Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тарихымызды түгендейміз десек…


28 августа 2017, 11:05 | 1 056 просмотров



1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысында аса маңызды орын алатыны белгілі. Кейбір тұстарының кеңестік заманда бір жақты қарастырылғанына және кейбір аймақтағы көтерілістердің назардан тыс қалғанына қарамастан бұл көтеріліс кеңестік заманда да, тәуелсіздік тұсында да бостандыққа ұмтылған халқымыздың тарихындағы көрнекті белес ретінде орынды бағаланып келеді. Сондықтан да бұл көтеріліске байланысты көптеген әдебиеттер жарық көрді. Құжаттар жинақтары да баршылық.

Алайда кеңестік замандағы таптық концепция тарихнаманы бүлдіріп, осы көтеріліске қатысқан кейбір тарихи тұлғалардың бейнесін ескерусіз қалдырды ­немесе бір жақты қаралап баяндады. Сондай көрнекті тұлғалардың бірі 1916 және 1917 жылдары ұлт-азаттық қозғалысында белсенді рөл атқарған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы. Осы тарихи тұлғаның есімі шын мәнінде кеңестік заманда көмескіленіп толық айтылмады. Оның себебі Кейкінің аталмыш ұлт-азаттық қозғалысының басшысы болған Әбдіғапар Жанбосынұлының әскерінде мыңбасылық рөл атқаруы еді. Кедейлердің басшысы ретінде осы көтерілістің қолбасшысы (сардарбегі) Амангелді Үдербайұлы кеңестік жүйе тұсында барынша дәріптелді де, шын мәнінде осы қозғалысқа басшы болған Әбдіғапар Жанбосынұлы және Амангелдінің өзінің жақын серігі, мергендер жасағын басқарған Кейкі батыр назардан тыс қалды. Бұған тағы бір себеп – Кейкінің Әбдіғапар тәрізді 1917 жылғы оқиғаларда ұлттық қозғалыспен, яғни Алаш қозғалысы басшыларымен ниеттес болып, оларды қолдауы және большевиктік ұстанымға қарсы шығуы еді. Осыған байланысты кеңестік тарихнамада Кейкі батырға көзқарас дұрыс болған жоқ. Мұндай күрделі тарихи тұлғаның ұлт-азаттық қозғалысындағы тарихи орнын ашу тарихымыз үшін, аса маңызды болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының Міржақып Дулатов атындағы сыйлығының ­лауреаты Мақсұтбек Сүлейменұлының көп уақыт бойы жүргізген зерттеуінің маңызы зор. Бұл зерттеу жұмысы Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы қалаларындағы және Қазақстанның бірқатар қалаларындағы мемлекеттік мұрағат құжаттарымен және материалдарымен толықтырылған. Сонымен бірге автор көп жылдар бойы ел арасындағы Кейкі батырдың ұрпақтары ортасында таралған әңгіме-естеліктерді, жеке мұрағаттарды анықтап және жарыққа шығарып, қыруар жұмыс тындырды.

Осы іргелі зерттеу жұмысы Павлодар қаласынан «Кейкі Көкембайұлы» деген атпен жеке кітап түрінде жарық көріп, оқырманға жол тартты. Кітап үлкен-үлкен 9 бөлімнен тұрады. Осы бөлімдердің атынан-ақ бұл кітаптың құндылығы айқын байқалады. Зерттеуші пайдаланған зерттеулер мен материалдардың саны да қомақты. Олардың қатарында аталған архив құжаттарымен қатар көптеген әдебиеттер мен зерттеулер берілген. Кітапты көркемдеп тұрған Мажарстандық антропологтардың бас сүйек арқылы жасаған Кейкі батырдың бет-бейнесі деп айтар едік. Ол кітаптың мұқабасында берілген. Кітаптағы көптеген көркем фото-суреттер, құжаттардың фото көшірмелері, туған жерде Кейкі батырға орнатылған ескерткіштер еңбекті айшықтап, толықтыра түскен. Бір сөзбен айтқанда Кейкі туралы бұл еңбек қазақ оқырманының 1916 және 1917 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көптеген құпия тұстарын айқындай түсуіне айтарлықтай көмек көрсетеді. Бұрын тарихымызда осы кезеңнің ұлт-азаттық қозғалыстарын әңгімелегенде Әбдіғапар, Кейкі тәрізді тарихи тұлғалар кеңес үкіметінің қас жауы болғандықтан назардан тыс қалып келген еді. Енді, әрине, тарихи шындық салтанат құрды. Ресейден тарихи отанына қайтып келген Кейкінің басы тарихымызды қадірлейтін барлық азаматтарды ойлантуы тиіс. Мұндай маңызды шара өткен тарихтың тереңінде қалған Кейкі тәрізді талай асылдарымыздың денесін және басын елге қайтару туралы ойды қозғайды. Осындайда айтарымыз, іздейтініміз жалғыз қазақтың соңғы қаһарман ханы Кенесарының басы ғана болуы тиіс емес. Егер арғы бабаларымыз өмір сүрген түркі дәуіріне барар болсақ, Шығыс Түрік қағанатының қаһарлы қағаны Ел қаған (Ілік қаған – ҮІІ ғасыр) еріксіз еске түседі. Ол Қытайға қарсы жанкешті соғыста аңдаусызда қолға түсіп, Қытайдың Таң патшалығының астанасы Чаньанға жеткізілді. Оны қатал жазалау түріктермен қарым-қатынастарды шиеленістіре түсетінін түсінген қытайлықтар қағанға аң ­аулайтын қорық беріп, жақындарын түгел өзіне қайтарып еркіншілік берді. Алайда жат жерде осындай бейшара халге ұшыраған Ел қаған бұған көндіге алмады. Ылғи да оңаша қалып, туған жердің мұңлы да зарлы әуендеріне күйзеле бой алдырған ол, ауыр қайғыға берілді. Ақыры ешкімге керексіз болған бір кездері есімінің өзі ғана бүкіл қытай әлемін тітіренткен қаһарлы қаған көз жасын көл етіп, жат жерде ащы құсадан өлді. Қайсар тұлғадан айырылған түркі халқы да қаңғырып қалды. Ал енді бүгінде Қытай жерінен осы Ел қағанның қабірін іздейтін азаматтар табылар ма екен?Әйгілі Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жазбаларында «Ағам қаған» деген атпен ғажайып ерлігі баяндалатын «түрік халқын қайта орнатқан, қайта игі еткен, шығайды бай қылған, азды көп қылған» атақты Қапаған қағанның басы да Қытайда жатыр. Ол жойқын жорықтар барысында Қытайдың 23 қаласын жермен-жексен етіп, сан мыңдаған хансулықтарды түрік жеріне тұтқын етіп, топтап айдап келген, Темір қақпаға дейін басып алып, қаһарлы Түрік қағанатын қалпына келтірген Ұлы қаған еді. Ол туралы Мойынчордың мәтінінде мынандай жолдар бар: «Ағам – қағанмен (Қапаған қағанмен – Т.О.) бірге ілгері Жасыл өзенге, Шандун жазығына дейін жорық жасадық. Кері – Темірқақпаға дейін жорық жасадық. Барлығы жиырма бес рет жорыққа шығып, он үш рет соғыстық. Елдігін елсіреттік, қағандығын қансыраттық. Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік… Батыстағы Кеңү-тарбанға (Сарыарқаға) дейін түрік халқын біз анша қондырдық. Анша еттік. Ол заманда құл құлды болған еді. Күң күңді болған еді…». Міне, Қапағанның ерліктері Орхон жазуларында осылай баяндалады. 716 жылы Қапаған қаған өзіне қарсы көтерілген Байырқу тайпасының көтерілісін басып, қайтып келе жатқанда аңдаусызда тосқауылға тап болып қайтыс болды. Қытайлықтар оның басын әкелгендерге сыйақы беруге уәде бергендіктен, оны өлтіргендер қытай елшісі арқылы Қапаған қағанның басын Қытай астанасы Чаньаньға жөнелтті. Қытайлықтар бұған қатты қуанып Қапаған қағанның басын астананың кіре берісіндегі бас қақпаға іліп қойып, той тойлаумен болды. Осындай атақты қаһарман қағанымыздың басын іздейтін азамат қазақ арасынан бүгінде табыла қояр ма екен?Шығыс түріктерінің атақты қағаны Ашына Инанның басы да өзінің 54 қолбасшысымен бірге Қытайдың бұрынғы астанасы Чаньаньның Шығыс алаңында айбалтамен шабылды. Бұл бостандық үшін құрбан болған қасиетті бастарды іздейтін уақыт та туған сияқты.Бұл айтқандарымыз арғы тарихы­мыздың, яғни түркі дәуірінің тұлғаларына қатысты. Ал кейінгі тарихқа келетін болсақ, Кейкі мен Кенесарының басы тәрізді іздеу-сұраусыз қалған бастар да баршылық. Мысалы, қазақтың атақты үшінші ханы Бұрындық ханның өмірінің соңғы жылдарында Самарқандта тұратын кенже қызы Михр Сұлтан ханымның қолына көшіп барғаны белгілі. Аса бай, қолында вакфтік құжаты бар бұл қыз Бұрындық ханды, яғни әкесін өмірінің соңына дейін дұрыстап бағып-қақты. Ол ­туралы кезінде біз былай деп жазған болатынбыз: «Елден қол үзіп, елеусіз қалған Бұрындық қайтыс болған соң көп мұсылманның бірі болып, ешбір қошеметсіз, Үргеніш маңындағы қабірге жерленді». Ал енді осы Бұрындықтың денесін елге қайтару туралы мәселені Кейкі батырдың басы елге оралғанда қазақ қоғамында көтерілуі тиіс емес пе?!Сондай-ақ қазақтың белгілі хандарының бірі Тахир ханның денесі де Қашқария жерінде жатыр. Ол осында 1531-32 жылдары ешкімге қажетсіз, қайыршы халде қайтыс болып жерленген еді. Оның қабірін іздеп тауып, елге қайтару да бір маңызды мәселе. Қазаққа Тәуекел, Есім тәрізді айбарлы да айбынды хандарды тәрбиелеп, лайықты тақ мұрагерлерін кейінге қалдырған ірі мемлекет қайраткері Шығай ханның денесі де айдалада жатыр. Қазақ даласындағы билікті балалары Тәуекел хан мен Есім ханға тапсырып, Ходжент аймағына көшіп барған ол, жалғыздықты бастан кешіп, құса болып, ешкімге қажетсіз күйде 1582 жылы осында қайтыс болды. Баласы Тәуекел хан бастаған қазақ сұлтандары оның денесін Бұхараға жақын маңдағы Құшкент елді мекеніндегі Әулиеата қабіріне қойды. Бүгінде бізді мынандай сұрақ мазалайды: атақты Шығай ханның денесін елге қайтаруға кім атсалысар екен?Атақты тарихшы атамыз Қадырғали Жалаири жанында атқосшы болған ­Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммед хан қазақ даласынан ұрлап әкетіліп, Қасым қаласында билік құрғаны белгілі. Оған да жат жердің топырағы бұйырды. Ол қайтыс болған кезінде небәрі ­38-де еді. Шалғайда шалқып хандық құрған есіл ер – қазақ сұлтаны Ораз Мұхаммедтің денесі де өзі билік жасаған Қасым қаласында жатыр. Бүгінгі қазақ арасынан оны елге алып келетін азамат табылар ма екен?Есім ханның мұрагері, қазақтың атақты ханы, жоңғардың ірі тұлғасы Қалданға қарсы жекпе-жекте қаза болған Салқам Жәңгір ханның денесі де елеусіз қалды. Бұл туралы жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен болған үш жазушының сұхбатында жазушы Бексұлтан Нұржекеев ­Елбасына айтқан болатын. Телехабардан берілген бұл әңгімені бүкіл қазақ даласы көрді. Ханның денесі өзі кезінде қалмаққа қарсы қаздырған Орбұлақтағы Оқпаннан атшаптырым жердегі Сарыбелде малдың аяғына тапталып, елеусіз жатыр. Хан-батырдың басына алыстан көздің жауын алатын келісті күмбез орнатуды бүгінгі қазақтың мойнындағы төрт ғасыр бойы өтелмей келе жатқан қасиетті борыш ретінде атап көрсетер едік.Атақты Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханның денесі де елден аулақта жатыр. Ол 1790 жылы қайтыс болған соң Уфадағы мұсылман қорымына жерленген болатын. Нұралының ұрпақтарымыз дейтін бүгінгі қазақтар оның денесін елге алып келуді ойластырар ма екен? Шерғазы ханның денесі де Орынборда жатқанын ескертеміз.Тағдыры Кавказдың қаһарманы Шәмілмен ұқсас, Кіші жүзде аса беделді болған Арынғазы ханның денесі де айдалада қалды. Ханның орыстарға қарсы саясатын мақұлдамаған және оны халқы аса құрметтейтінін байқаған Петербор билігі Арынғазыны алдап шақырып алып, 1823 жылы мамырда ел аяғы баса бермейтін шалғай Калугаға жер аударып, мұны аса құпия ұстағаны белгілі. Қазақтың басын қосатын бірден-бір ірі тұлға, асыл азамат осылайша елден еріксіз оқшауланып, жазықсыз қорлаудың, түйсіксіз надандықтың құрбандығына айналып, он жыл бойы Калугадағы айдау азабынан қасірет шегіп, жат жерде қайтыс болды. Оның қабірін Калугадан іздеп, тауып елге алып келетін азаматтар бар ма екен?Міне, белгілі зерттеуші, журналист Сүлеймен Мақсұтбектің Кейкі Көкембайұлына арнаған іргелі де құнды еңбегін оқып отырғанда бізді осындай ойлар тебірентіп, тарих қойнауына қайтадан жетеледі. Айтылмаса сөз өледі дегендей!.. Тарихымызды түгендейміз десек Кейкі Көкембайұлының басының елге оралуы азаттық және тәуелсіздік үшін күресте құрбан болғандардың денесі мен бастарын елге қайтаруға жаңа серпін берер деп үміттенеміз.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто