Авторы: Кулдарова Айида Тутиновна, медбике, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі болу орталығы;
Битибаева Гүлим Бекетайевна, медбике, ШЖҚ МКК «Көксу аудандық орталық ауруханасы»;
Бағаева Түйғын Молдалиқызы, перзентхана бөлімінің аға мейірбикесі, ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК
Кіріспе
Мүмкіндігі шектеулі балалар — ерекше қажеттіліктері бар, бірақ дәл сондай ерекше қамқорлық пен махаббатты қажет ететін қоғам мүшелері. Олардың физикалық, психологиялық және әлеуметтік дамуы көбінесе медициналық қызметкерлердің, соның ішінде мейірбикенің кәсіби қолдауына тікелей байланысты.
⠀
Мейірбике тек ем-шара жасаушы маман емес, сондай-ақ балаға сенім, тыныштық және қауіпсіздік сыйлайтын тұлға. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуде сабыр, төзім, жанашырлық және кәсіби біліктілік аса маңызды.
Ерекше балаларға күтім жасаудағы мейірбикенің міндеттері
Жеке тәсіл қолдану
Әр баланың диагнозы, мінезі, психоэмоционалдық жағдайы мен қажеттілігі әртүрлі. Мейірбике баламен жеке қарым-қатынас орнатып, сенімге кіре білуі қажет.
Күн тәртібін ұйымдастыру
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тұрақты режим мен жүйелілік өте маңызды. Таңғы тексеру, тамақтану, ем-шаралар, тынығу — барлығы нақты тәртіппен жүруі тиіс.
Медициналық бақылау
– Артериалдық қысым, дене қызуы, жалпы жағдайын бақылау;
– Жарақат алу қаупінің алдын алу;
– Дәрі-дәрмекті уақтылы және дұрыс беру.
Кеңес беру және қолдау көрсету
Баламен бірге жұмыс істейтін ата-аналарға күтім, тамақтану, қозғалыс белсенділігі, үй жағдайында оңалту бойынша кеңес беру.
Психоэмоционалды қолдау
Мейірбике балаға тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, оны қабылдайтын, түсінетін және қолдайтын тұлға болуы тиіс. Көңіл-күйін бақылап, жай сөзбен болса да тыныштандыру, мотивация беру маңызды.
Қиындықтар мен оларды жеңу жолдары
Бала қарсылығы: бала медбикеден қорқуы мүмкін. Бұл жағдайда сабырмен, ойын арқылы сенімге кіру қажет.
Сөйлеу немесе есту кемшілігі: ым-ишара тілі, визуалды құралдар көмектеседі.
Қозғалыс шектеулері: науқастың ыңғайына қарай жағдай жасау, қозғалыс терапиясына қатысу.
Қауіпсіздік – басты орында
Мүмкіндігі шектеулі балалар кенет қозғалыс жасауы, өзін-өзі жарақаттауы мүмкін. Сондықтан мейірбике:
барлық медициналық құралдардың қауіпсіз болуын;
дәрілердің қолжетімсіз жерде сақталуын;
бөлменің тазалығын және зарарсыздандырылуын қамтамасыз етуі керек.
Қорытынды
Мейірбике — мүмкіндігі шектеулі баланың жай ғана көмекшісі емес, оның сенімді досы, дамуына үлес қосатын тұлға.
⠀
Мұндай балалармен жұмыс – жан мен жүрекке үлкен жүк артады. Бірақ бұл жұмыстың әр сәті – адамгершілік пен нағыз мейірімділіктің көрінісі.
⠀
Ерекше бала – ерекше жүрек иесін қажет етеді. Ал мейірбике – сол жүрек иесі.