Авторы: Орманова Алмагүл Рысқұлбекқызы – емхана бөлімінің аға мейірбикесі, ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК
Абуталипова Эльмира Ясыновна – жалпы тәжірибелі мейірбике, Сүмбе дәрігерлік амбулаториясы, ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК
Конаева Гулбану Узаковна, Сумбе дәрігерлік амбулаториясы жалпы тәжірибелі мейірбике, ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК
Кіріспе
Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің басты мақсаты – халыққа сапалы, тиімді және қауіпсіз медициналық қызмет көрсету. Бұл мақсатқа жетуде мейірбикелік көмектің ғылыми негізделген, құрылымдалған әрі стандартталған болуы ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласында мейірбикелік қызмет көрсету стандарттарын енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Біздің емханалық тәжірибеде бұл стандарттарды енгізу кәсіби қызметтің айқын құрылымдалуына, пациентке бағытталған көзқарасты нығайтуға және мейірбикенің рөлін арттыруға үлкен үлес қосты.
Мейірбикелік қызмет көрсету стандарттары дегеніміз не?
Мейірбикелік қызмет көрсету стандарты – мейірбикенің әрекеттерін, шешім қабылдау алгоритмдерін және күтім процесін жүйелі түрде сипаттайтын нормативтік-құқықтық және әдістемелік құжаттар жиынтығы.
Ол:
Пациент жағдайын бағалау
Диагностикалық мейірбикелік қорытынды
Күтім жоспарын жасау
Орындалған мейірбикелік араласулар
Бағалау мен құжаттамалау кезеңдерін қамтиды
Біздің тәжірибеміздегі енгізу қадамдары
- Кадрлық дайындық
Алдымен мейірбикелер арнайы оқудан өтті: клиникалық мейірбике ісі, мейірбикелік үрдіс, күтім сапасын бағалау әдістері бойынша біліктілігін жетілдірді. Бұл білім тәжірибеге сенімділікпен және ғылыми негізде қарауға мүмкіндік берді. - Мейірбикелік құжаттарды стандарттау
Біріздендірілген формада:
Пациентті бастапқы бағалау парағы
Мейірбикелік диагноздар тізімі
Күтім жоспары мен араласу тізбегі
Күнделікті бақылау және нәтижелерді жазу парағы
деген құжаттар енгізілді. Бұл жүйе емдеу үдерісінің ашықтығын, заңдылығын және тиімділігін арттырды.
- Командалық ынтымақтастық
Мейірбике қызметінің жаңаша құрылуы жалпы тәжірибелі дәрігерлермен және басқа да мамандармен толыққанды командалық жұмысты жолға қоюға жағдай жасады. Енді мейірбике емдеу процесінің белсенді қатысушысы ретінде, диагноз қою, шешім қабылдау мен жоспарлауға атсалысуда. - Пациентке бағытталған күтім
Стандарт негізінде әр науқастың жеке қажеттілігі мен ресурсын ескере отырып күтім жоспары жасалады. Бұл тәсіл пациенттің өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, сенімділік пен қанағаттану деңгейін жоғарылатты.
Қол жеткізілген нәтижелер
Мейірбикелердің клиникалық ойлау қабілеті мен дербестігі артты
Қызмет көрсету сапасын бағалау жүйесі қалыптасты
Құжаттаманың нақтылығы мен заңдылығы қамтамасыз етілді
Пациентпен сенімді қатынас орнату жеңілдеді
Топпен жұмыс істеу дағдылары нығайды
Қиындықтар мен шешімдер
Алғашқы кезде құжат көлемінің артуы жұмысқа салмақ түсірді, алайда бұл уақыт өте тәжірибе мен автоматтандыру арқылы шешімін тапты
Барлық қызметкерлер арасында жаңа модельге ортақ көзқарас қалыптастыру үшін қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Тиісті жабдықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға сұраныс жоғары болды, бұл мекеме тарапынан қолдау арқылы шешілді
Қорытынды
Мейірбикелік қызмет көрсету стандарттарын енгізу – бұл тек қағаз жүзіндегі реформа емес, бұл – мейірбикенің кәсіби дамуына, науқасқа бағытталған нақты және сапалы көмектің қалыптасуына алып келетін жүйелі өзгеріс.
Біз бұл тәжірибені практикада енгізу арқылы мейірбикелік қызметтің мәртебесін көтеруге, пациентке тиімді көмек көрсетуге және жалпы емханалық жұмыстың нәтижелілігін арттыруға нақты үлес қосып келеміз.