Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұлы бар аналарға 22 кеңес


8 августа 2017, 05:10 | 2 019 просмотров



1. Сезінген нәрсесін сөзбен айтып жеткізуге бейімдеңіз.Бала қажыған кезде айғайлауы, ұялған сәтте тығылуы, қорыққанда жылап, толқығанда тістеуі мүмкін. Оның өзін қалай ұстау керектігін тәннің мәжбүрлеуі екенін түсіндіріңіз. Дәл сондай сезім кезінде өзге адамдардың өзін қалай ұстағанын көрсетіңіз. Балаңызбен өз көңіл-күйіңізді әңгімелеңіз. Сонда ертең есейген кезде ашу мен ұялудың, көңіл қалу мен қайғының ара-жігін айыратын болады. Өзінің сезімдерін бақылап үйренеді. Оларды дұрыс сездіруге дағдыланады. Сезім үшін ұялмай, ешбір кінә сезінбей ашық айтуды меңгереді. 2. Балаңыздың ең сенімді жанкүйері болыңыз.Балаңыз мұны түсінбес бұрын талай мәрте оның мектептегі жетістіктерін айтып әлеуметтік желіні шулатарсыз, туған күнінде жақсы көретін әнін салып берерсіз, қыздардың көзінше бала күнгі суреттерін көрсетесіз. Бір күні ұлыңыз келіп: «Жетер, анашым, тоқта» дейді. Ол ұялар. Бірақ жер бетінде сізден артық жанкүйері, қамқоршысы жоқ екенін түсінеді.3. Ұлыңызға артын жинап жүруді, тамақ істеуді, шұлығын жууды, жейдесін үтіктеуді үйретіңіз. Бәлкім, мұның барлығын істеуге оның мұқтаждығы туа қоймас. Дегенмен, келіншегі анасына алғыс айтары сөзсіз. 4. Оған кітап оқып беруді, онымен бірге оқуды әдет етіңіз. Бала ата-анасының тізесінде отырып кітап оқығанды үйренеді. Балаңыз сіздің кітап оқығаныңызды көріп өскені абзал. Не оқығаныңызды оған айтып беріңіз. Өзіңіздің жақсы көретін жазушыңызды, ұнататын шығармаларыңызды ортаға салыңыз. Кітап оқудың маңызын жас кезінен санасына құюға тырысыңыз. Бірге оқыңыздар. Сосын бірге талқылап, қиялға бірге беріліңіздер. Балаңыздың жақсы көретін ертегі кейіпкерінің суретін салуға көмектесіңіз. Белсенді оқырман болуға үйретіңіз. 5. Билегенін мақтаңыз!Музыка, ырғақ, би – әр адамға түсінікті әмбебап тіл. Өз денеңе ие болу, онымен түрлі қимыл-қозғалыс жасай білу адамның үйлесімді дамуына септігін тигізеді. Балаңызбен бірге билеңіз. Оның алғашқы па-ларын мақтаңыз. Көңілін демеп жүріңіз! 6. Үлгі алуға тұрарлық жақсы адамдардың барына көзін жеткізіңіз.Ақылды, батыл, мықты, дарынды, адал адамдар туралы көп айтыңыз. Сондай адамдармен таныстырыңыз. Атақты жазушы, саяхатшы, зерттеуші, ғалым, суретші, ғарышкер, әртістер туралы көп әңгімелеңіз. Олар қалай өмір сүрді, жетістікке жету үшін қандай қиындық көрді, соның бәрін қалай жеңгенін тәптіштеңіз. Сыртқы әлпеттен гөрі жан сұлулығы маңызды екенін ескертіп отырыңыз.7. Балаңызға үлгі болыңыз.Сіз - балаңыз үшін нағыз қаһармансыз. Күмәніңіз болмасын. Бірақ кішкентай ұлыңызға сұлу, ақылды, адал екеніңізді күнделікті дәлелдеп отыру керектігін естен шығармаңыз. Сіз – ол үшін ең ғажап әйелсіз. Өзгелердің бәрінен бір саты жоғары тұрасыз. 8. Ұлыңызға әдепті болуды үйретіңіз:"рақмет" пен "оқасы жоқты" айтуды, әйелдерге көмектесуге ынталы болуын, орын беруді сізден басқа ешкім үйретпейді. Осылай істесе, ол айналасындағы әлемді әлдеқайда таза көзбен көретін болады. 9. Құдайға сенуді үйретіңіз.Ұл бала болған соң оның қорқыныш пен үрейді бастан кешпеуі мүмкін емес. Қандай да бір қайғыға ұшыраса, жаралы болса басқаны емес, анасын іздейді. Ал, сіз жанында бола алмасаңыз ше? Өзін жалғыз сезінгенде сенетін бір Алласы болуы керек қой. Сонда ол өзінің ешқашан жалғыз қалмайтынын біліп, сезініп өседі. 10. Кейде нәзік бола білу керектігін үйретіңіз. Кішкентай балаға, жануарларға, гүлдерге, өзге адамның сезіміне жылылық таныту маңызды екенін түсінуі қажет. 11. Бәрібір бұзатын болған соң заттарды алаңсыз бүлдіруіне мүмкіндік беріңіз.Егер балаңыз киімін кір қылып келген сайын оған ұрыссаңыз, бекер уақыт жоғалтасыз. Әрі баланың рухын сындырып аласыз. Адам өз күш-қуатын ашуға жұмсамағаны дұрыс. Бала ағашқа өрмелеп, лай суды кешіп жүріп өмір таниды. Бұл қалыпты үдеріс. Көніңіз. Қабылдаңыз. 12. Оның қызығушылығын тудыратын дүниеге мән беріңіз.Ол ұнататын футболды бүге-шігесіне дейін біліп алыңыз. Қай команданы жақсы көретіні, қай ойыншыны ерекше пір тұтатынын анық біліңіз. Оның сүйікті әнін, ол салатын пандалардың суретін салуды үйреніңіз. Оның өміріне белсенді атсалысқаныңыз жөн. Сыртынан көз қырын салатын бақылаушы болмаңыз. 13. Далаға бірге шығыңыз.Теледидарды өшіріп, ойынның бәрін тастап, фотоаппаратты қуысқа тығып тастаңыз. Далаға шығып, балаңыздың соңынан ілесіп отырсаңыз болғаны. Мұқият бақылаңыз, қандай әсер алатынын байқаңыз. Сұрақ қойыңыз, өмір туралы айтыңыз. Өзіңізге де, балаңызға да бұлай серуендеу ұнайтыны сөзсіз. 14. Ойнауға мұрсат беріңіз.Сіз қанша қаласаңыз да балаңыз үнемі жеңе бермесі анық. Сіз оған үнемі: «Көп жаттығу жасаған соң сен жеңімпаз болдың» дерсіз. Бірақ ол түсінбеуі мүмкін. Түсінбегіні де дұрыс. Өйткені, үнемі жеңе беру мүмкін емес. Дегенмен, баламызды көңіл қалудан сақтағымыз келуі де қалыпты әрекет. Бала өмірден әлі талай таяқ жейтінін білмейді. Дүние алма-кезек екенін ұғындырыңыз. Бұл жеңілуге дайын бол деген сөз емес. Тек жеңілгенде берілмеу керектігін үйрету. 15. Өзгеге көмектесуге мүмкіндік беріңіз.Көмектесуге мүмкіндік беру мен күштеп жұмсаудың айырмасы жер мен көктей. Мүмкіндік беру – жүрекке от жағады. Сол оттан бүкіл әлем жарық болады. Өзіңіз де бұл тұрғыда оған үлгі болып, басқаларға әрдайым көмектесуге дайын болыңыз. 16. Тәжірибе жинау жетістікке бастайтынын балаңызға түсіндіріңіз.Ол тек спорт пен музыкаға ғана қатысты емес, өмірде кездесер әр нәрседе солай. Дұрыс әдеттерді қалыптастырыңыз. Сонда ересек жігіт болғанда өмірлік түйткілдерді тез шешетін қайсар болып өседі. 17. «Неге?» деп сұрақ қойғанда міндетті түрде жауап беріңіз.Жауап беріңіз, білмесеңіз жауабын бірге іздеңіз. Ол жауапты қайдан таба алатынын көрсетіңіз. Туыстардан сұрасын, интернет, энциклопедиядан оқысын. Қарсы сұрақ қойыңыз. Өзі де ойлансын. Егер өзі ұялатын сұрақ болып, сізден сұрай алмаса, ол оны қайдан табатынын білетін болады.18. Әкесі басты нәрселерді үйретсін. Егер әкесіне баланың тәрбиесіне етене араласуға мүмкіндік берсеңіз, баланың санасында оның әкесі бәрін біледі деген дұрыс түсінік қалыптасады. Сіз әрдайым сүйікті ана болып қала бересіз. Бірақ ұл бала үшін әкенің жөні бөлек. Әке деген барлық сұрақтытң жауабын білетін адам. 19. Ішкі энергиясын шығаратын бірдеңе ойлап табыңыз. Дауылпаз немесе үй жануарларын әперіңіз, спортпен шұғылдансын. Естен танғанша алыса алатын нәрсе беріңіз. Әйтпесе ол сіздің бір затыңызды алып, бүлдіреді. Өзіңіз өкінесіз. 20. Балаңызды үнемі бірге ертіп жүріңіз:Жұмысқа, достармен кездесуге, саяхатқа. Әрбір көрген жаңа нәрсе оның жүрегінде із қалдырады. Ойлантады, жақсы естеліктермен есте қалады. 21. Бетінен сүйіп, құшақтап жүріңіз!Ұлы бар ананың бәрі сізге кішкентай баланың өте сезімтал болатынын айтады. Күні бойы ашуланып, ұрсып, қырсықса да, әйтеуір бір сәт өте мейірімді, сезімтал болатын кезі бар. Сондықтан балаңыз 2 айлық па, әлде 16 жастағы бозбала ма, бәрібір, оны құшақтап, бетінен сүйіп тұрыңыз. Әсіресе, еркелеп, тентектік жасаған кезде. Тым ерке болып кетеді деп қорықпаңыз. Ұлдарға ананың аялы алақаны ерекше маңызды. Олар үнемі махаббатқа зәру болып тұрады. Ұлыңыз жасы нешеде болса да анасының оны бетінен сүюіне болатынын түсінетініне көз жеткізіп алыңыз. 22. Анасы ұлының хан сарайы болуы керек. Ұлыңыз тәй-тәй басқанда анасынан бір-екі қадам ғана алыстайды. Сосын қайтып оралады. Тағы да әрірек жүреді де, қайтып келеді. Сурет салып үйренгенде анасының мақтағанын күтеді. Әріп үйренгенде бір кітапты анасына 20 рет оқып береді. Өйткені, анасы оны 50 рет тыңдауға дайын. Футбол ойнауды бастағанда жанкүйерлер арасынан сізді іздейді. Ауырып қалса, анасына қоңырау шалады. Бір нәрсені бүлдіргенде анасынан көмек сұрайды. Тіпті, үлкен жігіт болған кезде де өз сезімінен қымтырылмай, анасының иығына келіп жылауы мүмкін. Азамат атанып, өз үйі болып, үйінде әйелі болса да сіз оның анасы болып қала бересіз. Аспандағы күн сияқты ешқашан өзгермейтін мәңгілік жарығы, шуағы, от алатын пеші сіз – анасы боласыз.Аударған Шынар ӘБІЛДӘislam.kz сайтынан алынды.

Автор:
bakittiotbasi.kz