Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Келес даласы


14 сентября 2017, 11:59 | 1 033 просмотров



Қазақ үшін «дала» ұғымы қадірлі саналады. Өйткені дала – қазақтың табиғаты. Кеңдіктің, дарқандықтың белгісі де осы ұғыммен астасып жатыр. Елімізде өзінің ерекше тарихымен, сол жердегі тарихи оқиғалармен байланысты далалар аз емес. Оларды кешенді түрде зерттеу қажеттілігі талас тудырмайды. Зерттеліп те жатыр, тарихтың көмбелері ашылып та жатыр. Оның барлығы болашақ ұрпақ үшін керек іс. Ежелгі Келес даласы киелі жерлерге кенде емес. Құркелес пен Келес өзендерінің бойларындағы және Қазығұрт тауы мен Сырдарияның ортасындағы кең даланың төсінде әулие адамдардың іздері қалған жерлер, ықылым заманнан бері аңыз-әңгімелерге арқау болып келеді. Қазіргі күнге дейін сол кие дарыған жерлерге зиярат жасап, алыстан да жақыннан да ат басын бұрған жандар аз емес.

Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласында айтылған, іске асырылар шаралар ұлтымыздың құндылықтарын қалпына келтіруде, жастарымызды отансүйгіштікке, салт-дәстүрімізді құрметтеуге баулуда аса маңызды рөл атқаратыны анық. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деп, ­Елбасы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамау қажеттігін атап айтты.Қазіргі күнде осы мақсатта еліміз бойынша 100 киелі нысанды анықтау жұмыстары жүргізілуде.Осы ретте рухани байлығымызды арттыратын тәлімі мен тағылымы мол киелі жерлер, тарихи орын­дар Сарыағаш ауданындада аз емес. Кезінде отаршылдық саясат ықпалымен аудан аумағындағы қасиетті жерлер елеусіз, ескерусіз қалды. Тіпті әулиелі, қасиетті орындардың талайы жермен-жексен етілді.Бүгінде сондай киелі жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып отыр. Заманында қадірі дұрыс бағаланбаса да, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін рухани құндылықтарды жаңғыртуға мүмкіндік туды. Сондықтан әулиелеріміздің, ақындарымыз­дың, батырларымыздың Жарату­шының өзі қасиет дарытқан жан­дар екендігін терең ұғынып, білуге жетелейтін мәдени-көпшілік шараларды көбейтуіміз қажет. Бүкіл түрік әлемінің пірі Қожа Ахмет Ясауи заманынан бері ата-бабаларымыз ұстанған ислам дінінеқайшы келмейтін салтымызды, әдет-ғұрпымызды талдап түсіндіру де аса қажетті шара. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгі лерін іріктеп, әртүрлі жолмен ­насихаттау қажеттігін міндеттеген Елбасы: «Әлемге қанат жайған жат идеологияларға біз ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап көрсетті. Осы ретте Келес ауданының аумағында «Ердәуіт баба», «Шәймерден ата», «Сексек ата», «Жабай ата», «Ыса ата», «Ет жемес ишан ата», «Кесек атар», «Бір шейіт» сынды әулиелер жатқан киелі орындар бар. Тәуелсіздік жылдарында Сарыағаш қаласында Төле биге қойылған ескерткіштің орны ерекше.Төле би бабамыздың кесенесі Ташкентте тұр. Ұлы би Ташкентте 12 жыл әкім болған жылдары Келес даласында да талай рет болып, табанының іздері қалған. Сырдария жақта тұрғаны туралы да айтылады. Келес құй­ғанындағы «Күлтөбеде» өткен жиындарға қатысқан дейді. Ташкент пен Түркістан арасындағы елде қызы тұрған екен. Сол сияқты Абай ауылындағы Абай ақынның ескерткішінің де ұрпақ тәрбиесінде атқарар рөлі үлкен.Осындай ұлы кісілердің аузынан шыққан сөздердің мағынасын түсіндіретін тағылымды әңгімелер айтқызып, тұрғындар арасында жарыстар өткізуді дәстүрге айналдыра алсақ, тәрбие мәселесінде ұтарымыз көп болмақ.«Ет жемес ишан» атаның жерас­ты мешіті де 120 жылдан ас­там уақыттан бері аман-сау тұр. «Жүзімдік» елді мекеніндегі ескі қаланың орны, «Жуантөбе» деп аталатын бұрынғы қарауыл төбе, Келестің құйғанындағы «Күлтөбеге» айналған бекініс қала қазақтың тарихына қатысты орындар ретінде лайықты бағасын алуы тиіс. Жалпы әр өңірде осындай киелі жерлердің көп екені белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында туған жерді түлетуге қатысты нақты шараларды қолға алсақ, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсері анық.Тәу етер ескерткіштердің кереметі – олардың өн бойында белгілі бір кезеңдердің тарихы көрініс береді. Мысалы, бір ғана атаудың өзінде қаншама сыр мен құпия бар. Атаудан бастау алатын рухани құбылыстар немесе тұлғалардың есімдері өз кезегінде сол ғасырдың, дәуірдің сипатын ерекшелейтіні анық.1765 жылы Ташкентті жаулап алуға келе жатқан қоқандықтарды Піскент елді мекенінде қирата жеңген Абылай хан мен қолбасшы Бердіқожа батыр бастаған қалың қолдың Келестен ары-бері өткен жері «Сарыағаш» курорты маңында орналасқан. Осы тарихи орынды мәңгілікке есте қалдыру үшін,«Дархан» ауылының жанынан өтетін ха­лықаралық көлік трассасының арғы жағында бос жатқан он гектар жерде саябақ ашып, оның ортасына бірі хан, екіншісі қол­басшы болған ұлтымыздың мақтаныштары қос атқа мінген алып ескерткішорнатылса, шір­кін! Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп шипажайда емделіп жат­қандар, арнайы маршрутпен жүрген өзіміздің туристер, тойлары болатын күні зиярат жасауға келген жас жұбайлар осы ескерткіш алдындағы аңдатпаны оқыса, суретке түсіп естелік қалдырса, қазақтың кешегі тарихынан аз да болса хабары болып, елімізге деген мақтаныш сезімдері арта түсер еді.Сондай-ақ «Ақтабан шұбырын­ды, Алқакөл сұлама» заманын еске түсіріп тұратын алып ескерткіш Сырдарияға салынған көпірдің шығыс жағындағы қырқалардың біріндегі биік тұғырда тұрса керемет болар еді.Осы жаугершілікте бар қазақтың жартысы дерлік шейіт болды. Бұл ескерткіш сол құрбандарды еске түсіріп тұрар еді. Жан сауғалаған ағайынға пана болған осындағы елді, Сырдың жағаларындағы қамысты тоғайларды, Алқакөлдерді ұмытпауға себеп болар еді. Ең ­бастысы, еңсесі түскен халық осы өңірде есін жиып, қалмаққа қарсы бірігіп бас көтеріп, жаудың бетін кері қайтарған жер екендігін еске салатын орынға айналар еді.Осы бас көтеруге он жеті жасар Бердіқожа қатысып, бала батыр атанған. 1725 жылдан басталған әскери жорығы 1786 жылы ат үстінде жаудың қолынан қаза тап­қанға дейін жалғасқан. Мәлімет­терге қарағанда осы жылдар арасында шанышқылы Бердіқожа батыр 80 рет шайқасқа түсіпті. Абылай ханмен жас кезінен жолдас болып, жоғары қолбасшы дәрежесіне дейін жеткен, ең сенімді серігі болған. Осы сияқты бізге аты белгісіз батырлар аз емес. Міне, сол ұлан-ғайыр өлкеміздің әр аймағында халқына суықта пана, ыстықта сая болған біртуар перзенттерімізді түгендеу, жадымызды жаңғырту қазіргі алмағайып заманда өскелең ұрпақты рухани жұтаңдықтан сақтап, олардың бойында шынайы отансүйгіштік, туған жерге тағзым, ата-бабаларымызға құрмет сезімін сіңіруге септігін тигізері сөзсіз.Қазақстанды Орта Азиядағы және араб түбегіндегі елдермен байланыстырып жатқан көпір­ден өтетін бүкіл мұсылман қауымы осы жерде міндетті түрде тоқтайтын, әруақтарға Құран бағыш­тай­тын киелі орынға айналар еді. ­Ес­керткіштен ары қарай Сыр­дария­ның өн бойына салынатын жаға­жай, демалыс орындары мен кем­пинг­терге демалушылар мен ту­рис­терді де көптеп тартқан болар еді.Айтайын дегенім, қазіргі орта және жоғары білім беретін оқу орындарымыз жастарға ана тілі­мізді, отаншылдықты тереңірек үй­ретуді естен шығармаса екен.Өзінің елін, жерін сүймейтін ұрпақ болмауы керек. Ана тіліміз­дің қажеттілігін де бірінші орынға қоймасақ, көп нәрседен ұтыла­тынымыз анық. Сондықтан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында осы олқылықтарымыз бен кемшіліктерімізді жөнге келтірсек игі болар еді. Әл-Фараби бабамыздың бірінші кезекке тәрбиені қойғанын ұмытпай, сол ұлы сөзді басшылыққа алсақ екен. Туған жерді қадірлей білу, мән-маңызын түсіне білуді өскелең ұрпақтардың санасына сіңіріп, жүрегіне ұялата білсек, нұр ұстіне нұр болары анық. Осы тұрғыдан келгенде «Туған жер» аясында атқарылып жатқан көптеген іс-шаралардың барлығы түптеп келгенде өзіміздің шыққан тегімізді, халықтық қайнар-бастау­ла­рымызды танып-білуге жол ашатыны сөзсіз.


Комментарии


Комментариев нет.

Ваш комментарий:

Ваш IP адрес 54.81.44.140 будет сохранен вместе с комментарием