Облыстық ауруханаға 95 жыл
Өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі мол аға буын дәрігерлер мен медицинада сәтті қадамдарын бастаған жас мамандар ықпалдастығы, олардың өзара ұрпақ сабақтастығы облыс жұртшылығына медициналық көмек көрсететін ірі орталық болып қалыптасуымен қатар, еліміздің медицина мәдениетіндегі ең талантты мамандардың азаматтық бейнесін қалыптастыратын үлкен мектеп іспеттес. Бұл 95 жылдық тарихы бар емдеу мекемесі Талдықорған қаласы Облыстық ауруханасына берліген анықтама. Мамандары медициналық көмек көрсету саласында өзіндік дәстүрі бар ұжым болып қалыптасты. Бұл сонау 1920 жылдан басталған десек қате айтпаймыз. Кішкентай барак іспеттес ғимаратта жұмысын бастаған аурухана 95 жыл ішінде талай белестерді бағындырды. Бүгінгі Облыстық аурухана қарапайым емдеу орны емес, бұл мемлекетпен бірге қалыптасқан, өсіп-өркендеген ерекше мекеме. Газетіміздің бір санында 95 жылдық тарихы бар мекеменің шежіресін жасап, бүгінін бағамдап, болашағын болжап тырыстық. Енді осы облыстық аурхананың кешегісін, бүгінсі және ертеңі туралы мамандардың өздері сөйлейді.
1920 жылы Гавриловка селосында негізі қаланған Талдықорған қаласы Облыстық ауруханасы бұрын кішкентай ғана ауруханада бастапқыда 2 дәрігер және 10 орта буын медицина қызметкері жұмыс істеген. Бүгін Облыстық ауруханада 12 стационарлық бөлім бар, әр бөлімде өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі аға дәрігерлер мен қатар, медицинада құлшынысы мықты жас мамандар еңбек етеді. Долаев Мандат Есенғараұлы, Бабажанов Ермек Мұқанұлы , Бейсекенова Казиза Кажкенқызы, Мықтыбаева Салтанат Жексенбекқызы, Нұрғалиев Қайырбек Ерсайынұлы, Сапаров Білім Машикұлы, Атамбиева Зәмзәгүл Әбетайқызы, Белошапкин Александр Иванович, Сакенова Мейрамкуль Базылжанқызы, Аманбекова Шынар Кенесбекқызы,Сембинова Сабира Заманбекқызы, Ноғайбекова Баян Жұмаханқызы сияқты аға буын дәрігерлер медицинада өзіндік орны бар, білікті әрі тәжірибелі мамандар. Аға буын дәрігерлер дәстүрін жалғастырушы, жаңа заман талабын пайдаланушы жас мамандар да еңбек етеді. Олар: Монгол Анарбек Монголханұлы, Даулетбаев Жасұлан Кайратұлы, Жүнісов Айрат Сағындықұлы, Имашев Кайрат Тілектесұлы, Нусупалиев Ілияс Ержанұлы, Садықов Азиз Абдрикимұлы.
«ЕСТЕН КЕТПЕС ЕРЕКШЕ ТҰЛҒАЛАР»
Әрбір медициналық мекеменің сапалы медициналық көмек көрсетудегі негізгі күші – заманауи материалдық-техникалық база мен білікті медициналық кадрлар. Қаншалықты мықты құрал-жабдықтар болғанымен мамансыз жұмыс алға баспайды. Облыстық аурухананың тоқсан бес жылдық тарихында көптеген дәрігерлер еңбек етті. Олардың ішінде аты аңызға айналған тұлғалар да бар. Аурухана да сол беделді мамандарымен бай. Кеңестік кезеңнен облыстық аурухана хирургиялық мектебі бүкіл одақтас 15 республикаға әйгілі болды. Бүгін осы емдеу мекемесінің хирургия бөлімі сол бұрыңғы атақты жаңғыртуда. Облыстық аурухана хирургия бөлімі меңгерушісі Мандат Есенғараұлы Долаев қырық жылға жуық уақыт облыстың хирургия саласында қызмет жасап жүрген жан. Білікті хирургтың өзі сонау 1978 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан аурухана туралы былай сыр шертті.
Мандат Есенғараұлы Долаев, хирургия бөлімі меңгерушісі: -Мен 1978 жылы Алматы медициналық институтын бітіріп, Талдықорған облыстық ауруханасына интернатуға келдім. Содан, міне бүгін бір жерде қызмет атқарғаныма 36 жыл болды. 1992 жылдан бері осы хирургия бөлімінің меңгерушісімін. Мен оқуды бітіріп келгенде осы аурухананың жаңа ғимараты салынып біткеніне 1 жыл болған екен. Бүгін аурухананың жаңа ғимаратқа көшкеніне 37 жыл болады. Еңбек жолымды бастаған кезде аурухана бас дәрігер Шәйкен Ахметжанұлы Ахметжанов деген кісі болды. Одан 1 жылдан кейін бас дәрігер қызметіне Пьянов Юрий Васильевич келді. Ол кісі осы ауруханаға үлкен жұмыстар атқарып үлгерді. Сол заманда Облыстық аурухана маман дайындайтын алдыңғы қатарлы мектеп болды. Бүкіл Казақстан, одақтас мемлекеттер бойынша алдыңғы қатарлы мекеме болып, ауыспалы Қызыл ту да алды. Ауруханада енгізген емдеу тәсілдерді оқып-үйренуге 33 ауданнан мамандар, бас дәрігерлер келіп, үлкен конференция да өткен еді. Сол кезде ауруханамыздың атағы шығып, үздік емдеу мекемелер қатарына кірген. Пьянов Юрий Васильевичтан кейін ауруханамызды Шаймерден Сыдықұлы басқарды. Шаймерден Сыдықұлының облыстық ауруханаға бас дәрігерлік қызметі ең қиын уақытпен тұспа-тұс келген еді. Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз егемендік алған уақыт болды. Одақтас мемлекеттермен байланыстар үзіліп, жаңадан заңдарымыз қабылданды. Ақша тапшылығы, экономикалық дағдарыс орын алған кез. Міне, сол жылдары Шаймерден Сыдықұлы көп еңбек атқарды. Қазір ауруханамызды Мұрат Көмекұлы Рахметов басқарып, қызмет атқарып келеді.
Мен жұмысты енді бастаған кезде ауруханамыздағы мамандардың 85% өзге ұлт өкілдері еді, қазақтар аз болатын. 90-жылдарда дәрігерлердің көбісі жан-жаққа кетіп, көшіп жатты. Ақыры кейіннен өзіміздің қазақ жастары білім алып, мамандықты игеріп кетті. Қазір аурухана мамандарының 98% қазақ азаматтары. Әрине, кеңестік кезде қызмет еткен мамандардың облыстық денсаулық сақтау саласын дамытудағы еңбегі зор. Өзім жас маман ретінде еңбек жолын жаңадан бастаған сәтте Ходыкин Генадий Григорьевич, Корнеев Владимр Иванович, Смеянов Дмитрий Афанасьевич, Скабцов Павел Александрович деген хирургтар қызмет атқарды. Веремей Яков Захарович деген білікті дәрігер көп жылдар бас дәрігер орынбасары болды. Жұбайы Валентина Александровна Веремей деген өте мықты терапевт маман, инабатты, адамгершілігі мол жан еді. Терапия бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Евдокия Матвейевна Ким деген ақылды, биязы, білімді кісі болды. Олар естен кетпес тұлғалар. Есімізде қалған бір оқиға Евдакия Матвейовна бір науқасқа жүректің қатерлі ісігі деп диагноз қойып, Алматыға жіберді. Алматыдағы мамандар бұндай диагнозды қалай қойды деп күлген. Ақыры кейін сол науқас қайтыс болып, мәйітін тексергенде жүрек қатерлігі ісігі диагнозы расталады. Сол уақытта УЗИ жоқ қалай көрген, қалай диагноз қойған деп Алматыдағы институтта таңғалған болатын. Евдокия Матвейевнаның білгірлігі әлі есімізде.
Хадиша Шагиевна деген гематолог дәрігер болды. «Нұр-авиценум» медициналық орталығының директоры Крайсман Владимир Антонович та осы біздің ауруханада қызмет атқарды. Рогожников Анатолий деген маман қызмет істеді, қазір Ресейдің Краснодар қаласында жұмыс істейді. Дятков Павел Александрович инфекциялық бөлім меңгерушісі болды.
Сол кезде Сейтбатқал Әбілмаженұлы Сыпатаев, Тәжи Исабекұлы Асанов деген хирургтар жұмыс істеді. Асен Самарұлы қазір Қапшағай қаласы ауруханасының бас дәрігері –біздің хирургия бөлімінде қызмет атқарды. Вячеслав Константинович Шегай деген білікті маман біздің облыста кандитаттық қорғаған алғашқының бірі болды. Райхерт Андрей Андреевич атақты хирург, Германияға көшіп кетті. Ни Андрей Алексеевич ұлты кәріс болса да қазақша таза сөйлейтін азамат болатын. Сондай азаматтармен бірге жұмыс атқардық. Кейін Талдықорған облысы Алматыға қосылып, ауруханамыз қысқарған кездер болды. Балалар хирургиясы жабылып, біздің хирургия бөлімі ғана қалған еді. Сол қиын заманда 180 орындық хирургиядан 60 төсектік орынға қысқарды. Күні-түні 24 сағат бойы жұмыс істедік. Қиын уақыттан да өттік, қазір ел болып ес жиған кезіміз. Ауруханамызға бөлінетін бюджетіміз де көбейді. Облыстық ауруханада 655 адам қызмет атқаратын аймағымыздың ең ірі емдеу мекемесі, облыс жұртшылығына, аудан, ауыл халқына медициналық көмек көрсетеді.
Өзіміз еңбек ететін қарашаңырақтың негізі қаланғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осыған байланысты айтар тілегім жастарға болсын. Жас мамандарға шыдамдылық, еңбегін сүйіп істеуін тілеймін. Қазір көбісі жастарға көңілі толмай жатады. Жастарды қатты сөкпейік. Біз де кезінде жас болдық, біз де ақыл тоқта алмай қателескен жеріміз болды. Кейін ақыл тоқтатып, ел ағасы атанып ақыл айтатын уақытқа да жеттік. Өмір өзеннің ағысы сияқты өтпелі, бір өткен кез қайтып келмейді. Сондықтан қазіргі келіп жатқан жастарға айтатынымыз өзінің таңдаған мамандығын жақсылап игеріп, биіктен көрініп, халқымызға, елімізге лайықты қызмет атқарса екен дейміз.
Денсаулық сақтау саласының флагманы
1979 жылы оқу бітіріп, 1980 жылдан Облыстық ауруханада еңбек жолын бастаған Казиза Кажкенқызы бүгінде осы медициналық мекемесінде жұмыс істеп келеді. Мамандығына адал жан –ол мамандықта бірінші орныға адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік қасиеттер болу керектігін алға тартады.
Казиза Қажкенқызы Бейсекенова, емханалық-диагностикалық бөлім меңгерушісі:
— Сол кезде ауруханамыздың бас дәрігері Юрий Василиевич Пьянов болған еді. Ісіне берік, нағыз білгір дәрігерлер тобы жұмыс жасағн кез болды. Ходыкин Генадий Григорьевич, Евдокия Матвейевна Ким, Валентина Александровна Веремей, Анатолий Рогожников сияқты керемет мамандармен жұмыс істедім. Мамандығым бойынша дәрігер-терапевт ретінде осы тұлғалардан үйренгенім өте көп. Бүкіл болмысымен дәрігер болған адамдар менің ұстаздарым болды. Олардың бойында білім, біліктілік және үлкен адамгершілік қасиеттер ұштасқан еді. Осындай дәрігерлер ортасында ең нашар деген жас маман да мықты дәрігер болып шығар еді.Бұл ұжымға байланысты , ал сол уақытта ұжым керемет болды. Сол тұлғаларға қарап өстік, оқыдық, үйрендік. Бүгінгі білетінімнің 90%-ын сол тәлімгерлерімнен алдым. Облыстық аурухана денсаулық сақтау саласының флагманы деп айтсақ болады. Бұл жерде бұрындары істеген дәрігерлердің рухы бар. Қазір істеп жүрген бөлім меңгерушілердің көбі сол посткеңестік кезеңнің мамандары.
1982 жылы облысымызда аллерголог дәрігер болмады.Мені 6 айға оқуға жіберді. Басында Москвада оқып, кейін Алматыда білім жетілдіріп дәрігер-аллерголог болып шықтым. Міне, сол 30 жыл ішінде облысымыздағы жалғыз аллерголог дәрігермін. Кейіннен бас дәрігеріміз Юрий Васильевич маған аллергиялық кабинеттер жабдықтауға рұқсат берді. Сол кезде 4 аллергиялық кабинетте Қазақстан бойынша біз ғана спецификалық ем жүргізген едік. Қабылдау кабинеті, аллергендер сақтайтын кабинет болды. Бір медбикемен бірге 15 жыл жұмыс істедік. Сол 15 жыл ішінде спецификалық имунды терапияны амбулаториялық жағдайда жүргіздік. Сөйтіп облыстың аллергиялық қызметі жоғары дәріжеде жұмыс істеуіне мүмкіндік болды. Республикалық конференциялар, симпозиумдарға барып тұрғанда үнемі біздің аллергиялық қызметке жоғары баға беретін. Кейіннен кеңес үкіметі ыдырап, құлдырау заманы келді. Емхананы бірнеше мәрте қысқартып, аллергиялық қызметтен тек дәрігер қабылдауы ғана қалды. Спецификалық имунды терапия жұмысын жүргізу үшін үлкен қаражат керек. Себебі аллергендермен жұмыс істеу керек.
Жастық шағымызда бізді оқытты, кейін жұмысқа орналастырды. Өз заманымызда үкіметтен көп жақсылық көрдік, үкімет бізге көп нәрсе берді. Сондықтан біздің заманның адамдары қоғамнан «не алсам» деп емес, «не берсем» деп ойлайды. Ауруханамыздың әр бөлімінде сондай 2-3 адам жұмыс істейді. Олар науқасқа барын беріп, аянбай көмек беретін мамандар. Сол бұрыңғы кездегі ұрпақ сабақтастығы бүгін де сақталған. Біздің облыстық аурухананың ұраны –жақсылық жасау. Қазір нарықтық заман уақытында медициналық көмек те қаражатқа келіп тіреледі. Әр науқасқа үкімет тарапынан бөлінетін қаражат болады, бірақ жоспарлап, есептегеннен көп науқас емдейміз. 90-жылдары емхана жабылып қалды. Көптеген мамандар қысқартылды, жалақы аз. Үш жылдай біз өз күшімізбен сол емханалық қызметті сақтап қалдық. Қандай қиын болса да халыққа көмек көрсеттік. Бұл өз мамандығымызды жақсы көріп істегеннен. Мен оқу бітіріп, осы аурухананың емханалық қызметінде жұмыс бастадым. Содан бері сол жұмысымды тастаған емеспін. Медицинада бір жерден екінші жерге секіре беруге болмайды. Дәрігер боламын деген адам өзінің жасы үлкен, тәжірибелі әріптестерінен алатынын алып, үйреніп алғаны дұрыс. Медицинада материалдық жағдайды жоғары қоятындар ұзаққа бармайды. Бұл мамандықта бірінші орныға адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік қасиеттер болуы тиіс. 2000 жылдардан бастап емханалық қызмет жағдайы жақсарып, бір қалыпты бола бастады. Кеңестік-диагностикалық бөлім болсақ та, облыс халықына емхана ретінде көмек көрсетеміз. Кеңестік-емханалық қызметте 15 мамандық бойынша қабылдау жүреді. Кеңестік қабылдауды негізінен ауруханамыздың бөлім меңгерушілері жүргізеді. Бұл әдіс емхана мен стационар арасындағы байланысты нығайтады. Яғни, стационар мамандары науқас жайлы толық мәліметті біліп отырады. Жұмыс ауыр, себебі науқас көп. Сол себептен де облыс халқы үшін емханалық қызметті жетілдіру қажет.
«Жастарымыздың жеткен жетістіктеріне қуаныштымын»
Сапаров Білім Машикұлы, травматолог-дәрігер:
-Семей медициналық институтын 1979 жылы бітіріп, Облыстық ауруханада интернатураны өттім. Интернтурадан кейін аудандық ауруханаға жұмысқа барамыз деп, бір жылдық интернатурада бәрін үйреніп алуға тырыстым. Күні-түні кезекшілікпен қатар, қай бөлімге шұғыл науқас түседі, соған бірінші баратынбыз. Барлық саланы меңгеруге тырыстым, аудандық ауруханада дәрігер универсал болуға тиіс деп, көзді де, бет-жақ, құлақты да емдейсін. Жан-жақты бәрін үйреніп алуға ұмтылдық. Кейін интернатура біткеннен кейін бас дәрігер Юрий Васильевич Пьянов ауданға жібермей, травматолог боласың деп алып қалды. Ол кезде бөлімі меңгерушісі Айтақын Қилыбайұлы болды. Мықты аға дәрігерлер жұмыс істеді. Жас болғаннан кейін одақтас республика елдеріне білім жетілдіруге жиі жіберетін. Екі рет Ленинградқа барып, кейін Харковкаға да барып келдім. Білім жетілдіріп, Қазақстанда ең бірінші болып жаңаша операция жасадым. Жанбас сүйегіне операцияны енгіздік. Одан кейін атақты дәрігер Елизаровтан сүйектерді ұзарту тәсілі бойынша тәлім алып, Жетісу жерінде бірінші болып аяқ өсіру операциясын жасадық. Жас шағымызда жан-жаққа барып, көріп үйреніп келген білімді, жаңашылдықтарды тәжірибеде енгізуге талпындық. Оқып-тоқығанды осы облыстық ауруханада қолдандым. Сол уақытта союз бойынша 15 қалаға барып тәжірибе жетілдіріппін. Міне, сол кезден бері әлі күнге дейін ауруханада жұмыс істеп келе жатырмыз. Артымнан еріп Талғат деген ұлым да травматолог болды. Бүгін бірінші категориялы травматолог дәрігер. Өміріме ризамын мектеп қабырғасынан бері хирург болам деп армандап. Мақсатыма жеттім. Қайтадан өмірді артқа шегініп, «кім болар едің» десе қайтадан өз мамандығымды таңдаймын. Халық денсаулығы үшін еңбек атқарып, үлесіміз тиді деп айта аламыз. Бүгін кең заманда дәрігердің білім жетілдіруге Израиль, Кореяға жіберіп жатыр. Олар да білген-түйгенін тәжірибеде қолданып жүр. Әркім өз мамандығын сүйіп істегені дұрыс. Адамның өзінің медицинаға ынтасы болса, жұмыс алға басады деп ойлаймын. Күні бүгінге дейін істеп жүрген алпыс жастан асқан дәрігерлер үш-төртеу қалдық, қалғанының барлығы қазір жастар. Жастар қазір алғыр. Жаман істейтін де, жақсы істейтін де болады. Бірақ облыстық ауруханада көріп жүрген, мына өзіміздің травматология бөлімінде істейтін жас мамандар жұмысы жақсы баға беремін. Бөлім меңгерушісі Анарбек Монголханұлы да жас, жаңашылдыққа жаны құмар. Жас мамандарымыз шетелге барып оқып, жаңа тәсілдерді тез қағып алып, өзіміздің ауруханаға соның бәрін енгізіп жүр. Ынтасы жақсы. Дәрігер болып, ынтасыз жұмыс істемей кетіп қалғандар да болды. Бірақ бізге тұрақтанып, жұмыс істеп кеткендер өз орынын тапқан мамандар. Травматология саласы жұмысы өте қиын. Кейінгі жастарымыз жақсы, бізден асып түседі. Шәкіртіңнің білімі өзіңнен асып түссін дейді, міне, кезінде өзің үйреткен жас жігіттер бүгін бізді басып озып еңбектеніп жүр. Дәрігер үшін шынай бақыт осы емес пе?! Травматология бөлімі жұмысы Қазақстан бойынша жоғары бағаланады. Сан жағынан да, сапа жағынан да жанбас сүйекке операция жасаудан біздің бөлім бірінші орында. Бұл мақтанарлық жетістік. Жастарымыздың осындай жетістіктірге жетіп жатқанына қуаныштымын.
Ауруханамыздың 95-жылдық мерей тойына қатарластарыма, артымыздан ерген жас буын мамандарға ісімізде сәттілік тілеймін. Жеткен жетістіктеріміз ұлғайа берсін. Енгізген жаңа технологиялық ота түрлерімен шектелмей, одан әрі жаңашылдықтар көбейе берсін. Біздің жастардың бұған білімі де, ынтасы да жетеді. Жас мамандарымыз өсе берсін, дәрежелері жоғарлай берсін!
Әрбір дәрігер үшін облыстық ауруханада жұмыс істеу үлкен мәртебе
Алғашқыда Капалда аудандық ауруханада жалпы хирург болып жұмыс істеп, Интернатураны осы ауруханада нейрохирургиядан өтіп жүріп осы мамандыққа қатты қызығады. Үш жыл ауданда жұмыс істегеннен кейін облыстық ауруханаға нейрохирургия бөліміне ауысқан Ермек Мұқанұлы бүгін облыстың бас нейрохирургі, өзі тәлім алған мықты нейрохирург мамандардың ізін жастырушы және жас мамандарға үлгі тұлға аймақтың нейрохирургиялық қызметі жайлы былай ой бөлісті…
Ермек Мұқанұлы Бабажанов, нейрохиругия бөлімі меңгерушісі -Әрбір дәрігер үшін облыстық ауруханада жұмыс істеу үлкен мәртебе. 1987 жылдың тамыз айынан бастап облыстық аурухананың нейрохиргия бөлімінде жұмыс істеп келемін. Сол жылдардан облысымыздың нейрохирургиялық қызметі өте жоғары дәрежеде болды. Алексей Сұлтанұлы Абдулхакимов, Анатолий Евгеньевич Герб, Гали Бабашұлы Аринов сияқты білікті нейрохирургтар жұмыс істеді. Сондай мықты дәрігерлердің арасында жүріп үйренуге мүмкіндік болды. Өз ісінің білгірлерінен тәлім алып, білім жетілдірдік. Кейіннен мамандандырудан өтіп, біліктілік жоғарлатып, нейрохирургия саласының қыр-сырымен жете меңгеруге ұмтылдық.
Нейрохирургия бөлімі ұжымы бұрыннан өте ұйымшыл, бірлігіміз мықты болды. Бірліксіз жұмысымыз жүрмейді. Дәрігерлер бір-бірін қолдап, үнемі бір- біріміздің орнымызды басуға дайын тұрамыз. Біздің жұмыста онсыз болмайды. Шұғыл шақыруларға кеткенде, өз әріптестеріңе бөлім жұмысын тапсырып, сенімді болуға міндеттісің. Сен жоқта әріптестерің орныңды жоқтатпай, жұмысты жоғары дәрежеде істейді деген сенім болуы тиіс.
Гали Бабашевич біздің бөлімнен 1998 жылы кетсе, ал Анатолий Евгеньевич 1994 жылы Германияға көшіп кетті. Алексей Сұлтанұлы 1991 жылы денсаулығына байланысты кеткен еді. 1998 жылдан сол бұрыңғы құрамнан жалғыз қалдым. Кейін Қуат Болатұлы, Біржан Асқарұлы сияқты дәрігер азамтаттармен бірге жұмыс істедік. Қуат Болатұлы қазір Астанада жұмыс істесе, Біржан Асқарұлы Қаратал аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарады.
Біздің бөлімге 2008 жылы жас маман Айрат Сағындықұлы Жүнісов келді. Екі жыл бөлімшеде екі дәрігер ғана жұмыс істедік. 2013 жылы арамызға жас маман Нұржан Нұрақбайұлы Ташимов қосылды. Нейрохирургиялық қызметке тек бөлім жұмысымен ғана шектелмейді, сонымен қатар, шұғыл көмек қызметі де бар. Шұғыл көмек қызметтіне аудандық ауруханалар жұмысы да кіреді. Облысымыздың Талдықорғандық аймағы барлық аудандық ауруханаларының нейрохирургиялық қызметін қадағалаймыз. Шұғыл көмек қызметімен аудандарға жиі шығамыз. Қазір біздің бөлімде үш нейрохирург жұмыс атқарды, әрине бұл білдей бір аймақтың нейрохиругиялық қызметіне аздық етеді. Менің ұстаздарым бастаған нейрохирургиялық жолды жалғастырып келеміз. Жаңа емдеу бағыттарын енгізіп, сол нейрохирургиялық қызметті жетілдірудеміз.Заманауи құрал жабдықтар қажет. Жас мамандарымыз жақсы. Айрат Сағындықұлы нейрохирургияда істегеніне 6 жыл болды. Қалыптасқан нейрохирург маман. Барлық ота түрлерін жасайды. Қазір ең бастысы мамандар қажет. Медицинада күнделікті өзгеріс, күнделікті жаңа емдеу технологиялары дамып отырады. Сондай-ақ құрал жабдықтар да қажеттілік бар. Бұл біздің нейрохирургиялық қызметті одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Айрат Сағындықұлы Жүнісов, нейрохирург дәрігер: -Мен облыстық аурухана нейрохирургия бөлімінде 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұған дейін облыстық балалар ауруханасында балалар хирургы болып қызмет атқарған едім. Нейрохиругия мамандығы бойынша алғашқы бес айлық мамандандырудан өтіп, нейрохирург атандым. Уақыт өте бөлім меңгерушісінен көп нәрсе үйреніп, қазір барлық шұғыл операцияларды жасайтын деңгейге жеттік. Бөлім жұмысында жаңа технологияларды енгізіп, сол бағытта сәтті жұмыстар жасап жүрміз. Нейрохирургия бөлімі ұжымы өте тату, бірлігіміз жарасқан, бір отбасындай жұмыс атқарамыз. Болашаққа мақсатымыз –үнемі біліктілікті жетілдіріп, нейрохирургиялық қызметті жоғары сапалы деңгейге жеткізе отырып халық денсаулығын жақсарту үшін еңбек ету.
Халықтың берген бағасы мен алғысының жетістігі
Анарбек Монголханұлы Монгол, травматология бөлімінің меңгерушісі:
Алматы облыстық ауруханаға мен С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің емдеу факультетін бітіріп, 2006 жылы 15 тамыз күні қызметтке келдім. Ол кезде аурухананың бас дәрігері Маралбек Біліспекұлы болды. Интернатураны хирургия бойынша тәмәмдадым, хиургия бөлімінде орын болмады. Мандат Есенғараұлымен ақылдасып, травматология бөлімін таңдадым. Алғаш бастаған кезде әрине қиын болды, бірақ кейін мен осы бөлімде өз орнымды таптым. 2007 жылы жарақат бойынша біріншілік мамандандыру курсынан өтіп, сол уақыттан бастап травматологияға деген қызығушылығым оянды. Себебі науқасқа ота жасап, оны аяғына тұрғызып, алғысын алу маған ұнады. Әрине бастапқы кезде травматология бөлімінде жаңа технологиялар енбеген кез болатын. 2010 жылы Маралбек Біліспекұлы, бас дәрігеріміз Тұрлыбек Жоламанұлы және мен бас травматолог ретінде ұйымдастырып, халықаралық ғылыми конференция өткіздік. Ол кезде әлемнің 25 мемлекетінен 250-ден астам травматолог мамандар келді. Сол үш күндік халықаралық конференцияның негізгі мақсаты –өңіріміздің травматологиялық қызметін республикалық көлемде ғана емес, халықаралық деңгейде таныту, жетістіктермізді көрсету және тәжірибе алмасу еді. Бүгінгі таңда біздің жарақат бөлімі жаңа технологиялық операцияларды жасайтын Қазақстан бойынша бірінші орындамыз деп сеніммен айта аламыз. Қазір жанбас сүйектеріне ота жасайтын елімізде 3 клиника бар, соның біреуі біздің аурухананың травматология бөлімі. Соңғы 3 жыл ішінде қарқынды түрде жаңа емдеу технологиялары енгізілді. Жоғары сапалы технологиялар бойынша былтыр 54 жаңа операция кіргіздік, биыл жыл басынан 7 ота түрін енгіздік. Сонымен қазір ғылыми-институттың деңгейінде жасалатын жоғары технологиялық 60-тан астам ота түрлері біздің бөлімде жасалып жүр. Бұл бөлімшеде жылына 1500 науқас емделіп шығады. Соның ішінде 85-90%-ын тек ота жасаймыз. Егер бұрын отадан кейін бірнеше уақыт балдақпен, гипспен жүретін болса, қазір жаңа операциялардан кейін екінші күні-ақ науқас аяғына тұрып жүріп кетеді. Маман біліктілігін жетілдіру жағынан Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге мамандарымыз оқуға барады. Жылына 4-5 дәрігер мамандығын жетілдіріп тұрады, сол жинаған білімін тәжірибе қолдануға ұмтыламыз. Біздің Облыстық аурухана өңіріміздегі емдеу мекемелері ішінде қарашаңырақ деп есептейміз. Бұл біздің ұйымдастыру-методикалық орталық. Жаңа операцияларды енгізіп, 2-3 жылдан кейін тұғырықты нәтижесі жақсы екеніне көзіміз жетіп, аудан орталықтарындағы ауруханаларға енгізуді қолға аламыз. Аудандардағы хирург, травматологтарға жыл сайын мастер-класс өткізуді дәстүрге айналдырдық. Сонымен қатар, жыл сайын травматизмнің алдын алу үшін үгіт насихат жүргіземіз. 2006 жылы осы ауруханада жұмыс бастаған сәттен бері ұжым маған ысқтық. Аурухананың, әріптестерімнің демеуінің арқасында 2012 жылы облыстың үздік дәрігері атандым. Бұл бір адамның ғана жетістігі емес, бүкіл қызметтестерімнің жетістігі. Халықтың еңбегімізге берген бағасы және алғысының жетістігі деп ойлаймын.
Тоқсан бес жылдық үлкен мерей той, бұған жеткен де, жетпеген де маман бар. Осы 95-жылдық мерей тойға орай травматология бөлімі атынан үлкен ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарда бар. Аурухана қызметкерлері, әсіресе орта буын және кіші буын медицина қызметкерлеріне ерекше алғыс айтқым келіп отыр. Көп жағдайда олардың еңбегі еленбей қалады. Сондықтан кіші буын мен орта буын қызметкерлеріне тек денсаулық, отбасында табыс, шаттық тілеймін. Дәрігерлерге білімін жетілдіріп, оқып үйренгенін халық денсаулығы игілігі үшін қолданып, науқастарды аяғына тұрғызып, «рахмет дәрігер» деген алғысты жиі естуді тілеймін!
Болашақ жастарымыздың қолында
Мейрамгүл Базылжанқызы Сәкенова, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
Семей медициналық университетін бітіре сала еңбек жолын реанимация бөлімінде бастаған Мейрамгүл Базылжанқызы бүгінгі таңда Облыстық аурухана бас дәрігері емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.
-Семей медициналық университетін бітіріп, облыстық ауруханада анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша интернатураны өтті. Реанимация бөлімінде өте білімді, өз ісін жетік меңгерген дәрігерлер істеді. Бөлім меңгерушісі Берік Төлеуұлы Бейсекенов болды, Мақсұт Болатұлы Қалажанов, Мұрат Ақбайұлы Омаров, Алмас Айтаханұлы Қилыбаев, Седова Наталья Александровна, Елтай Тәңірбергенұлы Көпесбаев, Виртор Николаевич Ким сияқты дәрігерлердің қол астында интернатудан өтіп, тәжірибе жинадым. Кейін Берік Төлеуұлы осы Облыстық ауруханада жұмысқа алып қалды. Бүгін, міне, осы ауруханада еңбек еткеніме 25 жыл болды.
Кезінде бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған Вячеслав Константинович Шегайдан өмірге бейімделу, жұмыс жасау бойынша көп өнеге, сабақ алдық. Реанимация бөлімінде 12 жыл жұмыс істеп, кеңес диагностика бөлімі меңгерушісі қызметін атқарып, 2012 жылдан бас дәрігер орынбасары болып тағайындалдым. Өткен күндерге алғыс айтам. Сондай жақсы дәрігерлермен бірге жұмыс істеп, солардан алған білім, тәрбиенің арқасында бүгін мен мамандығымда жетістіктерге жетіп отырмын.
Дәрігерлік ұжымға келетін болсақ, мен өзімді осы аурухананың үшінші толқын дәрігерімін деп есептеймін. Бірінші толқында Корнеев Владимир Иванович, Веремей Яков Захарович , Ходыкин Генадий Григорьевич деген өте білікті хирург мамандар жұмыс жасады. Ондан кейінгі толқынға Мандат Есенғараұлы, Берік Төлеуұлы, Мұрат Ақбайұлы, Казиза Кажкенқызы сияқты мамандарымыз кіреді. Кезінде жас маман болып келген біз де үшінші буын өкілдері болып қалдық. Ұжым өте жақсы, ауызбірілігі жарасқан, білімді, адамгершілігі жоғары, ұйымшыл. Ауруханамызға жас мамандар келіп, соңғы үш жылда қанша дәрігерлерді қайта даярлаудан өткіздік. Сөйтіп ауруханамызда төртінші-бесінші буынның дәрігерлер толқыны қалыптасуда.. Мамандарымыз ішінде білімді, білікті, өз ісіне берік жастар жетерлік. Жас реаниматолог мамандар, невропатолог мамандар білім деңгейі өте жақсы, өз ісін жетік білетіндер. Бүгінгі таңда ауруханамыздың имиджін түсірмей жұмыс істейміз. Кейін де мәртбесі жоғарлай береді деп сенемін. Себебі өсіп-жетіліп келе жатқан жас дәрігерлеріміз білімді, жауапкершілігі мол. Болашақ жастарымыздың қолында.
Қайырбек Ерсайынұлы Нұрғалиев, бас дәрігердің сапа және бақылау жөніндегі орынбасары: -Біздің облыстық аурухана мамандары жақсы, ұжым да өте жақсы. Бас дәрігеріміз де үнемі мамандарды ынталандырып, қолдап отырады. Облыстық аурухана болсақ та, жедел жәрдем ауруханасы сияқты жұмыс істейміз. Жедел жәрдеммен науқастардың бәрін бізге әкеледі. Біздің ауруханада шұғыл көмек көрсетуге шыныққан мамандар жұмыс істейді. Мамандар үшін бұл өте үлкен ауыртпалық. Жоспарлы науқастар үстіне, шұғыл түсетін науқастар да қосылады. Дәрігерлеріміз кейде үлгермей жатады. Қиын болса да біздің мамандар барлығына көмек көрсетуден аянбайды. Жаңадан қалалық аурухана салынып, өз жұмысын бастаған кезде біздің жұмыс біраз жеңілдеуі мүмкін. Шұғыл түсетін қала тұрғындарының көбі қалалық ауруханаға ауысып, біз аудандардан келетін науқастарға көбірек көңіл бөліп, жоспарлы емдеу бағытын жетілдіреміз деген сенімдеміз.
Жастар үшін мол тәжірибе жинайтын мектеп
Астана медициналық университетін тәмәмдап, туған жеріне еңбектенуге келген жас маман Жасұлан Кайратұлы 2010 жылдан бері Облыстық ауруханада жұмыс істейді.Жас маман ретінде аурухана ұжымы тарапынан үлкен қолдау көріп, мол тәжірибе жинағанын айтады.
Жасұлан Кайратұлы Дәулетбаев, урология бөлімі меңгерушісі: -Жұмысқа жаңадан орналасқанда урология бөлім меңгерушісі Тегай Анатолий Петрович болды. Исаев Бақыт Габдулхакимұлы, Асхат Қуанышбайұлы Бутабаев сияқты мамандармен бірге жұмыс істеп, көптеген нәрсе үйрендік. Білімді, әрі білікті дәрігерлер ретінде олар бізге жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп, маман дәрігер болуда үлкен үлес қосқан ұстаздарым. Сол кісілерден үйрене келе 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Артқан сенімді ақтап еңбектенеміз, Талдықорғандағы урологиялық қызмет деңгейін жетілдіруге тырысамыз. Урология бойынша барлық ота түрлері жасалынады. Бақыт Габдулхакимұлы, Асхат Қуанышбайұлы тәжірибелі, өз ісін жетік меңгерген мамандар. Жас дәрігерлерден мен өзім және Игорь Юриевич Ким бар. Бұрыңғы меңгерушіміз Тегай Анатолий Петрович көп нәрсе үйретіп кетті, қазір ол «Хак» медицина орталығында қызмет атқарады. Алматы облысы бойынша барлық урологиялық науқастар біздің бөлімде емделеді. Бүкіл облыс науқастарын қамтимыз.
Ауруханамыздың негізі қаланғанына 95-жыл толып отыр. Үлкен мерей тойда әріптестеріме амандық тілеймін. Жылдан-жылға дәрігер жұмысы қиындай түсуде. Елімізде медицина қызметкері мәртебесі жоғарлап, еңбегі лайықты бағаланса деп тілеймін. Біздің ауруханада жас мамандарға үлкен қолдау көрсетеді. Еліміздің ірі қалаларында жас мамандарға қызығушылықпен көп нәрсе үйретпейді. Ал облыстық ауруханада дәрігерлерді қолдап, әрқашан білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөліседі. Жас дәрігерге операция жасатып, көрсетіп бағыт беріп отырады. Облыстық аурухан жастар үшін мол тәжірибе жинайтын мектеп.
Науқас үшін жылы сөз, мейірімді күтім маңызды
Рая Сейтжапарқызы Нұрғалиева, бас аяжан: -Осы ауруханада 1986 жылдан жұмыс істеп келемін. Хирургия, бет-жақ және ақылы бөлімде жұмыс істедім. Кейін емханада аға медбике болып, 2011 жылдан аурухананың бас аяжаны қызметін атқарып отырмын. Бұрыңғы уақытпен қазіргі кезді салыстырсақ, әрине бүгін медбике жұмысы біраз жеңілдеді. Елімізде қайта құру заманында медицинада қиыншылықтар көп болды. Мамандар қысқартылып, кейбір ауруханалар жабылып жатты. Науқастар көбейіп, ал мамандар жеткіліксіз болды. Сондай бір дағдарыс уақытында бүкіл халық үшін, медицина қызметкерлері үшін ауыр кезең еді. Сол уақытта бас дәрігеріміз Шәймерден Сыдықұлы мен орынбасары Вячаслав Константинович екеуі аурухананы қиын кезеңнен алып шықты. Жоқтан бар жасап, халыққа көмек көрсетілді. Бірте-бірте еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы түзеліп, денсаулық сақтау саласы да оңала бастады. Штат көбейіп, құрал-жабдық алынып, дәрі-дәрмекпен де қамтылды. Қазір бұрыңғымен салыстырғанда ауруханамыздың материалдық-техникалық базасы да, мамандармен қамтылу жағдайы да жақсы. Ауруханамызда 252 орта буынды қызметкерлер мен 178 кіші буынды қызметкерлері бар. Медбикелеріміздің ішінде 123 – жоғарғы, 11 – бірінші, 10 – екінші санатқа ие. Ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрген ардагер медбикелеріміз бар. Ибраева Майра деген медбике медучилищені бітіріп келген сәттен осы аурухана неврология бөлімінде істеп келіп, қазір нейро-инсульт бөлімінде. Биыл зейнетке шығады. Қазір емхана тіркеу бөлімінде отырған Кенжебекова Майра өмір бойы травматологияда істеп шығып, ол да зейнет жасына жеткен маман. Терапия бөлімінде де Бақыт Тұмарбаева деген мейірбике өмірін осы медицинаға арнаған жандардың бірі. Мейірбикелер жұмысы ауыр, аяғынан жүре алмайтын науқастарды көтеріп, көбісі омыртқа грыжасына шалдығып жүреді. Жұмыс ауыртпалығына қарамай, мамандығына адалдығымен әлі күнге дейін еңбектенуде. Нұрғожанова Гулнәр нейрохиругия бөлімінде., Толқын Бекмустафаева реанимация бөлімінде, Айгүл Байғалиева деген мейіргерлеріміз де мамандығына беріліп істеп жүр. Малбаева Зағира кезінде мамандықтың қыр-сырын үйреткен жетекшіміз, қазір ФГДС кабинетінде, Смағұлова Қарлығаш деген өте жақсы медбике болды. Медицинада өз орынын таба алмай, бір мекемеден екінші мекемеге ауысып жүретіндер болады. Ал біздің медбикелеріміздің көбі осы жас кезінен бастап, зейнетке дейін істеп жүргендер. Дәрігерлеріміз де жоғары білімді, өз ісін жетік білетін мамандар. Әрқайсының денсаулық саласында өзіндік орны бар. Облыстық ауруханада көп жылдар еңбек етіп, қазір басқа мекемелерде біліктілігімен ерекшеленіп лауазымды орында жұмыс істеп жүрген дәрігерлер де жетерлік. Айта берсең, бізде істеген мықты мамандар өте көп. Хирургияда өзіндік жоғары мектеп болып, жоғары білікті мамандар легі қалыптасқан. Еңбегін ерекше атап өтетін бөлім – нейро-инсульт бөлімі. Жалпы нейро-инсульт бөлім жұмысы өте ауыр, инсультке шалдығып сал болып жататын науқастарға ерекше күтім қажет. Бөлім меңгерушісі Салтанат Жексембекқызы Мықтыбаева инсультке шалдыққан қанша науқасты аяғына тұрғызып шығарды. Нейро-инсульт бөліміндегі мамандар жұмысына жоғары баға беруге болады.
Медицина саласы ең қиын саланың бірі. Дәрігерлер берген ем мен медбике көрсететін күтімге науқастың денсаулығы, өмірі байланысты. Біздің жұмыста қателіктер кешірілмейді. Бүгінгі заманда науқас өте көп. Ауру жас талғамайды. Барлығына медициналық ем, жылы сөз, мейірімді күтім қажет. Бір ғасырлық тарихы бар біздің аурухана облысымыздың негізгі емдеу мекемесі халық денсаулығы күзетінде әлі де талай жылдар жұмыс істейді.
Ұжымның тарихта қалар үлкен жетістігі
Аққайша Алтынбекқызы Иманбекова, кадр бөлімінің басшысы: -Ауруханамыз жоғары мамандандырылған. Кадр бөлімінде 34 жыл жұмыс істеп келемін. Сол уақыттан бері жеті бас дәрігер ауысты. Ахметжанов Шәйкен Ахметжанұлы, Пьянов Юрий Василевич, Сыдықов Шаймерден Сыдықұлы, Жансенгиров Тлеуберді Максимұлы, Мейірбеков Маралбек Білісбекұлы, Сансызбаев Тұрлыбек Жоламанұлы және қазіргі бас дәрігеріміз Мұрат Көмекұлы Рахметов.
Мамандарымыз білімі мен біліктілігі жоғары. Дәрігерлер біліктілігін жетілдіруге, білімін арттыруға барлық жағдай жасалған. Жылына бір-екі рет білім жетілдіріп отырады. Ауруханада негізінен жоғары санатты дәрігерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар жоғары квалификациялы категориялы медибикелер де қызмет атқарады. Ауруханамыздың бүгінгі жоғары мамандандырылған кадрлар бұрыңғы істеп кеткен мамандардың сара жолын жалғастырушы ізбасарлары.
Юрий Васильевич Пьянов, , Райхерт Андрей Андреевич, Ходыкин Генадий Григорьевич, Смеянов Дмитрий Афанасьевич, Баймукашева Раиса Абдуллаевна, Ахметжанов Шайкен Ахметжанұлы, Сыдыков Шаймерден Сыдықұлы, Шегай Вячеслав Константинович Мейірбеков Маралбек Біліспекұлы, Веремей Яков Захарович, Веремей Валентина Андреевна, Миллер Лариса Федоровна, Мазурок Федор Сидорович, Мұрат Ақбайұлы Омаров, Қалажанов Мақсұт Болатұлы, Бейсекенов Берікбол Төлеуұлы, Бақтыберлина Роза Еркинбайқызы, Ким Евдокия Матвейовна, Қилыбаев Айтақын Қилыбайұлы,Қылышев Төлеген Шакабайұлы, Алексей Сұлтанович, Герб Анатолий Евгеньевич, Аринов Гали Бабашұлы, Сергазин Бексұлтан Бабашұлы, Ермеков Тұрсынбай Тұрылұлы, Избасаров Абен Избасарұлы, Нұғманов Арын Нұғманұлы, Керженцева Татьяна Григорьевна, Фирсов Валерий Тихонович, Кудряшова Фаина Сергеевна, Попов Геннадий Захарович, Малдыбеков Дулатбай Малдыбекұлы, Вугляр Нэля Семеновна, Пьянова Лидия Федоровна, Горелик Галина Васильевна деген өз ісінің нағыз маман дәрігерлері жұмыс істеді. Бұл тұлғалар көп жылдық еңбегімен облыс денсаулық сақтауына ерен еңбегімен ерекшеленген тұлғалар.
Бізде барлық бөлімдер бар: урология, эндокринология, терапия, нейрохиургия, реанимация, Лор, Бет-жақ хиуругиясы, хиругия, травматология, нейро-инсультті, қабылдау бөлімі, емханалық қызмет. Осы бөлімдерде жоғары дәрежелі, білікті мамандар жұмыс істейді.
Дәрігерлер жұмысы қаншалықты жауапкершілігі мол, қаншалықты қиын екенін білеміз. Осы аурухана ұжымы бастан өткергенінің барлығының куәгері болып жүрміз. Мамандарымыздың жақсы болғанынан мен де 34 жыл бойы осы ауруханада жұмыс істеп отырмын. Барлық жағынан білімді, тәжірибелі, қайратты дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейді. Жұмыс болғаннан кейін қиындықтар да болады, түсініспеушіліктер де кезігеді. Шыдай білу керек, түсіне білу керек. Ауруханамыздың 95-жылдығы әрбір қызметкер үшін үлкен мереке болмақ. Бұл біздің ұжымның тарихта қалар үлкен жетістігі деп сенемін.
Мамансыз аурухана жұмысы жүрмейді. Сондықтан ең алдымен біз медицина қызметкерінің өмірлік тәжірибесі мен біліміне, кәсіби дағдылары мен жұмысқа қатысына қатты көңіл бөлінеді. Ауруханаға келген жас мамандардың біліктілігін шыңдап, әр саладағы жетіспеген дәрігерлер орны толықтырылуда. Алматы облыстық ауруханасының тарихын
Автор: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА