Авторы: Батырбекова Анар Нурлановна – процедуралық медбике
Исмаилова Айнур Маратовна – процедуралық медбике
Мухаметқалиева Жансая Бақытқызы – учаскелік медбике
МКҚК ШЖҚ «Ақсу аудандық орталық ауруханасы» Емханасы
Асқазан аурулары — өңеш пен 12 елі ішек аралығына орналасқан ас қорыту органының қалыпты қызметінің бұзылуы. Асқазан ауруларының ішінде асқазанның қабынуы (гастрит), асқазан жарасы, асқазан рагы (ісігі) жиі кездеседі.
Асқазан қабынуының жедел және созылмалы түрі белгілі.
- Жедел қабыну кейбір дәрілерден, арақ-шараптан, шәй мен кофені қою ішуден, тамақты өте ыстық немесе суық жеуден және бұзылған тағамды жеп уланудан пайда болады. Науқастың жоғарғы құрсақ тұсы жайсызданады, жүрек айнуы, құсу және іш өту байқалады.
- Созылмалы қабыну жедел қабынудың жазылмай қайталануынан туындауы мүмкін. Ол сондай-ақ 12 елі ішек сөлінің кері ағуынан, ұзақ уақыт ішімдікті немесе дәрілерді пайдаланудан, бактериялық инфекциядан (мысалы, Helicobacter pylori) және т.б. себептерден болады. Науқаста кекіру, ащы запыран келу (қыжыл), жүрек айну, құсу, арықтау және қан аздық белгілері байқалуы мүмкін. Ауруды гастродуоденофиброскоп арқылы тексереді. Ауру адам тағамдық режимді, демалысты сақтап, асқазан сөлін тежейтін дәрі-дәрмектер ішуі керек.
Асқазанның ойық жарасы көбінесе маусымға байланысты (көктем, күз) өршиді. Аурудың асқынуына көңіл күйзелісі (стресс), асқазан сөлінің жоғары қышқылдығы, тамақтану режимінің бұзылуы, темекі тарту, кейбір дәрілердің кері әсері мен организмнің қорғаныс факторларының (иммунитеттің) әлсіреуі әсер етеді. Көбінесе тамақтанғаннан кейін 1/2-1 сағат ішінде науқастың жоғарғы құрсақ тұсы ауырады. Емдеу үшін асқазан қышқылының бөлінуін азайтатын (мысалы, циметидин, омепразол) немесе басқа да механизмдермен әсер ететін (мысалы, атропин) дәрілер, сондай-ақ антацидтер және қажет болса антибиотиктер қолданылады.