірі-Бекбаланов Мырзахмет 93 жаста, Талдықорған облысының Талдықорған ауданындағы Фурманов атындағы колхоздың Березовка бөлімшесінде тұрады.  Ал, екіншісі — Саурық Кенжеғұлов 88 жаста, Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Зерносовхоздың Ақын Сара бөлімшесінде тұрады. Саурық Сараның күйеуі-Бекбайдың немере туысының баласы. Мырзахмет Бекбаланов та, Саурық Кенжеғұлов та өтірік айтпайтын кісілер… Бір айта кететін мәселе, Әріп Тәңірбергеновті ақын Сара нағашы шешеміз де,  Бекбай нағашы атамыз да көрмепті. Әріпті  ақын Сара нағашы шешемізге жанастырудың ешбір қисыны жоқ! Біз ақын Сара туралы жазып жүргендердің көбін білмейміз, танымаймыз. Тек осыдан үш жыл бұрын мен үйде жоқта Сайлаубай Қайнарбаев өзінің күйеу баласы-Әділқожаны ертіп келіп, менің балалармен түскен фотосуретімді алып кетіпті. Біз ешкімге: «Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болды, 38 жас жасады. Біржан сал мен Сара 1896 жылы айтысты. Сара 1896 жылы Бекбайға тұрмысқа шыққан»-деген өзіндік материал берген емеспіз. «Сараның фотосуреті Андижанда, Ташкентте, Бұхарада, Үргеніште, Самарқандта, Әулиеатада, Түркістанда, Бішкекте, Тоқмақта, Ақмешітте, Бағдатта, Мысырда, Мекке, Мәдинада бар екен»-деген қисынсыз жалған сөздерді айтып көрген жоқпыз.

«Сара 1878 жылы туып,1916 жылы қайтыс болды. 38 жасады. Сара оң жақта отырып, бала тапты. Сара деген ақын болмаған. Сара мен Біржан сал кездеспеген. «Біржан –Сара» айтысын  Әріп Тәңірбергенов шығарған. Сара Жиенқұлға тиген. Жиенқұл өлген соң, Сараны  Жиенқұлдың інісі Бекбай алған.Онан соң бір бекетшіге тиген, Күсенбайға тиген, Әріпке ғашық болған. Әріп Сараға ғашық болған. Сараны Жиенқұлға Арнай болыс берген. Сара шашын жалбыратып, тобығына дейін түсіріп, жайып жібереді екен. Баласын қоржынға салып алып, қара сырнайын арқасына таңып, беліне көк домбырасын байлап, бекет-бекетті, ауыл-ауылды аралап жарапазан айтып жүреді. Сара сәукеле киген, сәукелесінің төбесінен шашының  екі айырылып тұрғаны көрінеді. Сара жалаң аяқ жүреді»-деген адам баласы жиіркенетін өтірік сөздерді, өсек сөздерді айтпақ тұрмақ, естігіміз де келмейді.

rpa-tary--300x225.jpgҚозыайыр мен Майсараның ұрпақтары

Мен 6 (алты) бала, яғни үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған анамын. Өзім Талдықорған облысының Қапал ауданындағы Ақой совхозының орталығы — Калиновка селосында тұрамын. Үлкен қызым — Шұға Сағадиева 1959 жылы туған, тұрмысқа шыққан. Осы селода тұрады. Ұлым-Қайрат Сағадиев 1960  жылы туған, орта мектепті оқып, бітірді. Жұмысшы. Екінші ұлым-Талғат Сағадиев 1963 жылы туған, сегізінші класта оқиды. Екінші қызым-Күләш Сағадиева 1965 жылы туған, 7 класта оқиды. Үшінші ұлым — Дулат Сағадиев 1971 жылы туған, бірінші класта оқиды. Үшінші қызым — Гүлнәр Сағадиева 1978 жылы туған әлі оқуға барған жоқ», — дейді.

Назерке Әділбекұрпағы, «Талдықорған» газетінің тілшісі:

2039-213x300.jpgӘділбек ата

— Менің атам — Қорабайдың (1928 жылғы) әкесі Әділбек 12-13 жасар кезінде ақын Сара мен Біржан салдың айтысын қазақ үйдің сыртынан тыңдауға мәжбүр болады. Жас кезінен атамды  «құймақұлақ» деп бекерге айтпаса керек, айтысты дереу жаттап ала қояды. Кейін ауылға әкеп таратыпты. Оны өзі-мнің әкем — Әбілғалидың туған ағасы – Қажығали айтатын.  

Хания Есдәулетқызы, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі ұйымының жанындағы «Рухани кеңестің» жетекшісі:

— «Талдықорған» газетінде жарияланған ақын Сара Тастанбекқызы туралы мақалалар маған ой салды. «Біржан мен Сара» айтысы Маман Тұрысбекқажының ауылында өткенінен құлағдармын. Маманов Ыбырайым Есенқұлұлымен өте жақын араластық. Өйткені, әкем- Есдәулет Жиенбаев сол қажының ауылында 19 жасынан бірге өскен әрі жылқышысы және шаруашылығына жауап берген сенімді адамы саналды. Біржанның келгенін, айтыстың бірнеше күн болғанын айтып тауыса алмайтын. Ақындығы, өлең айтатын өнері де болған. Ол кісі 109 жасқа келіп қайтыс болды. Өзім мектепте сабақ берген кездері «Біржан мен Сара» айтысын бірнеше нұсқамен түсіндірдім. Себебі, әр жазушы әртүрлі жылдарды атаған.

Бірде Ыбырайым Маманов аға үйге келіп, «1980-1986 жылдар аралығында баспадан шыққан кітап-тарды оқыдым. «Біржан менСара» айтысында көп жалғандық айтылған. Сіз өмір бойы бірге жүрдіңіз ғой, дәлелдейік!» — деп, әкем Есдәулетті ертіп Талдықорғанға жол тартты. Бірақ, екеуі де басшылардың алдына кіре алмай, ренжіп келді. Мен, негізінде танымал жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің, басқа да азаматтардың деректеріне сүйене отырып, Сара Тастанбекқызына — 165 жыл дегенге қосыламын. (1853-1907 ж.ж) Ол менің әкемнің айтып отыратын кезеңіне келеді.

Талдықорған қаласының тұрғыны, қарт тарихшы, Жетісу өлкесінің өткен және бүгінгі тарихын, тарихи тұлғаларын терең зерттеп, онға жуық кітап шығарған ардагер ақсақал Құлтай Нұрқалбайұлы да ақын Сара  Тастанбекқызы туралы 300-ден астам мақала жинақтапты. Арасында құнды деректер жетерлік.

Осы жазылған жайлардың барлығы да салыстырып қарауға тұрарлық дүние. Сондықтан да, атқарылар үлкен істердің кәдесіне жарап қалар деген үміттеміз.