Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Биыл қайда демаламыз?


14 июня 2010, 23:54 | 1 678 просмотров



ЖАЗ КЕЛДІ

Өткен жылы дағдарыс сылтауымен қазақстандық туристердің саны күрт төмендеп кеткен еді, биылғы көрсеткіштің қандай болары бір Аллаға ғана аян. Алайда оның өте жоғары болмасын бүгіннен-ақ болжай беруге болады. Бұлай деудің өзіндік себебі бар. Өйткені еліміздің туристері, негізінен, үш елге - Қырғызстан (Ыстықкөл), Түркия және Тайланд елдеріне саяхаттауға құмар болса, айырқалпақтылар мен тайлардың еліндегі ішкі дүрбелеңдер бұл елдерге сапар шеккісі келетіндерді шектесе, Түркия «туризм» құнын бірнеше есе өсіріп жіберді...

Ең қызығы, туристік елдердегі дүрбелеңді сәтті пайдаланған Түркияның «пысықтығы» болып отыр. Ал онсыз да отандық туризмді дамыта алмай отырған өзіміздің бұл сәтті пайдаланбай, ауызымызды ашып қалғанымыз тағы опындырады. Әйтпесе Қырғызстан мен Тайландтан бас тартқан туристерімізді отандық табиғи парктерге, демалыс орындарына тартып әкетудің оңтайлы сәті туды емес пе? Ал Қазақстан туристерді қызықтырар мекендерге толы-ақ. Қадірін бағалай алмай жүргеніміз болмаса?.. Қазақстанда су туризмі, тау туризмі, жаяу туризм, мәдени туризм, экологиялық туризм, тіпті, этнотуризмді дамытуға да мол мүмкіндік бар.

Бір Алматы облысының өзін алып қарасақ, Шарын шатқалы, Таңбалы тас, Медеу, Алма-Арасан, Шымбұлақ секілді табиғи орындар жетерлік. Алайда отандық туризмнің инфрақұрылымы дамымай, артта қалып жатыр. Жол нашар, көлікпен қамту ісі қолға алынбаған. Осыдан келіп, шетелдіктер де, өзіміздің отандастар да шаршап-шалдығып Көлсай мен Алакөлге барғаннан гөрі, Ыстықкөл мен Антальяға барып демалғанды жанға тыныш санайды. Бұл орайда туристік агенттік мамандарының өздері не дер екен? Олардың пікірлеріне де назар аударалық...

Жемісгүл ҚЫДЫРМОЛЛАЕВА, «ARCAS tour kz LLC» агенттігінің директоры:

- Сыртта не өз елімізде демалуға тапсырыс беріп жатқан да, сондай-ақ Қазақстанда демалуға ниет білдірген шетелдік туристер де биыл өткен жылмен салыстырғанда азайған. Әрине, біздің қызмет көрсету аямыз өте кең болғандықтан, олардың бәрімен де жұмыс жасауға тура келеді. Бұл орайда мүмкіндігінше Көлсайға не Шарын шатқалына, тіпті Алматы қаласының ішінде де саяхаттауға өтініш кеп жатса, мүмкіндігінше қаржы жағынан жеңілдік жасауға тырысып жатырмыз. Бірақ оған көп мүмкіндік бола бермейді. Өйткені Қазақстандағы жалпы туризм құны қымбат болғандықтан, өзге елдермен салыстырғанда біздің жасаған 5-10 мың теңге жеңілдігіміз түкке тұрмай қалады. Айталық, Ақсай не Алма-Арасан шатқалына кіру үшін де адам басына 300-500 теңге аралығында ақша төлеуге тура келеді. Ал шетелде мұндай табиғи парктер өте арзан. Олардың әрі инфрақұрылымы да жақсы дамыған. Ал бізде не жол жоқ, не сапалы гидтер де жоқ...

Автор:
«Айқын» газетінен