Мектепке  дейінгі  жастағы  керең  және  нашар  еститін  балаларға  арналған  отоларинголог- сурдолог дәрігерінің  кеңесі.

ЛОР

 

             Есту  қабілеті баланың  дамуында  шешуші  қызмет  атқарады

          Есту  қабілеті  жаңа туған нәрестеде толық  жетілген болғандықтан, есту  қызметін ерте анықтау  мақсатында  жаппай  стандартты түрде  0-3 жас аралығында  сәбилердің  есту қызметін тексеру  жұмыстарын медицина  қызметкерлері  жүргізуі тиіс.

         Егер  нәресте  2 – 4 айында  гуілдемесе,  4 – айында  ойыншық  сылдырына, не  болмаса  ата-анасының  дауысына  басын  бұрмаса,  1,5 — 6 айында  қатты  дыбыстарға  қарамаса, өсе  келе  дұрыс  сөйлемесе, теледидардың  даусын  естімей  жақын  отырса  баланы  дереу  балалар  емханасының  лор  дәрігеріне  және  сурдолог  дәрігеріне  қарату  керек.

        Қазіргі кезде есту қабілетін сәби туылғанына үш-төрт күн болғанда тексереді. Бірінші тексеру нәтижесінің оң болмауы баланың құлағы естімейді дегенді білдірмейді, өйткені салмағы аз, шала туған нәрестелерде есту нейрондары кеш қалыптасады. Сол себепті мұндай сәбилерді  4-6 аптаға толысымен екінші рет тексереді. Егер екінші тексеруде де сәбидің құлағы естімейтіні анықталса, сәбиді отаға дайындайды. Өйткені нәресте екі жасқа толғанға дейін ота жасалуы керек, бұл ота кезінде оның құлағына кохлеарлы имплант орнатылады.

           Құлақтың  естуінің нашарлауы түрлі жағдайлардан болуы мүмкін. Құлақтың әр түрлі бөлімдері қабынып ауырады. Мұрын мен мұрын-тамақ жолдары сырқаттанса, евстахиев түтігі қабынуының салдарынан дабыл қуысына ауаның келуі қиындайды, дыбыс өткізгіштік бұзылады.

Басты себептің бірі — ортаңғы құлақтың қабынуы. Естімей қалудың тұрақты түрі, сонымен қатар мұрын, тамақ ауруларынан кейін дер кезінде емделмей, асқындыру нәтижесінде де туындайды.

Бала құлағының мүкістігі аденоидтен, тамақ-мұрын бездерінің ұлғаюы салдарынан да болады.

 Құлақ естімей қалуының келесі тобы ішкі құлақтың зақымдануынан болады да, нейросенсорлық  кереңдік   деп аталады. Бұл кемістіктер емдеуге жатпайды, тек қана ұзақ уақыт бойы терапиялық көмек көрсетіліп тұруы керек немесе есту протезі қолданылады.

         Есту  қабілеті  бұзылған  балалар  естімейтін  және  нашар   еститін  болып  екі  топқа  бөлінеді.

         Есту функциясы бұзылған бала есту-сөйлеуін оңалтуға барабар жағдайларды анықтау үшін міндетті түрде психологиялық -медициналық-педагогикалық консультацияға жіберілуі керек. Есту  кемістігінің  деңгейі  анықталғаннан кейін естімейтін  және  нашар  еститін  балалар  отоларинголог  дәрігерінде  және  аймақтық  сурдологиялық  кабинетте  сурдолог  дәрігерінде  диспансерлік  есепке  алынады. Медициналық  оңалту  консервативті  емдеу  жолымен  және  хирургиялық  жолмен  жүзеге  асады. 

        Ерте коррекциялық көмек көрсетілуі нәтижесінде бұл қиыншылықтарды азайтуға, тіпті жоюға да болады. Хирургиялық  емдеу   балаларға  кохлеарлық  имплантация  операциясын  жасау  арқылы  жүзеге  асады Одан кейін ол  балаларды  сурдопедагог  мамандары  оны қалыпты естуге және сөйлеуге жаттықтырады.

Туа  біткен кереңдікпен  дүниеге  келген  балаларға  кохлеарлы  имплантация  жасау  үшін  3 айына  дейін  диагноз  қойылып,  6 айынан  бастап  оңалту  жұмыстары  жүргізілуі  тиіс. Егер  балаға екі  жасқа  дейінгі  кезеңде  кохлеарлы имплантация  жасалса, бала  жалпы  білім  беретін  мектепте  білім  ала  алады.

  Кохлеарлы  имплантацияның  нәтижесі  мыналарға  байланысты:

— баланың  жасына (туа  біткен  кереңдік, сөйлеу  тілін  меңгергенге  дейін  немесе  меңгергеннен  кейін)

— кохлеарлы  имплантация  мен  естуін  жоғалту  аралығындағы  кезеңнің  ұзақтығы

— балалардың  жеке  ерекшеліктеріне

— есту сөйлеу  оңалту  процесін  ұйымдастыруға

— ата-аналардың  белсенділігіне

Қандай  балаларға  кохлеарлы  имплантация  жасалады?

1. Сенсоневральді  екі  құлақтың  кереңдігі  есту  жиілігі  ( 500 – 4000Гц)  95 дб  жоғары  болған  жағдайда.

2.  5  жасқа  толмаған баладағы  туа  пайда  болған кереңдік.  

3.  3 жасқа  дейін  екі  құлағына  есту  аппараттарын  6 айдан  кем  тақпаған, мектепке  дейінгі  және  мектеп  жасындағы  2 жастан  5 жасқа  дейінгі  балалар.

4.  Операция  соматикалық  аурулары  жоқ  балаларға  жасалады.

5.  Кохлеарлық  имплант  қолдану  үшін  психикалық  неврологиялық  аурулары  болмауы  керек.

           Қандай  жағдайда  операция  нәтижелі  болады?

— қосымша  аурулары  жоқ  балаларда

— есту  кемістігі  бар нәресте  туылған  алғашқы  айда  анықталған  кезде

— ортаңғы  құлақтың патологиясы  болмаған  жағдайда

— кохлеарлы  имплантация  1  жасқа  дейін  жасалса

— 3 – 6 айынан  бастап  есту  аппараттарын  таққан  балаларда

— операциядан  кейінгі  кезеңдегі  оңалту  процесінің  жақсы  жүруі

Кохлеарлы  имплантация   жоғары  деңгейде  нәтижелі  болуы  үшін  сурдолог  дәрігері  мен  сурдопедагог  мамандары,  мұғалімдер, ата- аналар  тығыз  қарым – қатынаста  болуы  керек.

     Нейросенсорлы  кереңдік  қайта  орнына  келмейтін  кемістік. Осындай  кемістігі  бар  балаларда  өздігінен  есту  қабілеті  болмайды. Сондықтан  бұл  балаларға  диагноз  қойылған  кезден  бастап  есту  аппараттарын  кигізген  жөн. Оларға ерте бастан жасанды есту аппаратын киюі ұсынылады, ал ол тиімсіз болған жағдайда (90 дб төменгі деңгейде) кохлеарлы имплант  қою операциясы жасалуда.

  Есту  аппараттары  балаларға  құлақ  артына  екі  құлағына  бірдей  тағылады. Биноуральді  протез  қолдану  балалардың  дыбыстарды  қабылдау  қабілетін  жақсартып, дыбыстың  қай  жақтан  шыққанын білу  үшін  өте  қолайлы.

       Есту қабілеті өте нашар болған жағдайда,  мектеп жасындағы балалар арнайы мектептерде оқытылады. Ал есту қабілеті жеңіл немесе орта дәрежеде төмендесе, ондай балалар жалпы білім беру мекемелерінде тәрбиеленіп, оқытылып, оларға жағдай жасалуы тиіс: алдыңғы партаға отырғызу, арнайы есту  аппараттарын  кигізу, сурдопедагог маманның көмегі  қажет.

       Қазіргі кезде есту қабілеті бұзылған балаларды қатарға қосу мақсатында көптеген шаралар жүргізілуде. Кохлерлы  имплантация  жасау  арқылы  естімейтін  балалардың  санын  азайтуға  болады.  Операциядан шыққан балаларды сауықтыру мен әлеуметтік бейімдеуде оларға сурдопедагогтың көмегі аса қажет

 Заман   талаптарына  сай  диагностика   мен  есту  протездерін  қолдану  және  кохлеарлы  имплантация  жасау  арқылы, сурдопедагог  мамандарының  оңалту  процестерін  жүргізу арқасында  мектепке  дейінгі  жастағы  балалардың  тек  арнайы  мектеп  интернаттарында  ғана  емес,  сол  сияқты  жалпы  білім  беретін  мектептерде  білім  алатын  мүмкіншіліктері  бар. Мұндай  балалар  қатарынан  қалмай  қоршаған  ортаға  еш  қиындықсыз  бейімделеді.

 

.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *