Темекі шегу, нашақорлық және алкоголизм-қоғамның дерті

ЗОЖ

Автор: Исламова Айгерим Бахрамидинқызы, Салауатты өмір салты дәрігері
ШЖҚ МКК 5 қалалық емхана, Астана

Қазіргі таңда қоғамда кең таралған зиянды әдеттердің ішінде темекі шегу, нашақорлық және алкоголизм ерекше алаңдаушылық тудырады. Бұл әдеттер адамның денсаулығына, рухани әлеміне және әлеуметтік өміріне орасан зор зиян келтіріп қана қоймай, мемлекет пен ұлт болашағына да кері әсер етеді.

Темекі құрамында никотин, шайыр, көмірқышқыл газы, улы металлдар және жүздеген басқа да зиянды заттар бар. Бұл заттар адамның тыныс алу жүйесіне, жүрек-қантамыр жүйесіне, асқорыту жүйесіне және жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді.
Темекі шегудің нәтижесінде мынадай аурулар жиі кездеседі:
• Өкпенің созылмалы обструктивті аурулары (өкпе эмфиземасы, бронхит);
• Жүрек-қан тамырлары аурулары (инфаркт, инсульт);
• Ауыз қуысының, көмейдің, өңештің және өкпенің қатерлі ісіктері;
• Иммунитеттің әлсіреуі.

Пассивті темекі шегу де зиянды, әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін. Үйде немесе қоғамдық орындарда темекі тарту – айналадағылардың денсаулығына қауіп төндіреді.

Нашақорлықтың салдары
Нашақорлық – бұл есірткі заттарына физикалық және психологиялық тәуелділік. Есірткілер адамның санасын улап, оның өмір сүру салтын түбегейлі өзгертеді. Нашақор адам әлеуметтік ортадан оқшауланып, жұмысын, достарын, отбасын жоғалтады. Көп жағдайда қылмыстық әрекеттерге баруы мүмкін.
Нашақорлық:
• Ми қызметінің бұзылуына;
• Психикалық ауруларға;
• Жұқпалы ауруларға (ВИЧ, гепатит);
• Ерте өлімге әкелуі мүмкін.
Нашақорлық – тек жеке адамның мәселесі емес, бұл бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне төнетін қатер.
Алкоголизмнің зияны
Алкогольді ішімдіктерге тәуелділік те үлкен әлеуметтік және медициналық мәселе. Алкоголь адамның жүйке жүйесін зақымдап, мінез-құлқын өзгертеді, агрессияға, депрессияға, суицидтік ойларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, ішімдіктің жиі қолданылуы бауыр циррозы, асқазан жарасы, жүрек аурулары секілді көптеген ауыр дерттердің себебі болады.
Алкоголизмнің зардаптары:
• Отбасылық кикілжіңдер мен ажырасу;
• Балалардың тәрбиесіз қалуы;
• Қызметінен айырылу;
• Қоғамдағы тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстың артуы.
Темекі шегу, нашақорлық және алкоголизм – адамның денсаулығына ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін факторлар. Осыған байланысты, мемлекет пен қоғам бірігіп күресу жолдарын белсенді түрде жүргізуі тиіс.
Алдын алу шаралары мыналарды қамтуы қажет:
• Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары;
• Жасөспірімдерге салауатты өмір салтын насихаттау;
• Білім беру ұйымдарында тәрбиелік жұмыстарды күшейту;
• Медициналық және психологиялық көмек көрсету;
• Құқықтық және әкімшілік шараларды қолдану.

Салауатты ұлт – ел болашағының кепілі. Әр азамат зиянды әдеттерден аулақ болып, өз өміріне және айналасына жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *