Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Берік Жетпісбаев: Міндетіміз - адам денсаулығы үшін ғылыми зерттеу жұмысын сапалы жүргізу!


31 марта 2017, 09:22 | 799 просмотров



Қазақта аңыз адам көп. Өзінің бар ғұмырын мамандығына арнап, қазақ елінің тарихында алтын әріптерімен аты жазылған әр сала майталмандары баршылық. Оның бірі - Серік Ақшолақов. Еліміз бойынша талай жанның өмірін ажалдан арашалаған ғалым, нейрохирург Серік аға Ақшолақовты білмейтін жан кемде-кем. Ол кісі туралы жазылған мақала, сұхбат, бейнебаяндар жетіп артылады.  Бүгін біз осы кісі басқарып отырған Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының  «көзге түсе бермейтін»  Патологоанатомиялық  бөліміне  ат басын бұрған едік.

Сонымен «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Ұлттық медициналық холдинг параклиниканың үздік дәрігері»  диплом иегері, Израиль, Литва, Ресей елдерінде білімін жетілдірген, жоғары білікті категориялы патологоанатом-дәрігер, Патологоанатомиялық бөлім меңгерушісі  Берік Барлыбайұлы Жетпісбаевты әңгімеге тартқан едік.

 -Берік Барлыбайұлы, алдымен алтын уақытыңызды бөлгеніңізге үлкен рахмет айтамын! Аты сирек аталатын патологоанатом – дәрігер маман иесі болуға не түрткі болды?

-Мен Астана медицина академиясын тәмәмдадым. 3 курстан бастап мені патологиялық анатомия жасушадан тұратын ғылым қатты қызықтырды. Сөйтіп «Патологиялық анатомия» үйірмесіне жазылуыма тура келді. 5 жыл бойы сол үйірмеден қол үзгенім жоқ. Ол кезде ұстазым, әрі кафедра меңгерушісі Сәуле Нұрғалиқызы Қадырова болатын. Санкт-Петербург қаласында білімін жетілдірген, өте білімді ғалым, профессор Сәуле Нұрғалиқызы осы қызыққан мамандыққа сүйіспеншілігімді «оятқан» еді. Бала күнімде «Секретные материалы» фильміндегі агенттер Малдер мен Скаллидің адам денелерін тіліп, тергеу жүргізгендері де түрткі болды. Қолыма диплом тиген соң, алғаш дәрігерлік өмірім Астана қаласының «Патологоанатомия бюро» мекемесінде басталды. Кейін Сол жағалаудан Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылады дегенді естіп, бағымды сынап көрмекке Серік Қуандықұлына келдім. Ол кісі біраз білім мен тәжірибемді байқап, жұмысқа қабылдады. Содан бері 9 жыл өтіпті. Өзіме ұнайды. Басшылық және әріпестерім жақсы. Осындай ұжымға тап болғаныма қуаныштымын!

 -Патологоанатом дәрігердің өзге дәрігерлермен айырмашылығы неде? Жалпы, патологоанатом деген қандай медицина мамандық иесі?

-Айырмашылығы дейсіз бе?... (Біраз үнсіздіктен соң-авт.) Шетелде патологоанатом деп сотмедициналық сарапшыны атайды. Ал биопсияларды зерттейтін дәрігер «pathology» деп аталады. Ал бізде атауы дұрыс берілмеген. Мүмкін болашақта ауыстыратын болар?! Ал өзім қорытындыға «дәрігер» деп қол қойып, мөрімді басамын. Патологоанатом деген сөз қатаң естілетіндіктен мен оны жазбаймын. Бұл жеңіл мамандық емес екенін атап өткен жөн. Неліктен деп сұрайсыз ғой? Өйткені, қорытынды диагнозды біз қоямыз. Мәселен, бір дәл осы сәтте емделушіге ауруханада операция жасалынып жатыр. Әйел адамға сүт безіне операция жасау кезінде біз экспресс-биопсияны зерттейміз, оның нәтижелері бойынша онколог дәрігер барлық сүт безін, не оның бір бөлігін алып тастауды шешеді. Егер қатерлі ісік болса, кейіннен химия және сәулелік терапия алуы қажет. Экспресс-биопсия 15-20 минут ішінде жүргізіледі. Бұл ретте қателесуге болмайды! Әрбір гистологиялық препарат − адам өмірі! Біздің мамандығымыздың қаншалықты күрделі екенін байқап отырған шығарсыз. Сондықтан да патологоанатом дәрігердің білімі өте жоғары болуға тиіс!

Әрине, «Бәрін өте жақсы білемін, жоғары дәрежелі дәрігермін, менікі дұрыс!» деп айта алмаймын. Күрделі жағдайларда мен әріптестеріммен ақылдасамын, пікір алмасамын және оның негізінде шешім қабылдаймын. Өйткені адам өмірімен ойнауға болмайды! Пациенттермен диалог жүргізу керек, оларға қойылған қорытындыны түсіндіремін. Ал күдік туындаған жағдайда оларға басқа елдерге, мысалға Ресейге немесе Израйльге барып қосымша кеңес алуды ұсынамын. Патогистологиялық диагноз клинико-анатомиялық синтез негізінде қойылады. Сол себепті біздің Орталықта әрбір дүйсенбі күні Медициналык директор Талгат Тұрарұлы Пазылбековтың басшылық етуімен клиникалық талдау жүргізіледі.

 -Пациенттер көбінесе «Ажалдан аман алып қалды!» деп медицина саласының клиникалық дәрігерлерін мадақтайды. Ал, Сіздер көлеңкеде қалып қоятын секілдісіздер...

-Иә, біз «сахна» сыртындамыз! (жымиды-авт.). Негізі біз «сыртқа шығуды» қаламаймыз!

 -Жұмыс күніңізбен таныса отырсақ...

-Күніне Орталықтың бөлімшелерінде жасалып жатқан операцияға байланысты шамамен 2-8 экспресс-биопсия жасаймыз, көптеген гистологиялық және иммуногистохимиялық препараттарды  зерттейміз.

 -Қазіргі кезде елімізде қандай кесел түрінен тұрғындарымыз көз жұмуда?

-Өзекті сұрақ! Өкінішке орай, бірінші орында жарақат және жарақаттану, жүрек-қан тамырлары ауруы. Екінші орында – сәби дүниеге келгендегі перинаталдық кезеңде орын алатын. Үшінші орында - қатерлі-ісік болып отыр.

 -Мен үшін жұмысымның маңыздылығы.... деген ойды аяқтасаңыз.

-Білесіз бе, медицинадан алыс жандар біздің жұмыс тек адам сою ғана деп түсінеді. Алайда, біздің негізгі жұмысымыз – операциялық-биопсиялық материалдарды гистологиялық зерттеу болып табылады. Біздің жұмыс зертханалық, ғылыми тұрғыда зерттелетін еңбек. Жұмысымыздың тағы да бір маңызды бағыты - адамның мәйітін патолого-анатомиялық ашу. Бұрын әрбір қайтыс болған адамның мәйітін патолого-анатомиялық ашу міндетті түрде жүргізілетін. Бірақ, Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі шыққаннан кейін адамды тек туыстарының өтінішімен ғана тілуге болады. Ал міндетті түрде адамның мәйітін патолого-анатомиялық ашу ана және нәресте өлімі, сондай-ақ өте қатерлі жұқпалы ауру себебінен болған өлімге қатысты жүргізіледі. Негізі әлем бойынша ана мен бала өлімі ең маңызды болып саналады. Себебін білу міндетіміз! Тіптен туыстарының қарсылығына қарамауға да құқығымыз бар. Туысқандары адамның мәйітін патолого-анатомиялық ашуға тәуелсіз сарапшыларды  тартуға құқығы бар. Өлімнің кез-келген жағдайы «Өлім жағдайын зерттеу комиссиясы» отырыстарында және клинико-патолого-анатомиялық конференцияда талқыланады. Тағы бір айта кететін жайт, егер адам аяқ астынан: жарақат, улану немесе т.б. жағдайда қайтыс болғанда: Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы (АҚТҚ), Жұқтырылған Қорғаныш Тапшылығының Белгісі  (ЖҚТБ) және өзгеде қоғамға зиян, жұқпалы  ауру анықталса, біз дереу Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығына, Ішкі істер басқармасына, яғни ресми органдарға хабарлауымыз қажет.

 -Жалпы мұсылман халқы «туысына» пышақ  тигізбеуге тырысады емес пе?

-Ал, негізі «пациентке» пышақ тигізу, тигізбеу туралы мен арнайы мешітке барып білдім. Шариғат жолын ұстаған, білетін молдалардан сұрастырдым. Олар Құранда «Адамды союға болмайды! Пышақ тигізуге жол жоқ!» деген сөз болмаған деді!  Осы тәжірибеге сүйене отырып қазіргі заманауй медицина дамып отыр.

 -Берік Барлыбайұлы, осы мамандық иесі болғалы өмірге, адамдарға жалпы қоршаған орта туралы қандай ойға келдіңіз?

-Жақсы сұрақ. Рахмет! Патологоанатом болғаннан бері түсінгенім өмірді бүгін сүру керек және кейінге қалдыруға болмайды. Позитивті ойлау қажет! Әрине, болашаққа ой салып көрген дұрыс. Өмір, күндер өтіп жатыр. Ол мүмкін 1 сағат, 1 күн немесе жарты жылдан кейін тоқтауы мүмкін ғой?! Сондықтан бүгін және қазір өмір сүру керек! Өмірді, отбасыңды сүй,  жақын адамдарыңды құрметте. Тек жақсылық ойла!

 -Бірде Қазақстан бойынша ең жоғары жалақы алатын мұнай өндірушілер, 2- бизнес-консалтинг, 3- заңгер, 4-ақпараттық технология, 5-маркетинг және PR, банкир мен құрлысшылардан кейін дәрігерлер тұрады екен. Міне, қызық осы маман иелерінің барлығы бас ауырып,  балтыр сыздаса Сіздерге келері анық. Кадр мәселесі Сіздер үшін өзекті болар?

-Ия, өзекті мәселе көтердіңіз! Шынымен кадр мәселесі бар. Шындық! Оның ішінде біз бүгін сөз етіп отырған патологоанатом маманы өте аз. Өзіңіз айтқандай дәрігерлер айлығы барлық жерде бірдей және аз. Керек десеңіз біздің мамандық күрделі және беделді емес! (жымиды-авт.). Бұл мамандықты тек жүрек қалауымен және шыдамдылығымен беріле істейтін маман ғана атқарады.  Негізі адам өзі  қалаған кәсібімен айналысқанда ғана, өмірдің  биік шыңдарын бағындырады!

Медицина саласы өзге мамандықтармен салыстырғанда ауыр және өте жауапты  мамандық. М.Әуезов «Ұстаз - ұлы есім» деді. Сұрағым, сізге сапалы білім және бағыт-бағдар берген ұлы есімдер кім екенін білсек?

-Әрине, бұл оңай жол емес. Қажырлы қайрат және шыдамдылықты талап етеді. Жоғарғы оқу орынында оқуды бастап, орта жолдан шыдамай тастап кететіндері қаншама? Немесе патологоанатом дәрігер болып қысқа уақытта фармацевтика компанияларына немесе өзге мамандыққа ауысып кетеді. Ал, менің өмірімде ұстаздық із қалдырған, басшы және әріптес бола жүріп көп нәрсе үйреткен жандарға ризамын. Өмір жолымда ұстазым Сәуле Нұрғалиқызы Қадырованы, алғаш қызмет еткен Астана қаласының «Патологоанатомия бюро» басшысы Баян Жағыпарқызы Әлімбаеваны және атақты ғалым, медицина саласында өзіндік ойып тұрып орын алған Серік Қуандықұлы Ақшолақовты кездестіргеніме ризамын! Жалпы мен өмірімде көбінесе жақсы адамдарды кездестіріп келемін!

-Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Автор:
Сәния Сүлеймен, Астана қаласы


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто