директор орынбасары
Облыстық стоматологиялық емхана
17 февраля 2017, 04:02 | 18 660 просмотров
Маржандай тізілген әдемі тіс адамның көркі ғана емес, денінің саулығының кепілі десек артық айтқанымыз емес. Көп аурудың түрі дәл осы тіс арқылы келетінін тіс дәрігерлері жиі айтса да, мән бере бермейтініміз өтірік емес. Анығында , тіс дәрігерін тіс ауырғанда ғана іздейтініміз де бесенеден белгілі. Денсаулық - адамның ең баға жетпес асыл қасиеттерінің бірі. Оны күте білу - біздің борышымыз. Әсіресе біздің болашағымыз бүлдіршіндеріміздің денсаулықтары аса маңызды. Сол себепті Талдықорған қаласында жеке балаларға көмек көрсететін орталықтар жұмыс атқаруда. Сондықтан біз осындай мекеменің бірі облыстық стоматологиялық емханасы жайлы сөз етпекпіз. Сондай-ақ, балалар тіс ауруларының түрлері мен оның алдын алу жағдайлары, қисайған тістерден қалай құтылуға болатыны жайлы директордың орынбасары Байдыбекова Толқын Өрісбайқызын әңгімеге тарттық
- Балаларда көп кездесетін тіс ауруының түрі қандай? Бұған басты себеп не?
- Балаларда көп кездесетін тіс ауруының түрі- тіс кариесі деп аталады. Бұл азу тіс шыққаннан кейін байқалатын құбылыс. Кариес қалыпты тістерді де, сүт тістерін де зақымдайды. Тіс кариесінің пайда болуына негізінен стрептококк бактериясы әсер етеді. Бактериялардың әр түрлі тәтті және жұмсақ тағамдарды көп жегеннен қышқыл ферменттер бөлініп шығуынан тістің қатты тіндері жұмсарып, бұзыла бастайды. Сонымен қатар, тамақтан кейін ауыз қуысын дұрыс тазаламаудан, жеке тіс гигиенасын сақтамаудан, ашты және қышқыл тағамдар қолданғаннан пайда болады. Алғашында тістің сыртқы бөлігінде ақ дақтың пайда болуынан басталады. Ауырған жерде тістің дентині шіріп, ойылады. Осы кезде емдемесе, одан әрі тіс ұлпасы зақымдалып, ойық тереңдей түседі, соның салдарынан тіс ұлпасының қабынуы дамиды. Кариестің одан әрі асқынуы салдарынан тіс айналасындағы тіндердің және сүйек қабығының қабынуы мүмкін. Асқынудың аса ауыр түрлері: жақ сүйегінің қабынуы, сонымен қатар жақты жауып тұратын жұмсақ тіндердің едәуір мөлшерде іріңдеуі байқалады. Мұндай жағдайда тісті жұлып тастауға тура келеді. Сондықтан жылына міндетті түрде 2 рет стоматологқа қаралып тұрған жөн.
Және де, стоматит. Бұл дегеніміз- ауыз қуысының ойылуы немесе ауыздың шырышты-кілегей қабығының қабынуы деп айтуға болады. Клиникалық тұрғыда стоматиттің жедел және созылмалы түрі болады. Егер тілдің ойылуы болса оны глоссит деп атаса, гингивид қызыл иектің ойылуы. Онымен көбінесе 15-16 жастағы жасөспірімдер ауырады. Мұның пайда болу себептері әр қилы. Мысалы, дәріге аллергиялық, дәрумендердің жетіспеушулігі, қызылша, тұмау сынды жұқпалы ауруларға шалдықса, жүйке жүйелерінің, ішкі органдардың созылмалы аурулары, ағзада зат алмасу процесінің және ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуы, т.б. болуы мүмкін. Сондай-ақ стоматит жыныстық жетілу кезінде немесе ақыл тіс кеш шыққанда болады. Мұның алдын алу жағдайларын жасауға болады. Ол үшін ауыз қуысын күнделікті қайнаған сумен бірнеше мәрте шайып тұру керек. Қайнатылған суға йод, ас содасы, тұз қосуға болады. Және де, сарымсақ бөліктерін алып, тіс иектерін, таңдай, тіл, еріндерді ысқылау да көмектеседі.
Түймедақ (ромашка), жалбыз (мята), сәлбен (шалфей) т.с.с. сияқты дәрі өсімдіктерді қайнатып, суыған соң, ауыз қуысын әр екі сағат сайын шаю ең жақсы құрал болып табылады.
- Қандай қызмет, көмек көрсетумен айналысасыздар?
- Біздің емхана мамандары стоматологиялық көмектің барлық түрін көрсетеді. Хирургиялық – бұл ауыз қуысына байланысты ең күрделі мәселелерді шешуге қабілетті. Мысалға, имплантация жасау, тістерді сақтайтын операция, қабынуды және ісінуді емдеу, ауыз қуысын протездеуге даярлау, тісті жұлу, ауыз қуысын алғашқы өңдеу, пародонта тініне операция жасау және т.б.
Терапиялық дегеніміз асқынбаған және асқынған тіс жегісін ауыртпай емдеу,арнайы хирургия көмекті қажет етпейтін ауруларды (тіс, тіс айналасындағы тіндердің және ауыздың шырышты қабығының) дәрі-дәрмекпен, физиотерапия әдістермен емдейді және аурудың алдын алу жолдарын қарастырады.
Ортопедиялық стоматология – тісті шегендейді, тіс, жақ, таңдай және бет кемістігіне протез жасау. Сонымен қатар, тіске рентген суретін жасау да біздің дәрігердің жұмысы.
- Көп балалар тіс дәрігерінен қорқады, мұны жеңу үшін сіздер балалармен қандай жұмыс жасайсыздар? Тіс дәрігеріне апаруға қанша уақыт баланы дайындау қажет? Емдеу барысында бала ауырсынуды сезіне ме?
Жоқ, біз балалардың тісін, ауыз қуысын емдеген кезде ауыртпауға тырысамыз. Сол үшін, арнайы ауыртпайтын сироптар, спрейлер, мазьдар жағып, укол саламыз. Мұндай дәрілер бет бөлігін жансыздандырады да, балаға ауырлық сезілмейді. Сондай-ақ, уколды салмас бұрын, ол баланың дәріге аллергиясы бар ма, жоқ па, соны тексереміз. Содан кейін ғана керекті іс-шараларды жасаймыз.
Балалар тістерінің қисық өсуі, брекет жайлы да айтып өтсеңіз.
Бізге тек ғана қала және мектерден емес Талдықорған қаласына жақын орналасқан ауыл-аймақтардағы балалар да келіп, тексерістен өтеді. Бізде жылына 200 мыңнан астам бала қабылдауда болады. Ал күніне 100 –ден астам бала ем-дом алады. Біздің орталықта барлығы 57 қызмтекер жұмыс істесе, соның ішінде 17 дәрігер, 25 медбике, 2 рентгентолог, сонымен қатар қарапайым жұмыскерлер мен басқарма жұмышылары бар.
Балаларға қанша рет тісті тазалаған жөн?
Кез келген адам, тіпті ересек болсын, тіпті бала болсын күніне 2 рет тұрақты түрде тазалап тұрған жөн. Және әр тамақ ішкен сайын, ауыз қуысын сумен мұқият тазалау керек. сондай-ақ, тіс тазалайтын құрал таза жерде тұрғаны абзал. Себебі, микробтардың жиналуынан да тіс зардап шегеді. Сондықтан, тіс щеткасын айына ауыстырып тұрғаныңыз дұрыс Біздің халық көбінесе ауруға мән бермей жүре береміз. Кез-келген ауруды. Содан кейін асқындырып аламыз да, опық жейміз. Сондықтан қай жеріңіз ауырмасын дәрігерге жылына бір рет толық тексеруден өту керек.
-Сұхбатыңызға рахмет!
« Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген. Әр адам өз денсаулығына аса мән берген жөн. Кез-келген сырқаттың асқынуы мүмкін. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші алдын алу шараларын жасағанымыз өзімізге де, өзге де пайдалы болары хақ.
Аймарал ДАУЛЕТБЕК.
Контент устарел, комментирование закрыто
Комментариев нет.