Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт…


8 августа 2017, 05:17 | 6 366 просмотров



Саналы ата-ана үшін бала тәрбиесінен асқан маңызды шаруа жоқ. Яки әке де, ана да өз перзентінің ақылды, парасатты адам болуы үшін көп еңбектенуі қажет-ақ. Бірақ оның жолы қандай? Кімнен сұраймыз? Қалай үйренеміз? Бұл сауалдарға әркім әр түрлі жауап береді.Бізден бұрын өткен ата-бабаларымыз:«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» деп бекер айтпаса керек. Бала тәрбиесіне қатысты осы нақыл сөзді мүмкіндігімізше тарқатып жазып көрсек дейміз.«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт»Қазақ– ұрпақ тәрбиесіне әуелден ұқыпты қараған халық. Сол себепті де ер азаматтар мұндай жауапты істің басын ибалы, ұятын сақтаған жар таңдаудан бастаған. Жақсы әйелден жаман бала тумайды. Тектілік осыдан келіп шығады.Қай автордың болмасын, бала тәрбиесіне қатысты жазған еңбектерін қарап отырсақ, 3 жасқа дейін сәбидің психикалық даму процестері, мінезінің іргетасы, тұлғалық қаңқасы қалыптасып қояды. Сол себепті де қандай істе болмасын балаға ата-анасының тарапынан еркіндік беріп, оның бастамаларына түсіністікпен қарау керек. Қалам алып, қабырғаны сызамын десе де, алдына қойған тамағын шашып, төгемін десе де, бір сәт мұндай идеяларына құрметпен қарап, таңдау құқығын шектемеген дұрыс. Әдетте бұл тәрбие түрін жапон халқы мықты ұстанады.«Қой дедім саған», «Тентек болма» деген сынды ескертулерді үнемі естіп өскен бала көп жағдайда бұзық, ынжық, қырсық болып шығады. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт» деген сөздің мәні осы айтқандарымызға келіп саяды.«Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса»Әлбетте, «құлыңдай жұмса» деген сөз тікелей мағынасында емес. Алайда бес жасқа толған балаға ата-анасының талаптары күшейіп, тапсырмалар тізімі жасалуы керек. Өзіне тиісті жұмыстарды атқармаған күнде жазаланып отыруы тиіс. Осылайша жыл өткен сайын әке-шеше алдындағы жауапкершілігі артады. Ойлы бала әр ісіне ұқыппен қарап, еңбекке үйренеді.Ардақты Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бала кезде үйретілген нәрсе тас үстіне қашалған жазба сияқты» деген екен. Кім өзін қаншалықты құрметтесе, баласын да соншалықты құрметтейді. Қорқыту арқылы дегенін істету – жақсылыққа апаратын тәрбие емес. Ертең оның зардаптары болады. Қалай десек те таяқ арқылы жөнге салу басты құралға айналмауы шарт.Ақылмен жұмсай білу –кез-келген ата-анаға оңай соқпайды. Жас баланы аяқтаған жұмысы себепті мақтап отыру да оның кезекті бір тапсырмаға жігерін оятады. Орнымен сыйлық беру де тамаша тәсіл. Бірақ «былай істейтін болсаң ақша берем» деп оны сатып алудан абай болыңыз. Жас баланың таза жүрегі осындай әдістерден соң бүлініп шыға келеді.Қысқаша айтсақ, «бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса» деген сөздің астарында перзентіңді еңбекке баулы, жауапкершілігін арттыр, өзіне деген сенімділігін күшейт деген мән-мағына жатса керек.«Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас»Баланың ақылы кіре бастаған сәттен бастап онымен әкесі әке есебінде, анасы ана есебінде кей істерді ақылдасып, қандай да бір жұмысты кеңесіп барып қылса, бұл баланың оларға деген сенімділігін күшейтіп, сыйластығын арттырады. Қатып қалған қағида жоқ, негізі әр бала әр түрлі болып келеді. Қоршаған ортасына қарай олардың мінезі, қабілеті, тіпті есеюі де әр түрлі.Сенім – баланың отбасына деген махаббатын күшейтеді. Өзіңізді би санап, ал балаңызды құл секілді көруден аулақ болған жөн. Енді ол есейді, етек жеңін жинады. Сондықтан бөліскен ойларына, пікірлеріне, жоспарларына сыйластықпен қарап, мүмкіндігінше келісімге келіп отырған дұрыс-ақ.Ата-анасының жылуын сезінбеген балалар әр нәрсеге ұрыншақ келеді. Жамандықты тығылып жүріп істейді. «Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас»деген сөздің астарында балаңды өзіңе мейлінше жақын тарт, уақыт бөліп сөйлесіп, түсінісіп отыр, көңіліне кірбің салма деген мағына жатса керек.Баланы дүниеге әкелу басқа да, оны ары қарай азамат қылып шығару өз алдына басқа міндет. Үйлену қиын емес, сол шаңырақты берекесін кіргізіп ұстап отыру әлдеқайда қиын. Ол екі жасқа бірдей жүктелетін міндет. Сол себепті бәрінен бұрын отау көтереміз деген жастар ертеңгі ұрпақтың тәрбиесіне қаншалықты дайын, қаншалықты сабырлы, осы жағына мұқият ойланып барып қадам басу қажет.Алдағы уақытта жалпы ұрпақ тәрбиесіне қатысты әңгімемізді жалғастыратын боламыз.

Азамат Битан

Автор:
bakittiotbasi.kz