Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Намыс — жебе» оқырманға жол тартты


7 декабря 2017, 10:30 | 1 028 просмотров



Қазақ руханияты тағы да бір туындымен толықты. Облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, белгілі спорт шолушы Ришад Тұрғанбайдың бүгін «Намыс  — жебе» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тіл сарайына жиналған көпшілік талантты һәм өз ісінің шебері атанған журналистке құтты болсын айттып, ақжарма тілектерін ақтарды. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: — Жалпы, қазіргі таңда кітап жазып ешкімді таң қалдыра алмайсың. Біреулер он, он бес кітап шығарса, халық кеңінен танитын қарапайым жазушылар үш, төрт кітабымен ғана шектеліп қалады. Осындай жазғыштар көбейіп, дүниеге небір туындылар келіп жатқанда кітап жазу қиынның қиыны. Дегенмен,кейіпкерлер мықты болса, жақсы туынды шығаруға болады. Қазақтың рухани жаңғыруына септігін тигізіп, Ришад секілді спорттағы аңтаңгер азаматтарды келешек ұрпаққа насихаттап жатса, онда ол кітап оның оң жамбасына келгені. Яғни, менің айтқым келгені автор осы жағын ұтымды пайдаланған. Қысқасын айтқанда, бұл айы оңынан туған әдемі, шырайлы шығарма, — деп атап өтті. Сонымен қатар Әміре Әрін Ришадтың спортшылармен тек жұмыс барысында ғана емес, өмірде де қоян қолтық араласып, бауырдай болып кететін ерекше қырын тілге тиек етті.

IMG_1577-300x200.jpg

Келесі сөз тізгінін облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев алды. Жетісу өңірі спортшыларының жеткен жетістіктерін насихаттап жүрген журналистке ол шынайы алғысын білдіріп, алдағы тырнақалды жұмыстарына басқарма атынан қолдау болатындығын жеткізді. Одан бөлек, «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры Мейрам Базарұлы, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікен, белгілі жазушы (тілші) Есболат Айдабосындар кезегімен сөз алып, Ришадтың спорт жанашыры екендігін, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған еңбекқор, сондай-ақ, әр шығармасын қызықты қылып жазатын бірегей маман деп атап өтті. Еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев және каратэден Әлем чемпионы Мерей Сүйінов сынды Қазақ елінің мақтаныштары да жиын барысында Ришадтың қазақ спортына сіңіріп жүрген еңбегін ерекше атап өтіп, өздерінің жылы лебіздерін айтты.

IMG_1563-300x200.jpg

Алып та, анадан туады. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Р. Тұрғанбайдың анасы бұл жайтқа шын жүректен қуанышты екендігін білдіріп, баласының осы бір жетістігін насихаттап жатқан ел ағаларына аналық алғысын жеткізді. Жиын соңында автор қуанышына ортақтасып отырған жандарға рахметін айтып, «Намыс — жебенің» жарық көруіне септігін тигізген, қолдау білдірген ағаларына шынайы алғысын білдірді. Атап айтқанда, белгілі фотогров Жеңіс Ысқабай әдемі суреттермен безендіріп, кітаптың мұқабасын жасап шықса, Ришадтың аталас бауыры Нұржан Саятұлы осы туындының жарық көруіне демеушілік жасаған.

Айта кетейік, кітап бес бөлімнен тұрады. Мұнда журналистің қаламынан туындаған сыр-сұхбаттары, спорт жайлы ой-толғамдары және ұлттың мақтанышы болған чемпиондарымыз жайлы жылы жазбалар кітап болып, қалың оқырманға соның ішінде спорт сүйер қауымға жол тартып отыр.


Комментарии


Комментариев нет.

Ваш комментарий:

Ваш IP адрес 54.91.171.137 будет сохранен вместе с комментарием