Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ақан серінің домбырасы


14 сентября 2017, 11:57 | 1 095 просмотров



Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Ақан серінің домбырасын музей қорына тапсыруға арналған салтанатты кеш өтті. Музейдің концерт залында «Ақан сері домбырасы музей сахнасында» тақырыбымен өткен шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев және басқа белгілі өнер қайраткерлері қатысты.

Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаң­ғыру: болашаққа бағдар» атты мақа­ласында «Ұлттық салт-дәстүр­ле­ріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен ­Құрманға­зы­ның күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген болатын. Осы орайда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ұлттық өнерді жасау­шы тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды жаңғыртып отыр. Ұлттық руханиятымыздың қалыптасып дамуына зор ықпалын тигізген, қазақ өнерін биік шыңға көтеріп соңында өшпес із қалдырған Ақан сері домбы­ра­сының музей экспозициясына қа­былдануы соның айғағы.Концертті жүргізген ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы: «Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде бұған дейін де ұлы тұлғаларымыздың қолдарына ұстаған аспаптары сақталып келсе, міне бүгін музей қоры тағы бір аса құнды жәдігермен толыққалы тұр. Бұл Ақан серінің өзі ұстаған домбырасы. Ендеше бүкіл қазаққа сүйінші дейік, қадірлі ағайын» деді.Ақан серінің әндері әуелеген керемет дәстүрлі кеш соңында сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек: «Шынында да бүгін керемет тарихи оқиға болып жатыр. Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бағытында үлкен іс-шаралар атқарылуда. Универсиада қарсаңында Алматы қаласында дәстүрлі музыкамызды, мәдениетімізді көрсететін Алатау дәстүрлі музыка театры ашылды, оның жанынан Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы ашылып, мемориалды аспаптар қойылды. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде де көптеген өзгерістер болып жатыр. Осынау тарихи ғимараттың бірінші қабатында қолөнерді дамыту қолға алынды. Дәстүрлі мәдениетті қолдау жалғаса береді» дей келе, қала әкімі Ақан сері домбырасын музей басшысы Ұлжан Байбосынованың қолына табыстады. Әй­гілі тұлғаның қара домбырасы му­зейдің «Мемориалды аспаптар залы­ның» экспозициясынан құрметті орнын тапты.Кешке келген көпшілік Ақан сері шығармашылығымен жақынырақ танысып, Арқаның ән-күйінен сусындап қайтты.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто