Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Елбасы Жолдауында өңірлерге нақты назар аударылған — Талдықорған қаласының әкімі


11 января 2018, 11:08 | 1 153 просмотра



Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған құнды құжат.

Биылғы Жолдауда Елбасы елдік мұраттармен қатар, өңірлердің тұрмыс-тіршілгіне де арнайы тоқталып, шынайы көңіл бөлгені бізді қуантты. Бұл біздің жұмысымызға ерекше серпін беріп, айрықша жауапкершілік жүктейді. Қазірдің өзінде бұған толық негіз бар. Атап айтқанда, Талдықорған қаласы жылдан жылға жаңа нысандар мен сәулетті ғимараттармен толығуда. Солардың ішіндегі айта кетерлігі — қалада бірден 2 үлкен ғимараттың іргесі қалануы.

Салтанат сарайы мен Көрме кешені көз қуантып қараша айында қатарынан қолданысқа берілді. Талдықорғандық жас жұбайлар некелерін бұдан былай үлкен салтанат сарайында қияды. Жаңа неке сарайы сәулеті жағынан қалаға ерекше көрік беріп қана қоймай, азаматтық хал актілерін тіркеп, 8 түрлі қызмет көрсетеді. Ал Шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан көрме алаңы 4,5 мың шаршы метр аумақта кәсіпорындар өз өнімдерін жұрт назарына ұсына алады. Екінші қабатында білікті мамандар кәсіпкерлерге әр түрлі қызметтер көрсетеді. Мемлекет Басшысы Жолдауда «Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек» деп айқын міндет артты. Бұл бағытта Талдықорған қаласында бірқатар жұмыстар қол алынған болатын.

Өткен жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» арадағы әріптестік келісім негізінде екі нысан құрылысы басталса, биылғы жылы тағы екі компания өз ұсыныстарын білдіріп, қала әкімдігімен жұмыс істеуге ынта білдіріп отыр. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуі бойынша бізде жұмыс белсенді атқарылып, өткен жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында ұзындығы 27 шақырым болатын сумен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау жұмыстары аяқталды. Ал биылғы жылы бұрынғы иесіз қалған бірыңғай сыртқы сумен жабдықтау және суды бұру желілерін қайта өңдеу жұмыстары бойынша 2 жобаның жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуы және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» дегені дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды. Мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі заман талабы. Осыған орай бүгінгі күні Талдықорғанда мектепке дейінгі мекемеде 3 және 6 жастағы балалар балабақшамен 95,7 пайыз қамтылғанын айта аламын. Біз мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта Елбасының тапсырмасының орындалуын жалғастырып, кезекте тұрған балалар санын азайтуға күш сала бермекпіз.

Жер жәннаты Жетісудің кіндік қаласы – Талдықорғанда түрлі этностар татулықта өмір сүруде. Осы орайды Елбасының этникалық топ өкілдері туралы пікірін қызу қуаттаймыз. 74 ұлт және ұлыс өкілі тұратын қаламызда ешқашан ұлтаралық алауыздық болған емес. Ал, Жолдаудағы өңірлік деңгейде бизнес-климатты жақсарту туралы ұсынысын мейлінше қолдаймын.

Жыл қорытындысы бойынша Талдықорғанда өнеркәсіпте 66,2 млрд.теңгенің өнімдері өндірілді. Қолданысқа 4 жаңа өндіріс орны берілді және 3 жұмыс жасап тұрған өндіріс кеңейтілді. Нәтижесінде 1,5 млрд.теңге инвестиция тартылып, 116 жаңа жұмыс орны ашылды. 2017 жыл бойынша қайта өңдеу өндірісіндегі инвестиция 4,4 млрд.теңгені құрайды, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артық. Мұның бәрі әрине, Елбасының өңірлерге назар аударуының нәтижесінде қол жеткен табыстар екені анық.