2024 жылы Алматы қаласының №2 Балалар клиникалық ауруханасы еліміздің жетекші көпбейінді стационары мәртебесіне ие болды.

Жаңалық Медицина в РК

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы Қазақстан Республикасындағы көпбейінді балалар стационарлары арасындағы рейтингте бірінші орынды иеленді. Рейтингті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау орталығы 722 медициналық мекеме арасында жүргізген бағалау негізінде ұсынды.

Бағалау үдерісінде 14 клиникалық индикатор, аккредиттеу мәртебесі мен негізделген шағымдар саны сияқты өлшемшарттар есепке алынды.

№2 балалар ауруханасының бұл жетістігі – балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласындағы жоғары кәсіби деңгейдің дәлелі. Қазіргі таңда ауруханада 285 төсек орны бар, оның құрамына түрлі бейіндегі стационарлық және мамандандырылған бөлімшелер кіреді. Клиника – соматикалық және хирургиялық бағыттағы барлық негізгі педиатриялық салаларды қамтитын көпбейінді мекеме.

Ауруханада Алматы қаласындағы жалғыз балалар гематологиясы мен эндокринологиясы бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, бронх-өкпе дисплазиясы бар балаларды емдейтін жалғыз бөлімше де осы клиникада орналасқан.

Қазіргі уақытта медициналық мекемеде 690 қызметкер, оның ішінде 137 дәрігер жұмыс істейді. 8 дәрігер – Алматы қаласының бас штаттан тыс балалар саласындағы мамандары. Клиника қызметкерлері үнемі шетелдік жетекші емдеу орталықтарында біліктілігін арттырып отырады.

№2 балалар ауруханасы көптеген бейіндер бойынша республикалық маңызға ие мекеме ретінде танылып отыр. Мұнда еліміздің барлық аймақтарынан балалар келіп ем қабылдайды. Күн сайын қабылдау бөлімшесіне 300-ге жуық бала түрлі аурулармен, жарақаттармен және іштің ауырсынуымен жүгінеді. Бір жылдың ішінде қабылдау бөлімшесіне 80 000-ға жуық бала келсе, оның шамамен 14 000-ы ауруханаға жатқызылады.

Клиникада нейрохирургия, травматология және хирургия салаларында инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Дәрігерлер заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды пайдалана отырып, әлемдік стандарттарға сай бірегей операциялар жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *