Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жарайсың, Қанат!


14 сентября 2017, 11:59 | 1 034 просмотров



Жуырда Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «ZHERSU» корпорациясының ұйымдастыруымен ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында кәсіпқой бокс кеші өткен болатын. Сан мыңдаған жанкүйердің тағатсыздана күткен спорт бәсекесі қазақ жігіттерінің жарқын жеңісімен аяқталды. Ең бастысы спортсүйер жанкүйерлердің үміті ақталды. Қанат Ислам бастаған жігіттер байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жиналғандарға қуаныш сыйлады.

Айтулы бокс кешінің басты кездесуі саналған бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық бел­беу­лерінің иегері Қанат Ислам мен ка­надалық Брэндон Куктың арасында өткен жекпе-жекте отандасымыздың асығы алшысынан түсті. Қанаттай қазақтың қайсар ұлы канадалық боксшыны кездесудің тоғызыншы раундында техникалық нокаутпен жеңді. Бұл жекпе-жектен соң отандасымыз бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental белдіктерін қорғап қалды.Қанат Ислам кәсіпқой бокста бұған дейін 24 кездесудің бәрінде жеңіске жетсе, Кук 18 кездесудің ­11-ін­­де нокаутпен қарсыластарын тізе бүктіргені көпке мәлім. Жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген қос боксшының деңгейін осы кездесу анықтап берді. Әрине, Қанаттың жеңіске жететініне барша жанкүйер сенген еді. Қазақ даласында, Астана төрінде ел мерейін асқақтатқан Қанат пен оған лайықты қарсылас бола білген Куктың шаршы алаңдағы текетіресіне аз-кем тоқталып өтейік.Он екі раундқа жоспарланған кездесу басталысымен екі боксшы да аңдысып жатпай бірден шабуыл­ға көшті. Алғашқы раундта қос бокс­шының басымдығы байқалмады. Ал екінші раундта шаршы алаңда Қанат үстемдік құрды. Оның бірнеше ауыр соққысы діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Үшінші раундта Қанат қарсыласын нокдаунға жіберді. Алайда Кук есін тез жиып ала білді. Төртінші раундта Қанаттың айқын басымдылығы анық байқалды. Ал Куктың бар ойлағаны құлап қалмау болды. Ширақ қимылымен, жойқын соққысымен алаңда кімнің қожайын екенін танытқан отандасымыз бесінші раундта қарсыласын тағы бір құлатты. Жылдам ес жия білген канадалық боксшы қорғана жүріп қарсыласқа өз соққыларын да дарытты. Сондай ұрымтал сәттердің бірінде ол Қанаттың қабағын жарып жіберді. Алтыншы ­раундта Брэндон Кук белсенді болды. Оның бірнеше соққысы Қанатқа дөп тиіп жатты. Жетінші, сегізінші раунд бойы Кук таяқ жеумен болды. Ал тоғызыншы раунд басталысымен тоңқалаң асқан Кук күрсі жұдырық иесінің жойқын соққысына шыдас бере алмады. Қазақтың қайсар ұлы кездесуді сенімді жеңіспен аяқтады. Осылайша Қанат кәсіпқой бокстағы жиырма бесінші жеңісіне қол жеткізді.Kanat-1.jpgҚанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук бокс кешінің андеркартында рингке шыққан сегіз қазақ боксшысы да жеңіске жетті. Рингке алғашқы болып орта салмақтағы боксшылар: қазақстандық Мейірім Нұрсұлтан мен бразилиялық Исмаэль Буэно шықты. Жекпе-жек 1-раудтың 50-ші секундында қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды.Екінші кездесу Қазақстанның тумасы, Америкадан келген Димаш Ниязов пен бразилиялық Эдуардо Перейра дос Рейес арасында болып, 6 раундқа созылған жекпе-жек барасында төрешілер жеңісті Ниязовтың қанжығасына байлады. Сөйтіп, ­отандасымыз кәсіпқой бокстағы ­12-ші жеңісіне қол жеткізді.Кәсіпқой бокс кешінде үшінші болып рингке шықан Айдос Ербосынұлы бірінші раундтың 2:34 секун­дында қарсыласы Джонатан Жеронимо Барбадильоны нокаутпен жеңді. Ал Әли Ахмедов он раундтық кездесудің сегізінші раундында америкалық боксшы Томас Джастинді техникалық нокаутпен жеңді.Шаршы алаңға бесінші болып көтерілген бірінші орта салмақта жұдырықтасқан Нұрсұлтан Жаңабаев бразилиялық Алекс Сандро Дуартені бірінші раундта нокаутқа түсірді. Аса ауыр салмақта ­Руслан ­Мырсатаев төртінші раундта аргентиналық Андрес Афранлиді нокаутпен тізе бүктірді. 2013 жылы бокстан әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы алты раундқа созылған жекпе-жекте бразилиялық Перейро Дос Сантостан басым түсіп, кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне жетті.Титулды күрес алдында өткен соңғы жекпе-жек көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Ол жерде бірінші орта салмақта Жаңқош Тұраров пен аргентиналық ­Бруно Леонардо Ромей өнер көрсетті. Аргентиналық боксшы рингке қазақтың шапанын киіп шықса да, жеңіс отандасымыз Тұраровқа бұйырды. Жаңқош кәсіпқой бокстағы 22-ші жеңісін тойлады.


Комментарии


Комментариев нет.

Ваш комментарий:

Ваш IP адрес 54.162.107.122 будет сохранен вместе с комментарием