Авторлар:КеримбаеваГулайымТелихановна ВОП,
Буйрабекова Мира Ерболовна ВОП, Оразаева Айжан Женисовна
Жетісу облысы, Алакөл ауданы, МКҚ Алакөл аудандық орталық ауруханасы, Достық ауылдық ауруханасы
Миокард инфарктысы — жүрек бұлшықетінің (миокардтың) қанмен қамтамасыз етілуінің кенеттен бұзылуынан туындайтын, нәтижесінде белгілі бір бөлігінің өлі еттенуіне (некроз) әкелетін ауыр және өмірге қауіпті жағдай.
Бұл жағдай, әдетте, жүректің тәждік (коронарлық) артерияларында атеросклероздың дамуы нәтижесінде олардың тарылуынан болады. Атеросклерозбен зақымдалған артерияда қан ұйып, тромбоз (тамырдың бітелуі) пайда болуы мүмкін. Бұл кезде қан ағымы толық немесе жартылай тоқтап, жүрек бұлшықеті оттек пен қоректік заттарды ала алмай, зақымданады.
Инфаркттың негізгі себептері:
- Атеросклероз (қан тамырларының қабырғаларында холестерин жиналуы)
- Қан қысымының жоғарылауы
- Қант диабеті
- Шылым шегу
- Артық салмақ және семіздік
- Стресс және жүйке жүйесінің күйзелісі
- Дұрыс тамақтанбау және қозғалыстың аздығы
- Тұқым қуалаушылық факторлар
Ер адамдар 40–60 жас аралығында бұл ауруға жиі шалдығады.
Миокард инфарктының белгілері:
- Кеуде тұсындағы ұзақ және қатты ауырсыну – жүрек тұсында, көбіне төс сүйегінің астында сезіледі.
- Ауырсыну сипаты: қысып, күйдіріп, шаншып, керіп немесе жаншып тұрады
- Ауырсыну сол қолға, сол жақ жауырынға немесе бүкіл кеудеге таралуы мүмкін
- Нитроглицерин қабылдағаннан кейін де ауырсыну басылмайды, бұл стенокардиядан басты айырмашылығы
- Ұстама әдетте 20–30 минуттан бірнеше сағатқа, кейде бірнеше күнге дейін созылады
- Әлсіздік, үрей сезімі, ауа жетіспеушілік (демікпе), жүрек қызметінің бұзылыстары
- Лоқсу, құсу, суық тер басу, есінен тану жағдайлары болуы мүмкін
Жедел жәрдем көрсету тәртібі:
Миокард инфарктысы күдік туындаған жағдайда:
- Науқасты жатып демалатын күйге келтіру
- Қозғалуға тыйым салу, тыныштықты қамтамасыз ету
- Нитроглицерин таблеткасын тілдің астына салу (ауру басылмаса, бірнеше рет қайталауға болады)
- Жылу шаралары: кеудеге қыша қағаз қою, аяққа грелка басу
- Дереу жедел жәрдем шақыру – тек ауруханада толыққанды ем жүргізіледі
Емдеу және қалпына келу кезеңі:
Науқас міндетті түрде ауруханада емделуі қажет. Қалпына келу кезеңі аяқталған соң:
- Науқас диспансерлік бақылауға алынады
- Тамақтану: калориясы төмен, бірақ дәрумендерге бай тағамдар тұтыну
- Физикалық белсенділік: арнайы емдік гимнастикамен айналысу қажет
- Психоэмоционалдық тұрақтылықты сақтау
- Ауыр жұмыс, түнгі ауысым, ыстық цехтарда жұмыс істеуге болмайды
Қорытынды:
Миокард инфаркты – өте қауіпті жүрек-қан тамыр ауруларының бірі. Уақытында диагноз қойылып, тиісті ем жүргізілсе, өмірді сақтап қалуға және толыққанды өмір сүруге болады. Бұл үшін аурудың белгілерін ерте тану, дұрыс алғашқы көмек көрсету және кейінгі өмір салтын реттеу аса маңызды.