Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Рухани жаңғыру: Сананың ашықтығы


4 сентября 2017, 10:38 | 1 209 просмотров



Батыс мәдениеті әкелген «толеранттылық» немесе сананың ашықтығы идеясы қазақ елі үшін өте өзекті болып отыр. Өйткені көптеген ұлттар мен ұлыстар жиналған қауым өзгенің мәдениетін менсінбеуі мүмкін емес. Елдердің аралас-құраластығы олардың арасында экономикалық қатынастарды ғана емес, мәдени, рухани байланыстарды да күшейте түседі. Қазіргі уақытта бүкіл әлем толеранттылыққа тәрбиеленіп жатқандай. Жаңадан өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында кертартпалыққа қарағанда, өзгенің мәдениетіне қызығушылығы әлдеқайда жоғары, саяхаттауға құштар. Өзге елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін, табиғаты мен географиясын білгісі, көргісі келеді. Бүкіләлемдік толеранттылық ағылшын тілінің әмбебап тіл болып қалыптасуына әсер етті. Егер әлем халықтары толеранттылыққа тәрбиеленбегенде, ағылшын тілінің де үрдіс алуы қиындау болар еді. Елбасы мақаласында қарастырылған «сананың ашықтығы» ұғымының үш белгісі аталады. Оның бірі өзге мәдениетті игеру, көру, түсіну болса, екіншісі жаңа заман ағымына бейімделу, түбегейлі өзгерістерге бой үйрету, үшіншісі озық мәдени жетістіктерді үйрену, меңгеру. Адамның оқып білгенге, естіп түсінгінге қарағанда, көріп түсінген әлдеқайда әсерлі болмақ. «Көп көрген – көреген» дейді мұндайда халқымыз. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген мәтелдің астарында көзбен көріп, көңілге түйгеннің зердесі әлдеқайда зейінді екенін меңзейді. Сондықтан көбірек көруге, қызықтап қайтуға тырысқан игілік болмақ. Көп көргеннің таным көкжиегі кең болады. Көкжиегі кең тұлға алыстан байыптап, ұзақтан ойланатын болады. Мұны Елбасының мақалада айтылған ойымен сабақтауға болады: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.

Автор:
massaget.kz


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто