ТУБЕРКУЛЕЗ

Медицина в РК

Бескекилова Ж.Т., Абишева Г.Ш., Калияхметова Д.З.

ШЖҚ «Көксу аудандық орталық ауруханасы» МКК медбикелері

Туберкулез – ауа  арқылы  тарайтын   жұқпалы ауру. Жиі кездесетін түрі-өкпе туберкулезі. Көп жағдайда сырқат  білінбей басталады.

Манту сынамасын 15  жасқа  дейінгі балаларға  қойғанда, қақырықты “Кох таяқшасына”  бактериоскопиялық  жолмен  тексергенде және өкпені  флюорографиялық тексеруден өткізгенде анықталады.

Туберкулездің клиникалық   белгілері: әлсіздік, тез шаршау, асқа зауқы соқпау, жүдеу, 3 аптадан аса жөтелу, түнде немесе ұйқыдан оянған кезде терлеу, дене қызуының 37 градустан жоғары көтерілуі, түстен кейінгі мезгілде бейжай болуы.

Осындай белгілер білінсе,  міндетті түрде терапевт-дәрігерге көрініп, қақырықты үш күн қатарынан  “Кох таяқшасына” тексерту керек. Қақырықты жинау әр уақытта медицина қызметкерінің бақылауы арқылы терең тыныс жолдарынан алынады. Егер тексерілген қақырықта туберкулез микробактериясы табылмаса, онда ол науқас рентген арқылы тексеруден  өтуі тиіс. Әр сырқаттың алдын алған жөн,  туберкулездің жеңіл түрі болса, олар қысқа  мерзімде  емделіп, тез жазылады. Қандай жағдай болмасын, туберкулезге шалдыққан адам тез арада ем қабылдауы  қажет. Қазіргі  медицинаның  дамыған жағдайында туберкулезбен ауырған науқасты емдеп жазуға әбден  болады.

Туберкулезбен  кімдер тез ауырады немесе ауыруға   бейім тұрады?  Олар:  уақытында тамақтанбайтындар, өз денсаулығына  жіті мән бермейтіндер, маскүнемдер, нашақорлар, жүйкесі тозғандар, психикалық  ауруларға немесе   күйзеліске ұшырағандар, үй-жайлары жоқ кезбелер, гармональдық  дәрілермен  емделетіндер, тұмаумен және респираторлық инфекциялармен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрі мен асқазан-ішек жараларымен ауыратындар және  диспансерлік есепте  тұратындар, туберкулез науқасымен қарым-қатынас жасайтын барлық жанұя мүшелері, жұмыс қызметтестері, жас балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер.

Туберкулезбен ауырған адам одан жазылу үшін ұзақ уақыт дәрі ішіп, емдік шараларды  дұрыс пайдалануы,  дәрігер – фтизиатрдың  кеңестерін  бұлжытпай орындау  керек екенін білуі тиіс.

Туберкулезді жұқтырмай жүру мүмкін емес, сондықтан науқас жөтелгенде, түшкіргенде, жақын отырған адамдардан бетін бұрып, аузы мен мұрнын орамалмен жауып, қолын жиі-жиі жуып, орамалды күніне бірнеше рет алмастыруға тиіс. Өйткені оған туберкулез микробтары өте көп жиналады. Әсіресе балаларды сақтандырудың барлық шараларын мұқият қараған абзал. Оларды қолына алып сүюіне, бір ыдысты ортақ пайдалануына, бір бөлмеде ұйықтауына, бәрінен бұрын төсекте бірге жатуына болмайды. Науқас адамның меншікті бөлек  ыдыстары, заттары, төсек орны болуы тиіс, олар жанұяның басқа мүшелерінен оқшау сақталады. Кірлеген төсекті жинау үшін бөлек жәшік немесе қап арналады. Науқасқа күн жақ беттен жеке бөлме берген дұрыс. Кілем, киіздерді алып тастап, оңай жуылатын, ауру жұқтыруға әсер етпейтін заттарды ғана қалдырады. Жатын  бөлмесі қайта – қайта  желдетіп  отырылуы  тиіс.

Туберкулездің негізгі жұғатын көзі туберкулез микробтарын тарататын науқас адам. Науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, ән айтқанда түкірікпен, қақырықпен әлденеше миллиард туберкулез микробтарын бөліп шығарады және олар 1,5 метрден 5 метрге дейін шашырайды, ең қауптісі ол ауада таралып, бір сағаттан көп уақыт сақталады. Науқас адамның жерге немесе еденге түкірген қақырығы бірте-бірте кебеді де, ақырында шаңға араласады, шаң ауаға көтеріледі, дем алған кезде сау адамның өкпесіне енеді. Одан басқа аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен, кір қолынан және сүйіскен кезде жұғады. Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары да сиыр, түйе, доңыз туберкулез ауруын таратады.

Науқас бөлмесінің еденін, қабырғаларды, ыдыс-аяқтарын жууға  жеке шүберектер, шелектер  бөлінуі тиіс. Науқас қақырықты қалта түкіргішіне түкіруі тиіс, ол екеу болғаны жөн, біреуін науқас пайдаланған кезде, екіншісі залалсыздандырылады.

Туберкулезді алдын алу үшін жүргізілетін профилактикалық шаралар барынша туберкулезді ерте табуға (енді басталғанда), жеңіл түрі болса тез емдеуге мүмкіндік береді. Ол үшін балаларға Манту сынамасы қойылады. Бұл әдіспен туберкулездің жұққанын анықтаймыз. Жасөспірімдер мен ересектер жылына бір рет флюроографиялық тексеруден өтулері қажет.

Адам ағзасының қорғаныс жүйесін күшейту үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы тек қана дәрігердің шешімімен егіледі. БЦЖ вакцинасы бірінші рет перзентханада, кейін бала бірінші сыныпқа (6-7 жас) барғанда егіледі.           Туберкулезден сақтануға болады, осыған орай салауатты өмір салтын ұстанып, тазалық сақтап, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттен бас тартып, денені шынықтырып жаттығулар жасау керек.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *