Шала туған балалардың күтімі

Ана мен бала

Авторы: Абилкасимова Гульзира Казыкеновна – аға медбике, ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК. Тлеукенова Толкын Менсизбаевна – медбике, ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК. Ахметханова Гульбаршин Мухатаевна — медбике, «Облыстық мамандандырылған балалар үйі» КММ

Мерзімінен бұрын туған баланың күтімі алдымен перзентханада, содан кейін арнайы шала туған балалар бөлімінде жасалады. Мұндай нәресте орталық жүйке жүйесінің жетілмеуінен және тері қабатының температураны реттеу қызметінің толық дамымауынан дене температурасын өз қалпында ұстай алмайды. Салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кетеді. Сондықтан шала туғандарға шалалық дәрежесіне сәйкес әртүрлі температуралық режим сақталады.

Нәрестенің салмағына қарай шала туудың 4 дәрежесі бар:
I дәреже – 2500-2001 грамм;
II дәреже – 2000-1500 грамм;
III дәреже – 1500-1001 грамм;
IV дәреже – 1000 грамнан 500 грамға дейін.

Дәрігерлердің дұрыс ұйымдастырылған көмегінің арқасында 500 грамнан жоғары салмақпен тірі туған балаларды аман алып қалуға болады.

Шала туған нәресте өз бетінше анасының кеудесінен тамақтана алса, шығаратын кезде салмағы кемінде 2 келіге жетсе, дене температурасын ұстап тұруға қабілетті болса, жақсы дем алса және жүрек соғысында проблема болмаған кезде ауруханадан шығарылады.

3 және 4-дәрежелі шала туған балаларға алғашқы күндері арнайы кереует – кювезде күтім жасалады. Оның ішіндегі температура осы балаларға қажет 30-35 градусқа дейін көтеріліп, ылғалдылық 60-65%-ке, оттегі концентрациясы 30%-ке жеткізіледі. Мұндай кювездер болмаған жағдайда шалалықтың 1 және 2-дәрежесіндегі балалардың дене температурасын жылытқыштар қою арқылы реттеуге болады. Шала туған баланың тері қабатының қорғаныш қызметінің және жалпы иммунитетінің төмендігіне байланысты оның күтімінде тазалықты қатаң сақтап, әртүрлі аурулардан сақтандыру қажет.

Шала туған балалардың тыныс алу жүйесіндегі ерекшеліктеріне және тыныс алу орталығының жетілмеуіне байланысты олардың дем алысын жақсарту үшін келесі әрекеттер жасалады:

  • бөлме ауасын жиі желдетіп, тазартып тұру;
  • баланы бос жөргектеп, бас жағын көтеріңкі етіп жатқызу;
  • ылғалдандырылған оттегі беру;
  • баланың кеудесіне қыша қағазын қою.

Медициналық қоғамдастық пен болашақ ата-аналардың басты міндеті – мерзімінен бұрын босану санын азайту.

Шала туу себептері

Мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі себептердің бірі сыртқы факторларға, жүкті әйелдің жұмысына байланысты. Жүкті әйелге ұзақ уақыт тік тұру немесе бір қалыпта ұзақ отыру зиянды. Болашақ ананың жасы мен денсаулық жағдайы, дұрыс тамақтанбауы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді.

Мерзімінен бұрын босанудың себептері әртүрлі. Олардың қатарында ананың жас ерекшелігі, экстрагениталдық патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары мен экстремалды мінез-құлық, генетикалық факторлар, дұрыс тамақтанбау мен зиянды әдеттер де бар.

Шала туған нәрестелердің ағзасы дұрыс дамымағандықтан олар өте әлсіз келеді. Мерзімінен бұрын туған сәбидің терісі жұқа әрі сезімтал, тері асты май қабатының деңгейі төмен, жүрек-қан тамырлары мен ас қорыту жүйелері жетілмеген және орталық жүйке жүйесі өте сезімтал болады. Толық жетілмеген өкпе ағзаны оттегімен қамтамасыз ете алмайды. Мұндай нәрестелерге күтім жасау процесі күрделі.

Шала туған нәрестелер күтімі

Шала туған баланың күтімі алдымен перзентханада, содан кейін арнайы шала туған балалар бөлімінде жасалады. Мұндай нәресте орталық жүйке жүйесінің және тері қабатының температураны реттеу қызметінің жетілмеуінен дене температурасын өз қалпында ұстай алмайды. Салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кетеді. Сондықтан шала туғандарға шалалық дәрежесіне сәйкес әртүрлі температуралық режим сақталады.

Тамақтандыру

Шала туған баланы тамақтандырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бала тез өсіп, өз қатарларын қуып жету үшін тамақ мөлшерін артығымен қабылдауы қажет. Алайда дәрігерлер баланың ас қорыту ағзаларының жетілмеуі және ему, жұту рефлекстерінің әлсіздігі бұл қажеттілікті орындай алмайтынын айтады. Шала туған балалар шалалық пен рефлекстерінің даму дәрежесіне сәйкес әртүрлі әдістермен және мерзімдерде тамақтандырылады.

Медбикенің рөлі

Медбикенің шала туған нәрестелерге күтім жасаудағы рөлі маңызды. Медбикелер реанимациядағы жаңа технологияларды қолдана отырып, нәрестелердің жағдайын үнемі қадағалап, медициналық жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар медбикелер ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, оларды қолдау арқылы бала күтімін жақсартады.

Қорытынды

Шала туған нәрестелердің өмір сүру сапасын жақсарту заманауи технологиялар мен озық әдістердің арқасында мүмкін болды. Медбикелердің рөлі — тек медициналық процедураларды орындау ғана емес, сондай-ақ ата-аналармен жұмыс істеу, қиын жағдайларда шешім қабылдау және этикалық нормаларды сақтау. Әрбір шешім нәрестенің өмірі мен болашағына әсер етеді.

Tagged

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *