Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстан мен Түркия: бауырластықтың жаңа көкжиегі


20 сентября 2017, 10:43 | 1 041 просмотр



Қазақстан мен Түркияның арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және т.б. салалардағы байланыстар жылдан жылға нығайып келе жатқаны белгілі. Бүгінгідей жаһандану заманында түркі халықтарының өзара ықпалдастығының артуы да маңызды болып отырғаны жиі айтылуда. Оған себеп, шығу тегі бір, тамыры тереңде жатқан бауырлас халықтардың ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ынтымағы мен бірлігі, түсіністігі, ортақ дүниетанымы мен мәдениетінің қайнар бастаулары жаңарған уақыт кезеңінде де кең өріс алып отырғаны қуантады.

Екі ел арасындағы байланыстардың қалыптаса бастауының тарихына зер салсақ, ел Тәуелсіздігінің жариялануымен қатысты сөз қозғауға болады. Баршамызға белгілі, 1991 жылы Тәуелсіздік алған уақытта дербестігімізді алғаш танып, жарты сағаттан кейін құттықтаған Түркия Республи­касы­ның сол кездегі президенті Тұрғыт Озал болатын. Экономикалық байланыс, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас орнату мақсатындағы алғашқы қадамдар одан бұрын, яғни, Кеңес Одағы ыдырай бастаған уақытта басталған. Түркия үкіметі арнайы делегация жіберіп, саяси-экономикалық жағдайымызбен алдын ала танысып, ішкі дайындық жұмыстарын жүргізгенін атап өткеніміз жөн. Сан-салалы бағыттарды қамтитын екіжақты әріптестік қарым-қатынас әр жылдары сенімділік негізінде дамып келеді.

Енді әріптестіктің бүгінгі көкжиегі туралы айтатын болсақ, жақында Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған ресми іссапармен арнайы Қазақстанға келді. Түркия Президентін Елбасы Н.Ә.Назарбаев қабылдап, екі елдің Президенттері бас қосқан кездесуде күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланып, болашақта атқарылар игілікті істердің жоспары бекітіліп, бірқатар келісімдерге, құжаттарға қол қойылды. Мәселен,  Үкіметаралық экономикалық комиссияның хаттамасы, 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарының хаттамасы, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен «Алсим Аларко» консорциумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу және оны пайдалану мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы меморандум әзірленіп, Инвестициялар мен даму министрлігі мен «Алсим Аларко» консорциумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу жөнінде меморан­думға қол қойылғандығын атап өткен жөн.

Түркия елінің басшысы Р.Т.Ердоған Қазақстанға ресми сапарының аясында алғаш рет инновациялар мен технологиялар тақырыбында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) Саммитіне қатысты. 57 елді біріктіріп отырған Саммитте Түркия Республикасының Президенті сөз сөйлеп, ислам өркениетінің негізі ғылым мен білімде екендігін, елде әлемдік саясатты алға тартқан уақытта олар білім мен ғылым және инновацияның орталығына айналатындығын тілге тиек етіп, мықты ел болу үшін білім саласын жоғары деңгейге көтеру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласын тек қолданып қана қоймай, өзімізден өндіруіміз керек деген пікірімен бөлісті.

ИЫҰ Саммиті аясында Каллиграфия көрмесі ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) Астана қаласында өткен Ғылым және технологиялар бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымының бірінші саммиті аясында халықаралық каллиграфия көрмесін өткізді. Тәуелсіздік сарайында өткен «Жібек Жолы бойындағы ислам каллиграфиясы» атты көрмеге 1986 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі аралықта IRCICA-ның ұйымдастыруымен өткен халықаралық каллиграфия байқауларында жүлдеге ие болған жұмыстар қойылды. Көрме әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сүлүс, насх, куфи, диуани және насталиқ секілді классикалық үлгілердегі еңбектерді қамтыды.

Ынтымақтастықты ту еткен тірлікте Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің атқарып отырған еңбегін ерекше бағалап, зор мақтанышпен айтуға болады. Бүгінде Түркия – Қазақстанның ең жақын саяси және экономикалық серіктесінің бірі. Елімізде түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорынның жұмыс істеп жатқандығы осының дәлелі болса керек. Олардың еліміздің экономикасына шамамен 2,1 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция салып отырғандығын, ал Қазақстаннан Түркия еліне шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынғандығын айта кеткен жөн. Түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын құрылыс жобаларын жүзеге асырғандығы да бізге белгілі жайт.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы елімізге келген іссапар барысында келелі кездесулер өткізіп, екі ел арасындағы атқарып отырған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мәселен, Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа Елбасының Түркияға 2009 жылы қазан айындағы ресми сапары барысында қол қойғандығын, түрік тарапы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ)  2010 жылға төрағалыққа Астананың кандидатурасын бірауыздан қолдағанын, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) 2010-2012 жылдарға төрағалығын қабылдауға келісе отырып, Түркия Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткенін, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2016-2017 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдаған осы бауырлас Түрік елі екендігін атап өтті.

– Осы тұрғыдан келгенде, ықпалдастыққа жеткен екіжақты ынтымақтастығымыздың стратегиялық бағытын айқындаушы құрал – 2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі (ЖДСЫК). Бұл құрылымның жиындары әрбір үш жыл сайын алма-кезек өтіп отырады. Бұдан бұрын 2012 жылы Түркияда және 2015 жылы Қазақстанда болып өтті. Қарым-қатынасымыздың дамуына серпін беретін Кеңестің үшінші отырысы 2018 жылы Түркияда жоспарланып отыр, – деді А.Сапарбекұлы.

Сонымен қатар елші Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Түркия Республикасы 2023 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын өткізетінін, ұлттық-патриоттық сана-сезімде тәрбиеленген түрік саңлақтарының атқарған орасан зор еңбектерінің нәтижесінде әлемдегі экономикасы дамыған 20 мемлекеттің қатарына кіретінін, Түркия Президенті Р.Т.Ердоған төрағалық етіп отырған Әділет және даму партиясы Түркияның дамуына және екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне зор септігін тигізіп келе жатқандығын жеткізді.

Жағымды жаңалықтың бірі – екі елдің арасындағы сауда-экономикалық саласының дамуына байланысты Қазақстан мен Түркия басшылығының қамқорлығымен «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы шарттың негізінде құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің (ЖДСЫК) жұмысы аясында іске аспақ.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының айтуынша, 2017-2020 жылдарға арналған жаңа Іс-шаралар жоспары бойынша  бауырлас екі ел арасындағы сауда айналымы мен өзара инвестицияларды көтеру мәселелері бойынша қарқынды жұмыс жалғасын тапуып,  екі ел арасындағы сауда айналымының көлемін 10 млрд. АҚШ доллар мөлшеріне жеткізу көзделіп отыр. «Сондықтан Президенттердің алдымызға қойған мақсатқа қарай жұмыс істеу – ортақ міндетіміз» дей келе, Түркия тарапы бұл мәселеде өз қолдауын білдіріп, күрмеуі күрделі мәселелердің шешілуіне атсалысып отырғандығын атап өтті А.Сапарбекұлы.

Рухани сала жайына тоқталар болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі ел арасындағы әдеби байланыстардың да қарқынды түрде дамып келе жатқанын айтуға болады. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде 30-ға жуық көркем шығарманың түрік тілінде жарық көруі – үлкен жетістік дер едік.  Мәселен, биылғы жылы жарық көрген «Тәуелсіздікке арналған ғұмыр: Махамбет Өтемісұлы» атты жыр жина­ғы да оқырмандар тарапынан жылы қабылданды. Кітапты түрік тілінде сөйлеткен Ардахан универ­ситетінің әдебиеттанушы-ғалымдары про­фессор Орхан Сөйлемез және профессор Аябек Байниязов. Сонымен қатар Анкарада Еуразия Жазушылар қауымдастығының кеңсесінде қазақ қаламгері Роллан Сей­сенбаевтың «Қашу» атты түрік тіліне аударылған кітабының таныстырылымының өткені де әдебиеттің бір мерейі десек болады.Бұл орайда Гази университетінің оқытушысы, қазақ әдебиетін танушы, ғылым докторы Жәмила Кынажының «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабының оқырманға жетуі де – үлкен жаңалықтардың бірі екенін мамандар атап өтті. Қазіргі таңда Елшіліктің қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 85 жыл­дығына орай «Ай мен Айша» романы шығарылу үстінде. Шоқтығы биік шығарманы аударған дипломат Мәлік Отарбаев. Айта берсек, әдеби саладағы маңызды іс-шаралар екі елдің арасындағы рухани дүниелердің қалыптасуына алтын көпір болып отырғаны аян.

Алдағы уақытта өзге де қазақ ақын-жазушыларының туындылары түрік тіліне аударылатыны осы тұрғыдан алғандағы жағымды жаңалықтың бірі екені сөзсіз.

Бұл орайда елші А.Сапарбекұлы былай деп ой қозғайды: «Түрік ақыны Юнус Әмренің өлең­дері қазақ тіліне аударылып, дайын тұр. Қазақстан Жазушылар одағының сыйы ретінде кітап етіп ұсынсақ дейміз. Жылдың аяғына дейін үлгерсек, тағы 3-4 кітап жа­рыққа шығады. Тағы бір ойымыз, жұмысымыздың бір тармағы осындағы қандастарымызбен байланыс орнату болғандықтан, Түркияда жарық көрген кітаптардың электрондық нұсқасын топтастыруға әрекет етпекпіз. Түрік тілінде шыққан еңбектеріміз өте көп. Елшілік шығарған жинақ отыз шақты де­сек, елшіліктен тыс шыққан 100-ден аса мұраларымыз бар. Қазақстанмен тығыз жұ­мыс жасайтын түрік зиялылары мен диаспора өкілдері тарапынан жасалған сұранысқа орай, сайт ашу ісін ақылдасып отырмыз.

Елшілік тарапынан Анкара төрінде Қазақ мәдени орталығын ашу туралы да ұсыныстар айтылды. Жапон, Корея мәдени орталықтары әлдеқашан жұмыс істейді, біз­дің де өз орталығымыз болуы қажет. Ол үшін екі ел де қолдау көрсетеді деген үміт­теміз. Қытайлықтар Конфуциймен, түрік­тер Юнус Әмремен өз елін таныстырып жатса, біз Абайды брендке айналдырар едік. Екіншіден, түрік ағайындарымыздың Қазақстанды жинақы, жедел тануына ықпал етеді» деді ол.

Жуырда Анкарада Түркия бойынша ең ірі «Анадолу күндері» атты халықаралық мәдениет және өнер фестивалі түркітілдес елдердің басын қосып, шара аясында Қазақ­стан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы шеңберінде «Қазақстан кеші» ұйымдастырылып, Жамбыл облысынан «Меркі әуендері» фольклорлы-этногра­фиялық ансамблі мен «Әдемі-ау» би ан­самблі қатысқанын айта кеткеніміз абзал. Ұйымдастырушылар­ фестивальдің жай күн­дерінде 20 мыңға жуық көрермен жинал­са, Қазақстан кешін 50 мың көрермен тамашалағанын айтуда. Жыл соңына дейін басқа да іс-шара­ла­р жалғасын таппақ.

Абзал Сапарбекұлы Елшіліктің алдағы уақыттағы атқаратын жұмыстарын тілге тиек етіп, Анкарада Түркия Сыртқы істер министрлігімен бірлесе оты­рып, зиялы қауым өкілдерінің қатысуы­мен ауқымды ғылыми конференция өткіз­у жоспарда бар екенін жеткізді. Бұдан бөлек еліміздің имиджін таныстыру мақсатында әртүрлі ғылыми жиындар өткізілуі де мүмкін екенін атап өтті. Елшіліктің 25 жылдық мерекесін Тәуелсіздік күніне орай өтетін қабылдауымен қорытындылау да көзделіп отыр.

Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Түркияның мемлекетаралық байланыстары, екі ел басшылары тарапынан жасалған уағдаластықтар мен келісімшарттар, тиімді әріптестік қарым-қатынастар қос тараптың алдағы уақытта да жемісті әрі нәтижелі сертіктестігіне негіз болары сөзсіз. Бұған Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің де қосып келе жатқан үлесі зор деп айтуымызға толық негіз бар.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто