Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘН СЕМІРСЕ, РУХ АЗАДЫ


14 июня 2010, 23:52 | 2 486 просмотров



Семіздік ауруы, әсіресе, дамыған, бай мемлекеттерде көп

кездеседі. Кедей елге тамақ тауып жеу, күнкөріс мұң болса, бай елдің арықтауды армандауы қызық-ақ. 1988 жылдан бастап АҚШ-та семіздік сырқаты басты мәселеге айналды. Жыл сайын семіздіктен емделу үшін 100 миллиард доллар қаржы бөлетіндігіне қарамастан Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада «тілеп алған аурулардан» 500 000 кісі көз жұмуда. Англия болса, семіздікпен күреске жыл сайын 45 миллион стерлинг жұмсап келеді. Семіздік дертінің Қазақстанда қаншалықты екенін анықтау мақсатында Алматы мемлекеттік дәрігерлердің кәсіпқойлығын көтеру институтының эндокринология кафедрасының қызметкерлері арнайы зерттеулер жүргізген. Нәтижеде 50-ден асқан қарт адамдар арасында семіздік 36,9, ал ересектер арасында 41,9 пайызды көрсеткен. Зерттелгендердің 55 пайызы семіздіктен пайда болатын артерия гипертензиясына ұшыраса, 28 пайызы қант диабеті ауруына шалдыққан көрінеді. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген осы.

Семіздік неден?

Денеміздегі метаболикалық (зат алмасу) – бағдарламада алынатын қуат пен жұмсалатын қуат арасында тепе-теңдік бар. Алынған энергия жұмсалған энергиядан асып түскен жағдайда семіздік басталады. Семіздікке ұшырататын факторлар: генетикалық бейімділік, шығындалатын қуаттың аздығы, қалалық жайлы тұрмыс, сағаттар бойы кеңселерде тырп етпей отыру яғни дене қимылының тым аздығы, оған қоса майлы әрі калориясы жоғары тағам жеу, психологиялық жайбарақаттық, жасы ұлғайғанына сай диетаға көңіл бөлмеушілік, қоршаған ортаның әсері, гормондық және метаболикалық өзгерістер, т.б. Статистикалық көрсеткіштер еуропалықтар арасында ер адамдардың 20 пайызы, әйел адамдардың 25 пайызы семіздіктің зардабын тартып отырғанын жария етті.

Семіздікте тұқым қуалаушылық салдары 25-40 пайызға ие. Май, көмірқышқыл және протеин секілді калориясы жоғары тағамдарды жиі қабылдайтындар 40 пен 60 жас аралығында қан тамырлары майланып, атеросклероз ауруына жиі ұшырайды.

«Асқазан – дененің су қоймасы, қан тамырлары асқазанға жалғанған. Асқазан сау болса, тамырлар да сау, асқазан дімкәс болса, тамырлар да дімкәс» деп ескерткен Пайғамбарымыз әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері үзбей ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстағаны асқа тоғышарларға ой саларлық үлгі емес пе? Олай болса, семіздіктің негізгі себебі – тойымсыздық пен қомағайлық.

Неліктен проблемаға айналды?

Болпиған, быртиған жағымсыз келбет – семіздіктің басты пробемаларының бірі. Жүрек ауруы мен гипертония, өтте тас пайда болу, тағы біраз рак түрлері семіздіктен туындайды. Сау кісілермен салыстырылғанда, қант диабеті мен гипертония семіз кісілерде 2,9 есе, қан тамырының майлануы 1,5 есе жиі ұшырауда. Семіз еркектер 42 есе, семіз әйелдер 35 есе көбірек қант ауруына ұшырауда. Ондай ауруға ұшыраған семіз адамдардың, әсіресе, жүрек ауруларынан көз жұмуы 75 пайыз жоғары. Дененің жалпы – майы ер адамда шамамен 15-20, әйелде 25-30 пайыз мөлшерінде болады. Ер кісілердегі май мөлшері жалпы дене салмағының 25, әйелдерде 30 пайызынан асқанда «семіздік» деп есептеледі. Семіздіктің нақтылы диагнозын анықтау үшін «био-электрлік импеданс» әдісі қолданылды. Бірақ, семіздіктен құтылу үшін қоғам қанша қаржы бөлсе де, сонша әдіс-тәсілдермен емдесе де нәтиже аз. Себебі, семіздіктен сақтану жеке тұлғаға қатысты нәрсе. Сондықтан қазіргі проблема «семіздіктің» өзі емес, семіздікке қатысты қоғамдық пікірдің өзгермеуі болып отыр.

Оған қарсы ем бар ма?

Семіздіктің тамақтануға байланысты екенін ұқтырған Ибн Сина:

«Медицина ғылымын былайша екі-ақ ауыз сөзбен түйіндер едім. Аз же. Тамақтанғаннан кейін төрт-бес сағат аузыңды тый. Шипа – астың қорытылуында. Яғни, тез қорыта алатындай шамада же. Адам мен асқазанды тез шаршататын ең ауыр нәрсе – тамақ үстіне тамақ жеу».

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) те дұрыс тамақтануға көп көңіл бөлген. Ол туралы қасиетті хадистер баршылық.

«Мен үмбетімнің мынадай жағдайға салынып кетуінен қатты қорқамын: көп жеу, жалқаулық, көп ұйықтау, қарын салу».

Хадисті таратып түсіндірер болсақ, медицинада мынадай дәлелденген шындық бар: адам миында ойлауды қамтамасыз ететін талшықтар саны өте көп. Мидың зеректігі мен ойлау қабілеті өзіне келетін қанның мөлшеріне байланысты. Яғни миға баратын қан мөлшері қаншалықты көп болса, оның белсенділігі де соншалықты арта түседі. Қан аз барған жағдайда мидың жұмыс істеу қабілеті азая түседі. Асқазанда тамақ толып тұрса, оны қорыту үшін қанның көп мөлшері асқазанға барады, ондай кезде миға баратын қан мөлшері барынша азая түседі. Ал, миға қанның аз баруы оның жұмыс істеу қабілетін тежейді.

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Адам баласы үшін ас толы асқазаннан зиянды ыдыс жоқ. Адам баласына белін көтере алатындай аз ғана тағам жегені жеткілікті. Міндетті түрде жеуі қажет болса, асқазанының үште бірін тағамға, үште бірін суға, үште бірін еркін тыныстайтындай ауаға арнасын» десе, тағы бір хадисінде Мәдине халқына меңзеп: «Бұл жердің тұрғындары қарны ашпай тамаққа отырмайды әрі тоймаған күйі дастарқаннан тұрады. Сол себепті ауруға шалдықпайды» деген еді.