Авторлар:Құдайбергенова Эльмира Сабыржановна —жалпы тәжірибелі медбике
Васюк Светлана Ивановна —жалпы тәжірибелі медбике
Султанова Гульжан Периауатовна —жалпы тәжірибелі медбике
Жетісу облысы,Алакөл ауданы ШЖҚ Алакөл аудандық орталық ауруханасы,Достық ауылдық ауруханасы.
Тісжегі және қызыл иектің қабынуы – бұл ауыз қуысының ең көп таралған ауруы. Алайда, ауыз қуысы ауруының түрі өте көп
Ауыз қуысы ауруларының белгілері
Ауыз қуысы аурулары – бұл тіс, қызыл иек пене шырышты қабықтың зақымдалуын қамтитын аурулардың ауқымды тобы. Өкіннішке қарай, көп адам бұл ауруға жете мән бермейді және стоматолог қабылдауына жазылуға асықпайды. Бірақ дәл сол тісжегі адам денсаулығы мен өмірі үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
Мына симптомдар байқалған кезде медициналық көмекке жүгінген абзал:
- тіс пен қызылиектегі ауырсыну;
- қызылиектің қанауға бейімділігі;
- ауыздағы жағымсыз иіс;
- ауыз қуысындағы шырышты қабықтағы афталар (жаралар);
- төменгі жақсүйек асты түйіндердің ұлғаюы;
- ұрт пен беттің ісінуі.
Сонымен қатар дене температурасының көтерілуі, тәбет пен еңбекке қабілеттілігінің жоғалуы, ой-санасының бұзылуы секілді симптомдар да болуы мүмкін.
Ауыз қуысының ауруы қандай болады
Ауыз қуысының барлық анатомиялық құрылымы мен органы эндокринді, иммунды, ас қорыту сынды басқа да жйүелермен тығыз байланыста болады. Сондықтан ішкі органдардың ауруы ауыз қуысына және керісінше, ауыз қуысындағы аурулар ішкі органдарға әсер етеді.
Жалпы ауыз қуысы ауруларын шартты түрде тістердің, шырышты қабықтың және пародонттың зақымдалуы деп жіктеуге болады.
Эмаль гипоплазиясы
Сүт және тұрақты тістер эмалінің жете дамымауын гипоплазия деп атайды. Көп жағдайда бұл патология ағзадағы зат алмасудағы проблемаға байланысты туындайды және тістің пішіні мен сыртқы бейнесінің өзгеруі түрінде пайда болады. Эмальда ақшылдау түс, жырашықтар пайда болады. Гиперплазияның асқынған түрі – аплазия кезінде эмаль толығымен жоқ болып, адам жиі жағдайда тамақ ішкенде ауырсыну сезінуі мүмкін. Эмаль гипоплазиясы тісжегі, пульпит, периодонтит сынды асқынуларға алып келуі, сондай-ақ тістеудің бұзылуын қалыптастыруы және тістердің патологиялық жойылуын тудыруы мүмкін.
«Тіс эмалінің гипоплазиясын емдеу кезінде оны дер кезінде анықта өте маңызды. Сондықтан кішкентай балалардың да стоматолог тексеруінен тұрақты өтуі аса қажет. Егер дәрігер қандай да бір өзгеріс байқаса, баланы есепке қойып, оны жіті бақылайды», — дейді стоматолог дәрігер Олеся Кудоярова.
Эмаль гипоплазиясын емдеудің қандай әдісі бар? Ең алдымен, бұл тістерді реминерализациялау (тіндерді кальций және фторидпен қанықтыру), эмальді тегістеу, ақауларды пломбалау. Эмаль мен дентиннің айқын көрінетін ақауларын жасыру үшін металл-керамикалық қаптамалар немесе винирлер орнатуды қамтитын ортопедиялық емдеу тағайындалады.
Эмаль аплазиясы
Тіс эмалінің аплазиясы – бұл тістерде эмаль толығымен немесе ішінара жоқ болатын гипоплазияның ауыр түрі. Сондай-ақ тіс эмалінің аплазиясы өздігінен туындайтын патология болуы да мүмкін. Аплаззия кезінде эмаль семіп, өзінің барлық қорғаныс функциясын жоғалтады. Бұл ыстық немес салқын сусынға гиперсезімталдылықтан бөлек, бүкіл тістің уақыт өте келе бұзылуына алып келеді.
Флюороз
Флюороз – бұл ағзаға фтордың шамадан тыс көп мөлшерде түсуімен байланысты тістердің зақымдалуы. Осының салдаарынан тістерде ақ немесе сары-қоңыр дақ пайда болады. Флюороздың ең ауыр түрі тістің бұзылуы мен түсуіне алып келеді.
Өз өңіріңіздегі ауыз суға мән беріңіз. Егер оның құрамында фтор көп болса, онда тіс эмалінде алдымен дақ пайда болып, кейін ол қуысқа айналады және тіс бүліне бастайды. Флюороз сүт тістерді де, тұрақты тістерді де зақымдай алады.
Флюороздың бірінші сатысында тіс эмалінде түсі өзгерген учаскелер (сызық, жолақ) пайда болады. Эмаль өз жылтырын жоғалтып, бұжырлана бастайды. Науқас ыстық немесе салқын тағамға сезімталдылыққа, тістердің сынғыштығы мен бүлінуіне, тісжегінің көп пайда болуына шшағымдануы мүмкін. Патология асқынған сайын зақымдалған учаскелер кеңейіп, эмаль сары немесе қоңыр түске өзгере бастайды.
Флюорозды емдеу тіс эмалі қаншалықты зақымдалғанына байланысты болады. Бастапқы сатыда тістерді реминерализациялау арқылы жеңіл ағарту көмектесуі мүмкін. Егер дентинге зақым келсе, онда металл-керамикалық қаптама немесе винир орнату қажет болады. Бұл эстетикалық проблеманы шешіп қана қоймай, сондай-ақ тісті сыртқы әсерден және зақымдалудан қорғайды.
Тісжегі
Тісжегі – тістердің бұзылуының патологиялық процесі және балалар мен ересектерде тіс түсуінің ең кең таралған себебі. Алдымен эмаль, содан кейін дентин зақымдалады да, тісжегі тіс пульпасына («жүйкесіне») жеткенде асқыну пайда болады.
Тісжегінің ең қиын тұсы – оны бастапқы сатыдан «қолға түсіру» күрделі. Адамдар тіс ауырып, бұзыла бастаған кезде ғана проблеманы байқайды. Ал бұл аурудың асқынған сатысына жатады. Сондықтан мына симптомдарға баса назар аудару керек:
- ауыздан шығатын жағымсыз иіс;
- эмаль түсінің өзгеруі;
- салқын, ыстық немесе тәттіге жоғары сезімталдылық.
«Тісжегінің алдын алу үшін қарапайым жеті ережені есте сақтау керек, — дейді стоматолог Олеся Кудоярова. — 1. Тіс щеткасын 2-3 ай сайын ауыстырып отыру керек. 2. Тісті міндетті түрде таңертең және кешке тазалау керек. 3. Тамақтанғаннан кейін тіс жібін қолданған дұрыс. 4. Шырын мен лимонадты түтікше арқылы ішу керек. 5. Тәттілердің орнына жеміс жеген абзал. 6. Тамақтанғаннан кейін 1-2 минут сағыз шайнау тістеріңізді тазалайды. 7. Жылына екі рет стоматолог дәрігердің тексеруінен өту қажет».
Пульпит
Тістің жұмсақ тіндері – пульпалардың (қантамыр-жүйке шоғыры) қабынуын пульпит деп атайды. Көп жағдайда пульпит дер кезінде емдемеу салдарынан тісжегінің асқынуы түрінде кездеседі. Пульпитті созылмалы және ауыр деп жіктейді.
Ауыр пульпит симптомдары: өткір әрі сыздататын ауырсынулар. Ол химиялық және температуралық әсер кезінде ғана емес, тітіркендіргіш жойылғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы сақталады және тіпті үдейді. Кейде тіс күні бойы ауырады да, түнге қарай одан бетер өршиді. Ауырсыну самайға, жаққа қарай өтуі мүмкін. Тісті тақылдату кезінде оның сезімталдылығы төмен немесе мүлде жоқ екені байқалады. Егер ауыр пулпитті емдемесе, ол созылмалы пульпитке айналады, — дейді стоматолог дәрігер Олеся Кудоярова.
Пульпит кезінде тез арада стоматологқа қаралу керек. Дәрігер зақымдалған тіндерді, қабынған жүйкені алып тастап, жара орнын шайып, емдеп, арналарды пломбалайды. Егер ауруханаға баруды кейінге қалдыра берсеңіз, пульпит периодонтитке айналуы мүмкін. Ал ол көп жағдайда емдеуге келмейді және тісті жұлуға себепші болады.