"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарушы директоры
КЕАҚ "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры"
27 февраля 2018, 06:00 | 3 418 просмотров
-Медициналық сақтандыру 2019 жылдан бастап енгізілетін болды. Осыған байланысты қорда қандай өзгерістер болып жатыр?
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан кейін Қазақстанда медициналық көмектің екі пакеті қолданысқа енгізіледі. Оның бірі - қазір қолданылып жүрген кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті болса, екіншісі - міндетті сақтандыру пакеті. Бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мойнында болатын. 2018 жылы аталған комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан Қор биылдан бастап заңда көрсетілген міндетін атқарып жатыр.
Ал, сақтандыруды енгізу мерзімін 2019 жылға ысыру мәселесіне келер болсақ, қазір президенттің тапсырмасы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр. Жалпы, жүйен енгізу мерзімін өзгерткеннен кейін заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттіг түсінікті. Бірақ қор заң шығаратын немесе мемлекеттік өкілеті бар орган емес. Сондықтан жыл соңында қабылданған өзгерістер бойынша жұмыс істеп жатыр.
-Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен жеке меншік клиникалардың саны қанша?
-Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы ретінде өткен жылы елдегі медицина ұйымдарымен жұмыс істеуге кіріскен болатын. МСҚ-ның мақсаты - жеке меншік секторды осы пакет шеңберінде қызмет көрсетуге көптеп тарту, сол арқылы бәсекелестікті күшейту. Себебі, бәсеке бар жерде сапа бар. Осы мақсатта қыркүйек айында қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсеткісі келетін денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 43 пайыздан астамы – жеке меншік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Ал, жеке меншік клиникалармен бекітілген келісімшарт сомасы биыл 95 млрд теңгені құрады. Бұл да алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен 2 есе көп. Сонымен қатар, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді.
Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынып отырған жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр. Болашақта жеке меншік сектор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де осылай белсенділік танытады деп үміттенеміз. Әлбетте, жеке меншік клиникалардың медицина саласындағы тарифтерге көңілі толмайды және алдағы уақытта бұл мәселе оңтайлы шешімін табады деп үміттенеді. Біз болашақта сенім үдесінен шығуға күш саламыз. Сонымен қатар, жеке меншік медицина ұйымдары да пациенттердің үмітін ақтап, ақылы қаралатын және мемлекеттік кепілдік негізінде қаралатын азаматтардың бәріне бірдей сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз. Ал, МСҚ-мен келісімшарт бекіткен емдеу мекемелерінің жалпы тізімін fms.kz сайтынан табуға болады. Олардың арасында "Медикер", "ДостарМед", "Сұңқар", "University Medical Center" корпоративтік қоры, "Хак" сынды т.б. ірі клиникалар бар.
- Қарапайым халықтың осындай ірі клиникаларға тіркелуге мүмкіндігі бар ма?
-Әлбетте. Жұртшылық емхана таңдау құқығын жылына бір рет пайдалана алады. Осы жерде емханаға қандай жағдайда қайта тіркелуге болады деген сұрақтың басын ашып алсақ. Мысалы, басқа әкімшілік бірлік аумағына қоныс аударғанда, жұмысын немесе оқу орнын басқа жаққа ауыстырған жағдайда, жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына, әскери борышын өтеп болуына байланысты, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы жабылғанда немесе ондағы қызмет сапасына қанағаттанбаған жағдайда тіркелуге болады. Ал, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланғысы келетін азаматтар жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан кезінде басқа емдеу ұйымына тіркеле алады. Жасы 18-ге толмаған тұлғаларды тіркеу үшін өзінің және заңды өкілінің жеке куәлігі талап етіледі.
Ал, емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған азаматтар тәртіп бойынша автоматты түрде тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау нысанына тіркеледі. Тұрғындар өзінің қай емханаға тіркелгенін e-gov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілерден анықтап біле алады.
-Тіркеу демекші былтырғы тіркеу науқанын тұңғыш рет МСҚ өткізген болатын. Науқан қалай өтті және қандай да бір кемшіліктер болды ма?
-Өткен жылы Қор тұңғыш рет медициналық қызметтерді жеткізушілермен, соның ішінде емханалармен жұмыс істеуді қолға алған болатын. Олармен бекітілетін келісімшарт сомасы тіркелген тұрғындар санына т.б. тәуелді. Жыл басынан бері бізге кейбір емдеу мекемелерінің азаматтар атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер жазып, оларды өздеріне тіркегені туралы, сондай-ақ, тіркеуден ешбір негізсіз бас тарту фактілері туралы шағымдар түсті. Қазір біздің мамандар осындай шағымдар негізінде жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Алайда, мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың құжаттарын қабылдау тәртібін өзгертіп, процесті емханалардың тіркеу бөлімі қызметкерлерінің қатысуынсыз ұйымдастыру керек. Сондықтан қазір осыны ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындалып жатыр. осы жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, тіркеу ережесіне де толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Онда алақол медицина ұйымдарымен өзара қарым-қатынас және тіркелген пациенттердің құқықтарын қорғау тәртібі жан-жақты жазылады.
Әрине, жаңа қызметтерді іске қосуға біраз уақыт қажет. Сондықтан Қор осы бағытта жұмыс басталған кезде қосымша хабарлайтын болады. Оған дейін азаматтарды емханаға тіркеу тәртібі бұрынғыша: egov.kz порталы немесе емханалардың тіркеу бөлімі арқылы жүргізіле бермек. Тіркелу үшін жеке куәлік пен медицина ұйымы басшысының атына жазылған өтініш талап етіледі.
Бұдан басқа, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ 2018 жылы қазақстандықтарға сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу процесін жетілдіруді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, бірінші жартыжылдық соңында азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу мүмкіндігіне ие болмақ. Мысалы, қазір осыған ұқсас қызметтерді "электронды үкіметтің" egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген азамат "жеке кабинетке" кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. Мұның көпшілік үшін ыңғайлы еместігін азаматтарымыз жиі айтады. Ал, бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті, сондай-ақ МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын да сол жерден ала алады.
Ал, жетілдірілген тіркеу қызметі 2018 жылдың 3-4-тоқсанында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде қазақстандықтар емханаға ХҚКО арқылы тіркеліп, қай жерде тіркелгені туралы мәліметті де сол орталықтардан алатын болады.
Шынар Әлжанова
Контент устарел, комментирование закрыто
Комментариев нет.