Жасы ұлғайған сайын тері құрылымында табиғи өзгерістер жүреді: коллаген деңгейі төмендейді, тері серпімділігін жоғалтып, құрғақтық пен әжімдер пайда бола бастайды. Алайда дұрыс күтім арқылы бұл өзгерістердің алдын алып, теріні жас көрінетін күйде сақтауға болады. Дерматологтар мен эстетистер 40 жастан асқаннан кейінгі тері күтіміне арналған ең маңызды 5 кеңесті ұсынады.
1. Теріні үнемі ылғалдандырыңыз
Қартая келе тері құрғақ бола бастайды. Сондықтан қанық әрі қоректік заттарға бай ылғалдандырғыш крем қолдану қажет. Мұндай өнімдер теріні жұмсартып, әжімдердің тереңдігін азайтуға көмектеседі. Құрамында пептидтер, ниацинамид, С дәрумені, муцин немесе керамидтер бар кремдерге назар аударған жөн. Бұл тері тосқауылының саулығын сақтауға мүмкіндік береді.
2. Ретинолды күтімге қосыңыз
Ретинол – қартаю белгілеріне қарсы ең тиімді ингредиенттердің бірі. Ол жасушалардың жаңаруын ынталандырып, пигментацияны, әжімдерді және түс теңсіздігін азайтады. Оны аптасына 2-3 рет кешкі күтімге енгізуге болады. Бастапқыда жұмсақ әсер ететін ретинол өнімдерін таңдаған дұрыс.
3. Күннен қорғанысты күнделікті қолданыңыз
Күн сәулесі терінің ең басты қартаю факторларының бірі. Сондықтан SPF бар кремді күн сайын қолдану – ерте қартаюдың алдын алудың тиімді тәсілі. Қыста және бұлтты күндерде де SPF қажет. Күн сәулесі теріде дақтар мен әжімдердің түзілуіне тікелей әсер етеді.
4. Қарапайым және тұрақты күтімге басымдық беріңіз
Күтім құралдарының көп болуы міндетті емес. Ең бастысы – олардың теріңізге сай болуы және тұрақты қолданылуы. Тазарту, ылғалдандыру, қорғаныс және жаңарту – бұл кез келген жастың негізгі күтім сатылары. Қажет болса, косметологпен бірге нақты мақсаттарға бағытталған күтім жоспарын жасауға болады.

5. Ішкі денсаулыққа мән беріңіз
Жас әрі сау тері тек сыртқы күтіммен шектелмейді. Ұйқы, теңгерімді тамақтану, физикалық белсенділік және стрессті басқару терінің жалпы жағдайына әсер етеді. Күніне 7 сағаттан кем ұйықтамауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге, ақуыз, жеміс-көкөністерді жеткілікті тұтынуға тырысу қажет.
Жас ұлғайған сайын тері күтімінде маңыздысы – өз теріңіздің өзгерісін бақылап, оған сәйкес күтім тәсілдерін икемдеу. Жүйелі және саналы күтім – жастықтың басты құпиясы.