Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Президенттің «Атамекен» тарихи мəдени орталығы ашылды


4 декабря 2017, 04:49 | 1 998 просмотров



Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Елбасының кіндік қаны тамған жер — Шамалған ауылында Президенттің «Атамекен» тарихи мəдени орталығы  ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атамекен» тарихи-мəдени орталығында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының қоры мен кітапханасы, Тұңғыш Президенттің музейі, Президент Іс басқармасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, Шамалған ауылының мектеп-музейі, Қарасай аудандық тарихи өлкетану музейі берген құжаттар, кітаптар, фотоматериалдар жиналған.

20171201121238-300x225.jpgҚазАқпарат

«Елбасының дана басшылығының арқасында Тəуелсіз Қазақстан ширек ғасырда бірлігі мен берекесі жарасқан, экономикасы қуатты мемлекетке айналды. Осы ретте «ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген сөз еске түседі. Бүгін Елбасының кіндік қаны тамған жерде Рухани жаңғырудың «Туған жер» бағдарламасының аясында тарихи-мəдени орталық ашылды. «Атамекен» кешені өскелең ұрпаққа өнеге берер маңызды орын болары рас», — деді Алматы облысының əкімі Амандық Баталов.

Шара Алматы облысының әкімдігі және ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Орталық ұйымдастырушыларының мақсаты қазақстандықтар арасында Елбасының шығармашылық және саяси жолын кеңінен насихаттау, сондай-ақ Президенттің өмірі мен қызметінің айшықты үлгілері негізінде жастардың патриоттық тәрбиесін күшейту.

Жаңа орталықта экспонаттар Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметінің, Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының  негізгі кезеңдеріне сәйкес хронологиялық ретпен орналастырылған. Бұл Орталыққа келушілерге қазақстандық мемлекеттіліктің қайта жаңғыруы процесіндегі, экономикадағы және әлеуметтік саладағы, тарихи дамудағы түбегейлі терең өзгерістерді өткерудегі және Қазақстанның ХХ және ХХІ ғасырлар шеңберінде халықаралық беделінің нығаюындағы Елбасының ауқымды үлесін, рөлі мен еңбегін көзбе-көз бағалау мүмкіндігін тудырады.

20171201121229-300x225.jpgҚазАқпарат

Бірінші залда болашақ Мемлекет басшысының балалық және жасөспірім жылдарына, еңбек жолының басталуына арналған экспозиция орналасқан.

Екінші залдың экспонаттары Елбасының одақтық республика басшысы қызметтерін атқарған және тәуелсіз Қазақстанның бүкіл халқы Тұңғыш Президент етіп сайлаған кезеңдерге жатады.

«Атамекен» орталығының үшінші залы Елбасының басшылығымен іске асырылған ауқымды қайта құруларға, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасырындағы даму қорытындыларына арналған.  Сондай-ақ, мұнда Н.Ә. Назарбаевтың туған ауылы Шамалғанға әр жылдары барған сәттері туралы фотоматериалдар да бар.

Төртінші залда Елбасының сыртқы саясаттық қызметі — Астанада өткізілген саммиттер және «ЭКСПО-2017» көрмесін қоса алғандағы ірі халықаралық шаралар, Қазақтардың Бүкіләлемдік құрылтайы, шетелдердің мемлекет және үкімет басшыларының ресми келген сапарлары туралы материалдар орналастырылған.

Елбасына шетелдік көшбасшылар тарту еткен хаттамалық сыйлықтар үлкен қызығушылық тудырады.

«Атамекен» орталығында Президент еңбектерінің, сондай-ақ түрлі авторлар жазған Елбасының жолы туралы кітаптардың үлкен топтамасы жинақталған.

Орталыққа кіреберісте Қазақстан Республикасы картасының аясында танымал мүсінші Шамиль Қожаханов орындаған қола композиция орналастырылған.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының қоры орталықты салтанатты ашу барысында ерекше сый — мемлекет Басшысы пайдаланған үкіметтік автомобильді тарту етті.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев аталған шараға қатысты пікір білдірді.

«Біз бүгін тарихи мәні бар үлкен оқиғаға куә болып отырмыз. Бұл күн барлық қазақстандықтар үшін елеулі күн, өйткені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  —  қарқынды әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы бар мемлекеттің бірегей үлгісін жасаған заманымыздың танымал мемлекеттік және саяси қайраткері. Елбасы секілді тарихи тұлға — біздің жастарымыз теңелуге тырысып, өздері үшін дұрыс бағдар белгілеуінің, еліктеуінің айшықты үлгісі, ал оның идеялары мен еңбегінің жемісі халық игілігіне айналуға тиіс», — деді ол.

Автор:
Taldykorgan-online.kz